Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қаракерей Қабанбай батыр (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Қабанбай елінен аулақ сапарда жүргенде ежелден өштесіп, кек сақтап, қапысын тауып, аңдып жүрген қырғыздың Аманәлі деген батыры Қабанбайдың елін шауып, егер қылады. Қызын қатын, қатынын жесір, баласын жетім етіп, ел намысын аяққа басып, ар-намысына дақ салып, ер жүрегіне кешірілмес кек отын тұтатады. Ат жалын тартып мінгеннен-ақ жауына елінің кегін жіберіп көрмеген ел қорғаны Қабанбай батырға бұл қорлық қатты батады.

Қарт батыр қаһарланып, халқына хабар айтып, жауына аттанбақ болады. Қабанбайдың хабарын естіген қазақтың атақты батырлары тұс-тұстан аттанып, Қабанбай туының астына жиыла бастайды.

Ел-жұртын жаулар шауып алғаннан соң,
Қайғылы боп қан жұтты қарт Қабанбай.
Мұрыннан келген екен ер Боранбай,
Ақылын әлі де отыр түзей алмай,
Жауымнан қалам ба деп кек ала алмай.
Жиылды тамам батыр дегеннен соң,
Келіпті қанжығалы қарт Бөгембай.

Көкжарлыдан көкжарлы Көкжал Барақ, Шақшақұлы Жәнібек батыр келді, ақылгөй Бұқар жырау да келді. Ел кегін қуған ерлердің ұлы дүбір жорығын естіп, сексен сегіз жасында Бұқар жырау шыдап жата алмай, аттанады.

Тауында Мерген ата арқар, құлжа,
Жігіттер аттанатын тегін олжа.
Жиылды тамам батыр дегеннен соң,
Келіпті Шанышқылы Бердіқожа.

Қабанбайдың батыр інісі—ту ұстаған Дәулетбай, найманнан Жантай батыр келеді. Қазақ халқының қол бастаған батырлары, топ бастаған көсемдері, сөз бастаған шешендері түгел жиналады.

Ертістің арғы жағы күлдір самай,
Мылтығы Кенекемнің күлдір мамай.
Жиылды тамам батыр дегеннен соң,
Аттанды жұртқа тап боп хан Абылай.

Қабанбай өзінің сенімді, жорықта сыналған жан серігі, ер қанаты Қубас атын мінеді, өз қасына жолдастыққа Шағалақ батырды алады.

Қабанбай Қубас атты тағалатты,
Бір өзін он мың ерге бағалапты.
Ат ерттесе, тоқымын аудармапты,
Қасына жолдасқа алды Шағалақты.

Қабанбай батыр бастаған қазақтың ығай мен сығай ерлері ту алып, тұлпар мініп, егескен жауының еңсесін басып, кегін алу жорығына шеру тартып жүріп кетеді.

Қасына ертіп алды өңшең ерді,
Топ жарған өңшең бағлан, кемеңгерді.
Ыза кегін қырғыздан кеп алмаққа,
Тұп-тура Алатауға жөнелді енді.

Батырлар күні-түні жолбарыстай жортып Алатауға келіп, жауына кездесе алмай, жау жерінде айлап жатады. Ат арып, тон тозып, ас-суынан да кемшілік көріп, ерлер байлаудағы арыстандай құса болады. Бөгембай, Барақ сияқты бас батырлардың шыдамы тозып: «Далада атымызды сойып жата алмаймыз, жауыңды алдырмайсың, қайтуға рұқсат бер!»—дейді Қабанбайға. Қабанбай бұларға тоқтау айтып, жауды алмай елге қайтуға рұқсат бермейді.

Соны айтып ер Қабанбай күлімдейді,
«Қой, қайтпайық, сабыр ет, інім!» дейді.
Сол күні жел жоқ, бұлт жоқ шаңқай түсте
Ақ туы Қабанбайды дүрілдейді.

Қабанбай сонда тұрып айғай салды,
Қубасқа «биссмилла» деп мініп алды.
«Бір қырғын шаңқай түсте болады» деп,
Ақ туын дүрілдеген жеті айналды.

Бозбала, тез-тезінен қамдан дейді,
Туымның сыры мағұлым болған дейді.
Бір қырғын шаңқай түсте болады екен,
Жігіттер, атыңды ерттеп қамдан дейді.

Аңсыраған қырандай жауды аңсаған ерлер, қанды майдан ұрысқа қамданады. Қарауылға кісі жіберіп, жау хабарын асыға күтеді. Сол кезде көшіп келе жатқан бір тайпа ел көрінеді. Жау қарасын көріп қуанған ерлер аттарына асығыс аттанып, ұрысқа даярланып, көш алдынан шығады. Бұл көш кешегі Қабанбайдың елін шапқан, аңдыған жауы Аманәлі батырдың көші болады.

Аманәлі батыр інісімен араздасып, бөліне көшкен бетінде аңдып жүрген жауына абайсызда кездеседі.

Аманәлі—самсаған сар қолдан беті қайтпайтын еңіреген ер, қамал бұзған қайсар батыр. Көшінің алдын тосқан қаптаған жауына суырылып жеке дара жалғыз шабады.

Аттанды ер Қабанбай туын алып,
Батырлар жау келді деп бек қуанып.
Алдында қамап тұрған жауды көріп,
Бір батыр көштен келді шыға салып.

Астында көк тұлпар бар қатқан жарап,
Бір өзін шыға келді мыңға балап.
Айбатын шыққан ердің көргеннен соң,
Ешбір жан шыға алмады оңашалап.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз