Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тәттібике (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Тәттібике шешімін ел алдында былай жеткізеді:

—Туған елім, қалың берген қайын жұртым. Қара жамылған қалыңдық болсам да сөйлемеске ылажым жоқ. Ең әуелі әкеме қояр шартым бар, келіссе ғана айтамын.

—Қызым, кез келген жігіттің қолынан келе бермейтін ерлікті жасадың. Қандай шартың болса да қабыл алдым. Сөйлей бер,—дейді әкесі.

—Онда әлгі малыңды айдап әкеткелі болған қарақшыны ел алдына әкелсін. Олар менің қыз екенімді білсін!—дейді.

Ұрыны ел алдына алып келгеннен соң, Тәттібике оған былай дейді:

—Әй, қарақшы! Ауылымызға келіп, асымызды ішіп алғаннан соң қараушысы аз малымызға ие болғыларың келді. Екі жылқышымызды да өлтірдіңдер. Енді сенің өмірің менің қолымда. Өлтірсем бе, құлағыңды құнтитып кесіп, құл етемін бе бұл менің еркімде. Менің қыз екенімді көріп тұрсың. Енді менің саған қояр талабым мынадай: біздің жазықсыз өлген жылқышыларымыздың бала-шағасына құнын төлеңдер. Әр қайсысына бір үйір жылқыдан (ол әр үйірде он бес-жиырма жылқы) төлейсіңдер. Сендерден өлген қарақшыға құн төленбейді, өйткені сендер адамымызды жазықсыз өлтіріп, малымызды айдап кеткілерің келді. Осы айтқанымды жарты айдың ішінде орындасаң, өлген жолдасың екеуіңді еліңе жіберемін, егер орындай алмасаңдар, еліңді шауып күшпен жауласып тартып аламын депті.

—О, айналайын үкіміңе құлдық, айтқаныңның бәрін уақытында орындаймыз,—деп қарақшы ант беріпті.

Қос қарақшы біреуі өлідей, біреуі тірідей атқа мінгізіліп жіберілген соң Тәттібике енді қайынжұртының алдына өз талабын қояды:

—Аллаға аян балаларыңыз Қалымбетті Құдайдың өзі алды. Ара түсер айлам болмады. Бір жыл әруағын күтіп, асы берілген соң әкем бас бостандығымды өзіме беріп отыр. Мен сіздердің елге келін болып түсу үшін алдымен Қазымбет пен оның жас жұбайына қояр шартым бар. Соған келіссе ғана әмеңгерімнің ауылына барамын.

Қырғызәлі де, оның екінші ұлы Қазымбет те, келіншегі де «айтыңыз, айтыңыз» деседі.

—Аталарымыз құда түскенде, құйрық бауыр жегенде, мен ата-анамның қалауына көнгенде тоқал болу ешкімнің де ойында жоқ еді. Қалымбет мырза тірі болғанда ауылдарыңызға үлкен абысын болып түсетін едім. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деген. Жолы жіңішке болып әйел жаратылыпты. Қазымбетке әншейін ғана ерге шыға қалсам, тоқал атанамын, күндес боламын. Ал бір еркектен туса да екі әйелдің балалары екі рулы ел болып жүр. Менің тоқал болып, Домалақ анадай бәйбішеден таяқ жегім келмейді. Құрбым, сен мені абысындай қабылдап, байыңды қызғанбасаң ғана, тоқал көрмесең ғана ауылдарыңа барамын. Түскен үйімнің босағасын Қазымбеттің емес, ағасы Қалымбеттің босағасы деп аттаймын. Өзің бойың қарағайдың талшыбығындай бұралған сұңғақ келіншек екенсің. Көрген аяным—сен де екі ұл табасың, мен де екі ұл табамын. Сол тапқан балаларымыз да қарағайдай болып өсер.

Сенен туған екі ұл, олардың ұрпақтары да бай, батыр да болар. Қасқа айғырдың құлыны ең болмаса төбел болып туады. Бәйдібек, Дулат бектердің ұрпағысыздар. «Жігіттің жақсы болмағы нағашысынан, үйдің жақсы болмағы ағашынан» дегендей аралас-құралас жақсы елдің қыздарын алса, сенен өрбіген ер балалардан би де, бек те туар, әрі сауықсайраншыл саятшыл келер.

Ал менен туған екі ұл да, олардың үрім-бұтағы да бай да, батыр да болумен қатар еліне билігі, бектігі арылмас құт болар. Билік пен бектіктің жөні бір басқа, бақтың ұлылығы да сол бектік пен билік қой. Би мен бектің алдына бармайтын жан жоқ. Басқа қонған бақсы тек ынтымақты ағайындар ғана ұстап тұра алады. Төмен етек ұрғашы болсам да батырлығым да, байлығым да бір басыма жетеді. Алып анадан туады. Сондықтан да болашақ ұрпақтың қамымен күндес болмай, абысын болуды қаладым.

Қазымбеттің әйелі жұрт алдында Тәттібикенің шартына келісіп, ант береді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз