Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тәттібике (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Бұл өзі ертерек ХV ғасырдың аяғында, ХVІ ғасырдың басында қазақ елдігінің тірегі шайқалмай, жоңғар қалмақтарының шабуылы онша өршімей тұрған кезде болған оқиға еді. Қаратаудың күнгей бетінде, шымыр руының Шынқожа атасының Қырғызәлі баласының көп малмен жайлауда болып, күздің аяғына таман Ташкент айналасындағы қыстауға көшуге ыңғайланып жатқан кезі болатын. Бай Қырғызәлі тете өскен ұлдары Қалымбет пен Қазымбетті қатар үйлендірмекші болып үлкен тойға дайындалып жатқан. Болашақ екі келіні үшін екі қырық жетіні матай айдап, қалыңмалдарынан түгел құтылып қойған. Мұндай жағдайда күйеужігіттердің қайынаталарының ауылына ұрын барып, сый-сияпатпен жеңгелерінің аузын алып, қалыңдық ойнауға құқы бар болған. Бұл—қазақтың ескі салты. Сол Қырғызәлінің ұлының бірі Қалымбет қалыңдығының ауылында жүргенде ауырып қалады да, інісі Қазымбет келіншегін бұрын түсіреді. Ал Қалымбет қайыната ауылында өзін айналдырған дерттен қайтыс болып, айттырған қалыңдығы Тәттібике ақ босағаны аттап үлгерместен қара жамылады.

Тәттібике ақылына көркі сай, жігер-намысы, батылдығы батыр жігітке бергісіз болып өсіпті. Міне, енді осы Тәттібике айттырылған күйеуінің найзасына қаралы шашақ тағып, ақ отауының қасын байлайды. Басқа қару-жарағын отауының ішіне іліп қояды. Сөйтіп, жыл өтеді. Қалымбетке ас беріліп, Тәттібике ауылының игі жақсылары, бас көтерер азаматтары құда ауылына асты өткізісуге аттанады. Жылқылы бай ауылдың осы бір оңтайлы сәтін аңдыған бірнеше ұры жігіттер шеткі бір үйден сусын ішіп, жай-жапсарды біліп алып, кештете қыруар малды алдына салып, қуа жөнеледі. Малды қайырған екі жылқышы жігітті өлтіріп кетеді. Осыны естіген қаралы қалыңдық Тәттібике қаза болған күйеуінің сауытын киіп, құрал-сайманын асынып, құйрық жалы күзелген қаралы атқа мініп, қарақшылардың артынан қуады.

Ұрлықшылар Тәттібикенің қыз екенін білмей, қуып келе жатқан оған найза салады. Жасынан әскери машықтанған қыз көк сүңгілерді денесіне дарытпай, бір ұрыны найзамен түйреп өлтіреді де, екіншісін аттан түсіреді. Қалғаны қашып кетеді. Қыз өлікті тірі қарақшының алдына өңгертіп, ауылына алып келеді. Шұрқыраған қалың жылқы ұрылардың құлқынынан аман қалады. Малға жау шапқанын естіген қыпшақтар аулына оралғанда екі қарақшының бірін өлідей, екіншісін тірідей байлап әкелген қаралы Тәттібикені құрметпен қарсы алады.

Ол кезде үйленіп үлгермей өлген күйеуіне бір жылдан соң ас берісімен қалыңдық тағдыры шешілетін болған. Сөйтіп, қыршын кеткен ұлының алдындағы соңғы қарызын өтеген Қырғызәлі кенже ұлы Қазымбетпен бірге Тәттібикенің ауылына келеді. Қазақтың салты бойынша айттырған жігіті өлген қалыңдық сол елдің бір жігітіне күйеуге шығуы тиіс. Ал бұл жағдайда Тәттібике қайнысы Қазымбетке тұрмысқа шығуы керек болған.

Екі бірдей қарақшыны ұстап алып келген қызына риза болған Тәттібикенің әкесі қызына толық бостандық береді. Бұл дегеніңіз—қыздың тағдыры өз қолында, қыз кімге күйеуге шығамын десе де, өз еркі деген сөз. Егер Тәттібике қайнысына ерге шықпаймын десе де өзі біледі, мұндай жағдайда қыздың әкесі құдадан алған қалыңмалды түгел қайтаруға тиіс. Сонан кейін қыз кімге күйеуге шығамын десе де өз еркі. Ал қыз бұлай жасаса, Қырғызәлі үшін, оның туған-туысқандары үшін бұл сүйекке түскен таңба болар еді. Өйткені онда жесір Шынқожа ауылын менсінбеген болып саналар еді.

Осы жайды анық ұғынған Тәттібике өзін туғандарын және қайын жұртының игі жақсыларын, қайнысын жас жұбайымен шақыртады. Шақырған адамдары түгел келген соң, қыздың әкесі құдаларына Тәттібикенің басына еркіндік берілгендігін, ендігі қалай тек қыздың өзінде екенін айтады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз