Асан қайғының қызы Жұпар (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Асан қайғы жеті жыл желмая мініп, жер қарап Жиделібайсынды ұнатып, халыққа айтып отырғанда он бес жастағы Жұпар деген қызының ұғып, сезген істері.
Асанқайғы деген кісі жеті жыл желмая мініп, қоныс қарап ұнатқан жері Жиделібайсын деген жер екен. «Құдай жаратқан жердің оңдысы. Адам жүзге келмей өлмеген, қойлары жылына екі қоздаған, жер шүйгіні сол екен»,—дегенде, халық: «оған қалай жетеміз»,—депті. Асан айтады: «Оған жету оңай, малды үш жыл ту қылып желдендіріп, жылқыға айғыр салма, қойға қошқар қоспа, түйеге бура қоспасақ болады»,—дегенді халық ауыр көріп, көшпейді. Әкесінің бұл айтып отырған сөзін кесте тігіп отырған қызы Жұпар ұғып отырады.
Сол Жұпар сұлуға Айшора деген бай Ерназар деген баласына құда болып, он жеті жасқа келгенде алып береді. Желек астында отырған Жұпар келіншек Ерназарға:
—Сіз халықты аралап жүріп сұлулығы менен де сұлу бір қызды қалыңдық қып айттырып ал!—дейді. Күйеуі Жұпардың бұл сөзіне нанбады. Жұпарға:
—Сіз аспанның қызы, сіздей сұлу табыла қоя ма?—деді. Ақыры сөзбен күйеуін нандырып:
—Не дегеніңіз, ел болған соң табылмай ма?—деген соң, күйеуі ел аралап жүріп бір байдың қызын айттырып алады. Жұпар:
—Енді мынадан да сұлу әйел ал!—дейді. Ерназар:
—Енді маған әйелдің қажеті жоқ,—дейді. Жұпар:
—Саған керексіз болғанымен, маған керек,—деп, болмай тағы бір әйел алдырады. Үш әйел Жұпарды құрметтейді, тату-тәтті өмір кешеді. Үш әйел арасы бір жасардан әрбірі он бес ұл табады. Үшеуі қырық бес ұл табады. Жұпар қырық бес ұлға қырық бестен қылыш, найза, сауыт, дулыға, садақ, қорамсақ жасатады.
Жұпар бір күні күйеуіне:
—Менің әкем жеті жыл желмая мініп, жер шарлаған екен. «Тапқан жерім—Жиделібайсын деген жер бар екен: тайы құлындайды, тайлағы боталайды, тоқтысы қоздап, мал кіндігі үзілмейтін, ұрыстан аман болатын жер екен» деп еді. Қалай жетеміз, алыс деп еді, әкем: «қойға қошқар, жылқыға айғыр, сиырға бұқа, түйеге бура қоспай үш жыл малды желдендіріп көшсе, жетеміз» деген еді. Мен ішімнен ерге тиген соң: «Құдай жеткізсе, атам айтқан Жиделібайсынға барармын» деп, сол ойлаған ойыма Құдай жеткізді,—деп малды желдендіріп алып, малға еркек мал жібермейді. Жиделібайсынға ауып кеткен екен. Көшіп Жиделібайсынға да жетеді. Шеттен тоқтамай «Хан қорығы» деген жерге келіп қонады. Басқаларды басқа жаққа тастайды. Ол уақ хан болып тұрған адам Ақшахан деген екен. «Қорықтан көшір!» деп адам жібереді. Келген адам қараса, бір еркек, бір әйел ғана. Келген адам оларға дереу көшуге бұйырады. Жұпар:
—Жолаушы едік, ат бұрлыққан соң түсіп едік, әзір кетеміз,—дейді. Ханға айтқан соң, хан жата береді. Жұпар кеште барлық көшті қорыққа қондырып, үй тіктіріп, екі тоқалды екі жағына алып, жатақты бұрынғыдан да артық жасатып, әбден жайланып тойған соң, балаларын отырғызып былай деген екен:
—Шырақтарым, бөтен елге, көрмеген жерге келдік. Жолаушы—елден көп болмас, шұқанақ—көлден көп болмас» деген. Кеше жалғыз арбамен келген біреу көш дегенде, қазір көшеміз деген едім. Осынша көп ұл, малды көрген соң хан көп адаммен «көшіңдер!» деп келер. Сендер ертең таңнан тұрып, атқа мініңдер. Үйде болмаңдар. Бестен үшке бөлініп, өзімнен туған он беске ақ ат, ақ шапан, ақ тұмақ киіңдер. Ортаншыдан туған он беске қара ат, қара шапан, қара тұмақ кидіріп, кіші тоқалдан туған он беске күрең ат мінгізіп, күрең шапан кигізіп ұйықтап қалмай, ауылға қараңдар. Кісілер келіп, үйге кіргенде үздік-создық болмай, бірдей келіп әдеппен сәлем беріңдер. Өздіктеріңмен араласпай, бөлек отырыңдар. «Адам ақылы көзінде» деген. Жабайы адам тәрізденбей, жадырап тұрыңдар!—деп балаларына ақыл айтып, малды қорыққа қоя беріп, жатып қалады.
Жұпар таңнан тұрып, балаларын тұрғызып, атқа мінгізеді де жібереді. Өзі жатып қалмай хан жаққа қарап тұрса, шапқан көбейіп, хан елі жиналып ауылға келе жатады. Хан келе жатқан жолға Жұпар кілем төсеп, өзі хан алдынан шығып ордасына түсіріп, ордаға кіргізеді. Орда төріне он бестің қаруларын іліп қояды. Үйдің екі жағына қалған екінші он бес қару-жарағын іліп қояды. Хан ордаға кіріп, бұған қарап отыра береді. Хан: