Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асан қайғы туралы аңыз (І нұсқа) (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Ертеде бір ханның қартайғанша баласы болмаған соң бала үшін тоғыз әйел алыпты. Ақырында ең артқы әйелінен бір ұл бала болып, атын Асан қойыпты. Бала балиғатқа толмай тұрған уақытында хан қатты ауырып өлер халатқа таянған соң уәзірлерін жинап отырып, мынадай тапсырма тапсырыпты:

—Менің күнім жақындаған сияқты. Сондықтан орныма балам Асанды тағайындаймын! Бұл ер жетім ел билеуге ауылы жарағанша елге басшылық етіп, Асанға қамқорлық етуді барлығыңа, әсіресе бас уәзірі саған тапсырамын!— депті. Онан кейін тағы мынаны айтады:—Ала бие бар, соның биылғы құлынын, үйде бір сары ала тазы бар, соның биылғы күшігін, пәлен жерде бір бәйтерек бар, соның басына бір бүркіт ұялайды. Соның биылғы балапанын алып, асырап өсіріп, осы үшеуін ер жеткен соң Асанға мұны да тапсыр!— депті. Сөйтіп, хан көп ұзамай өліпті.

Уәзірлер айтқанын қата қылмай, ер жеткен соң әуелі Асанды таққа мінгізіп, сонан кейін манағы айтылған үш затты да тапсырыпты. Құлын тұлпар, күшік құмай, балапан қыран болыпты.

Бір күні Асан көп уәзірлерімен аңға шығып, алыстап барып бір киік қуады. Кешке дейін қуса да киік жеткізбепті. Басқалары қара үзіп қалып, тұлпар мінген Асан жетпегенмен, қара үзіп қалмай ымыртқа дейін қуып қараңғы түскен соң, жалғыз жас бала далаға жата алмай түнімен таң атқанша, ертең күн батқанша, тіпті біраз күнге дейін ел кездеспей, айдалаға тоқтай алмай, аңыратып сала береді.

Бірнеше күн өткен соң бала әбден қансыраған кезде бір елге кездеседі. Бір үйден келіп ат үстінде тұрып сусын сұрап тұрғанын сыртынан ханның қызы көріп, түр-нұсқасына қарап, бұл тегін адам емес екенін біліп, бір адам жіберіп баланы шақырып, ордасына алғызып бағып, екі-үш күн тыныққан соң, баладан жөн сұрапты. Бала жөнін айтқан соң:

—Жігітім, еліңнен өте ұзақ кеткен екенсің, елің осы жерден қырық күндік жер. Екі орта елсіз. Басшысыз еліңді табуың қиын. Егер ұнатсаң, мен бір ақыл айтайын,—депті. Асан:

—Мақұл,—деп қыз сөзін тыңдайды. Қыз айтады:

—Бұл—мұсылман перінің елі. Менің әкем—осы елдің патшасы. Мен оның жалғыз қызы болғандықтан, менің ерге шығу жөніндегі еркімді әкем өзіме беріп қойды. Осы хабармен талай ханзадалар келіп еді. Бірақ олардың бірімен де келісе алмадым. Ал қазір сен ұнатсаң, мен сені ұнатып тұрмын. Мақұл көрсең, қосылайық,—депті. Бұған Асан да қарсы болмаған соң, қыз дереу әкесіне хабарлайды. Әкесі де қарсы болмай, бірнеше күн ойын-сауықтарын өткізіп, қызын Асанға неке қиып қосады.

Бұл жұмыс жайғасқан соң, Асан әйеліне елінің әбігер болып жатқанын айтып, енді кешікпей еліне жүрмек болып ақылдасқан соң, әйелі де қарсы болмайды. Асан бұл хабарын хан атасына айтқан соң, о да қарсы болмай қасына бірнеше жолдастар қосып, қыз-күйеуін аттандырады. Сөйтіп, аман еліне келіпті.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз