Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шора батыр (4-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Тасыр мерген күндік жерден көреді екен де, түстік жерден естиді екен.

Шора Тасыр мергенді көріп, астындағы атына сөйлесті:

—Айналайын Шұбар ат,
Тамағыңда қылың бар,
Өкпе-бауыр, жалың бар.
Заты хайуан демесең,
Адамнан есті жануар.
Ана жатқан залымның
Мылтыққа оғын салғызбай,
Қолына қару алғызбай,
Ұмтылып тұра бергенде,
Орнынан өзін тұрғызбай,
Олай-былай қарауға
Босатып мойнын бұрғызбай.
Көзді ашып-жұмған арада
Мені соған жеткізіп,
Алқымынан шап беріп,
Алып жерге ұруға,
Мұршамды еркін еткізіп,
Бір қимылды бастауға,
Жайратып жауды тастауға,
Қарағым, қандай әлің бар?!

(Ат сөзі:)

—Сен Шора да, мен Шұбар,
Жалымнан гу-гу жел шығар.
Қызып алып шапқанда,
Маңымда болған тұншығар.
Төрт аяғым болатым,
Ұшқан құстай қанатым.
Желіге басып «шу!» десем,
Екпініме кім шыдар?!
Құйрық маймен жемдесең,
Екі пұт құм теңдесең,
Шу, Шұбарым, шу десең,
Ай отыз күн шапқанда,
Сонда менен тер шығар.
Дедің ғой мені сынайын,
Айтқаныңдай қылайын.
Мен де Хаққа жылайын,
Жалғанда тең боп қосылған,
Екеуміздей кім шығар?—

деп аты зырылдап ала жөнелді. «Ал» деп аузын ашқанша, «Көр мені» деп көзін жұмып ашқанша, сып етіп жетіп барып, Тасыр мергеннің жағасынан шап беріп ұстай алып ұрды.

—Жан сауға, батыр, жан сауға! «Мен де бір кісідей-ақ батырмын» деп жүруші едім. Батыр емес екенмін, қатын екенмін, шын батыр сен екенсің. Екеуміз құшақтасып, дос болайық,—дейді.

—Жарайды, болсақ болайық. Бірақ кейінгілер: «Тасыр мерген мен батыр Шора бірін-бірі алыса алмаған соң, дос болыпты» деседі ғой. Менің жеңгенім, сенің жеңілгенің кейінгіге айқын болсын. Менімен дос болатұғын ойың шын болса, бір құлағыңды ки!—дейді. Мен шыбындай жаныңды, бір қасық қаныңды өзіңе байлағанда, сен бір құлағыңды қимасаң, дос болғаның қайсы?!—дейді.

—Жарайды, жарайды, басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға! Қолқа қылып сен сұрасаң, ол құлағым бос кеткен жоқ далаға. Екеумізден бір қалған өрнек үлгі, сөз болсын артта қалған кейінгі ұлан ұсақ балаға!—деп бір құлағын өзі шорт кесіп алып, Шораға берді. Шора алып, кісесіне салды, өзін еліне аман-есен қоя берді:

—Барсаң, сәлем дегейсің
Қарахан деген ханыңа.
Бес қақпалы жанына,
«Анада Шора кетті» деп,
Сұқтанбасын қалған мал мен жаныма.
Тама деген елім бар,
Қазан деген жерім бар.

Мен сол елге барып, қайта артыма айланғанша мұрсат берсін, тимесін қартайған кемпір-шалыма, қыбырлаған жаныма, өрістегі жатқан малыма,—деп жүре берді.

Келе, келе жатса,
Оқыр-шұқыр жер жатыр,
Құлан жортпас шөл жатыр,
«Құс қонбас» деген көл жатыр.
Толып жатқан мал жатыр,
Қақпан құрған шал жатыр.

Сонда жатқан шал басын көтеріп сөйледі:

—Жол, жол болсын, жол болсын,
Жеке де басың қол болсын!
Атыңның жүні тасыңқы,
Көп шабуыл көргендей,
Қабағың сенің қатыңқы,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Аузыңның сүтін лапылдап,
Шығып тұрған баласың!
Алды-артыңа көз салсам,
Өрттей қаулап жанасың.
Аш бүркіттей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Жол тартып қайда барасың?!

—Арғы атамды сұрасаң,
«Қара бура» ұранды
Қырық үйлі жүрген Тамамын.
Өз әкемді сұрасаң,
Нәріктің ұлы Шорамын.
Қазан деген жеріме,
Тама деген еліме
Танысуға барамын.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз