Асан қайғының қызы Жұпар (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Сіздер кім боласыздар, қайда барасыздар?—деп сөз сұрағанда, Жұпар бәйбіше:
—Біз Сарыарқадан көшкен елміз. Әкем Асан қайғы жеті жыл жер шолып жүріп «ұрыс болмайтын қоныс бар ма екен?» деп, сонда тапқан қонысы—осы Жиделібайсын деген жер. Ел көнбеген соң өзі қатын-баласымен ауып кеткен еді. Мен атамның артынан іздеп, қара қазан сары бала қамы үшін көшіп келе жатқан баламыз,—деп айтып болып,— бұрынғының бір сөзі бар еді:
«Ақылың ауса—балға бар,
Қонысың ауса—ханға бар.
Қарның ашса—байға бар,
Қайғылы болсаң—ханға бар»,—
деген еді. Осы уақытында ақыл ауғанда, қоныс ауған да, қарны ашқан да, қайғылы болған да біз болған соң, қара ғаріп бас болғанша етегіне ілескен ханға барып, жолдас болайын деп өзімсініп, рұқсат сұрамай қорығыңызға қонып жатқаным,—деп жауап беріп отырғанда, үйге кіріп-шығып жүрген адамдар:
—Күншығыстан бір топ келеді,—деді. Соңынан:
—Оң жақтан бір топ келеді,—дегенше,—сол жақтан бір топ,—дейді. Келгендерге ауылдағылар жиналды. Келген жігіттер дереу далада тұрмай, ханға келіп сәлемдесті. Жігі бойынша отырғанда, хан:
—Жұпар бәйбіше, бұларды таныстыр!—деді.
—Алдыңғы он бес ақ өзімнен туған, ортаңғы қара он бес ортаншы сіңлімнен туған, соңғы күрең он бес кіші сіңлімнен туған,—дегенде, хан:
—Өзіңіз Асаннан туып, үстіңізге әйел алдырғаның қалай?—дегенде, Жұпар қайтарған екен:
—Уа, тақсыр, бұрынғының сөзі бар емес пе:
«Ит жаманы үй қориды,
Қатын жаманы ер қориды.
Жолдасы жаман би қориды,
Хан жаманы жер қориды».
Және бұрынғылар «байтал көп болса, құлын көп болады» деп. Сол бұрынғылар өтірік айтыпты деуге бола ма? Бір ерден туған баланың бөтендігі бола ма? Мен әйел алдырмасам, мына балалар қайдан пайда болар еді?—дегенде, хан Жұпарға жауап қайтара алмай, далаға шығады. Аздан соң хан:
—Мынау әйел де болса, өзіне сенген адам болу керек қой деп ойлаймын. Қорыққа сұрақсыз, ізденіп келіп қонуы және қырық бес ұл—анау, сайланған қару-жарақ, сауыт-сайман— анау. Осы қорықты сендер ұнатсаңдар мен Жұпарға бергім келеді,—дегенде көп:
—Жеті атадан келе жатқан қорықты бір қатынға босқа берем дегеніңіз—не дегеніңіз?—дейді. Хан:
—Ай, халық-ай! Мен де осы қорықты босқа бергім келіп отырғаным жоқ. Мен де істің артын ойлап, қауіп көріп отырмын. Біз көп болғанмен қоймыз, олар аз болғанмен қасқыр сияқты. Олар Сарыарқадан көшкенде-ақ жанын шүберекке түйіп шыққан жоқ па? Және анау қырық бес ұлдың өзіндей жауынгер, саймандарыдай сайман бізде бар ма? Қан төгіп, ұрыс-талас қылғанша өз қолымыздан абырой мен ерулікке деп бергеніміз мақұл деп ойлаймын,— деген соң, көп:
—Айтқаныңыздың бәрі де дұрыс. Өзіңіз ойлап көріңіз,— депті.
Хан үйге кіріп отырған соң, қонаққа деп сойған ту бие мен қой етін асқызып, даярлап, соншама көп қолды бір кісідей күтіп, құрметтеп үшеу ара бір табақ жасап, алдарына әкеліп қояды. Көп халық ет жеп, сорпа ішіп болған соң қол жуып, жайланып отырған соң хан айтады:
—Уа, Жұпар ханым, мына қорық менің жеті атамнан қалған қорық еді. Сонау Сарыарқадан жер деп аңсап келіпсіз. Бұл қорықты сізге ерулікке бердім. Бұдан былай «Жұпар қорығы» аталсын!—депті. Сонда Жұпар ханым балаларына:
—Шырақтарым, хан бізге жеті атасынан келе жатқан қорығын берген болса, бұрынғының сөзі бар еді: «Хан қарашасына қайыр қылса, қараша ханға сый қылады» деген. Ханға бәйге ат бастатқан тоғыз, қара кілем, қара нар, тай-тұяқ жамбы, өзгелерге ат, шапан жол беріп сыйла!—депті.
Жұпардың мұндай жол-жоралғысына, біліміне, қайтарған жауабына көркіне хан әбден риза болып:
—Бәйбіше, сіз біздің жолымызға кілем жайдыңыз. Сонда дәл біздің жолымыз екенін қайдан білдіңіз?—деді. Жұпар айтты:
—Далаға шығып, көп қолға қарап тұрғанымда көп қол жылқыға қарай бой ұрды. Сіз келе жатқан жағыңыз тура бұрылмай ауылға келе жатқан соң хан осы жағында екен деп ойлап едім,—депті. Хан қош айтысып, еліне қайтады. Ердің бақытына жақсы қатын кез болады. «Ырыс алды—жақсы қатын» деген осы. Жұпардың білімімен соғыссыз хан қорығы «Жұпар қорығы» атаныпты.