Шора батыр (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Онда Таманың балалары шулай қоя беріпті:
—Қарағым, олар көп те, біз азбыз. Оларға бармайық, бір пәлеге қалмайық. Тірідей көрімізді қылады, тырнадай тонап жұлады. Асықтан жеке доп салады. Шымбайымызға батырған, таңдайымызды қатырған, барсақ өлеміз,—дейді.
—Жүр, ағалар, ағалар,
Алдыңда жүріп өлейін,
Өз көзіммен көрейін!
Көптік қылып шуласса,
Жан жазасын берейін!
Сендер барып ойынды сала беріңдер, мен жылқыға барып, Шұбар атты мінейін, көп кідірмей келейін!—деп жүгенді қолына алып, тоқымды қолтығына қыстырып, Шора жылқыға жөнеле берді. Жылқыға барса: «Айналайын ием жаңа келді ғой!» деп Шұбар ат оқыранып, басын шұлғып, алдына жетіп келгенде, жүгендеп алып, үстіне тоқым салып, жайдақ жалаңдап жетіп келсе, мың бала қырық балаға білгенін қылып, тырнадай жұлып, атпас таңды, шықпас күнді бастарына орнатып жатыр екен. Сонда Шора айтады:
—Доңғалақ арба жүрместей,
Қарлы ма еді жеріңіз?
Азды түтіп жегендей,
Бассыз ба еді еліңіз?
Іздегенің ұрыс пенен төбелес болса,
Кәне, маған келіңіз!—
дегенде мың баланың басшысы бір таз бала бар екен. Ол айтты дейді:
—Қырғауыл жүнді, қызыл таз,
Төбе шашы ұшын таз,
Атып таста жалғызды,
Қырып таста жалғызды,
Жұлып таста жалғызды,
Қағып таста жалғызды!—
деп дүрсе қоя бергенде ұзыны мен көлденеңін бірдей көреді. Мың баланың бәрін бірдей қырады.
—Алла жығып берді ме, адам жығып берді ме?—деп, қырық бала мың балаға білгенін әбден қылады. Қырғауыл жүнді қызыл таздың, төбе шашы ұзын таздың айдарын жұлып алады, мылтығын тартып алады. Қызыл ала қан қылып, көргендерге таң қылып, аунатып тұрып сабады. Қойдай иіріп қамады.
—Не көрсең, еліңе айта бар,—деп, баяғыдан бергі қырық баланың өшін, кегін алады.
Қырғауыл жүнді қызыл таз, төбе шашы ұзын таз Қарахан деген ханының, Әліби деген биінің алдына барып:
—Тақсыр, дат!—дейді.
—Арызың болса, айт!—дейді.
—Анада Шора ер екен,
Ерлігінің белгісі—
Осы топтан қара да бойы зор екен!
Анада Шора ер жетсе,
Ат арқасына бір мінсе,
Он үйіңе астар қылды бақыр, мосыны.
Атқа да артар қосыны.
Мың баланы жайратты,
Кірерге көрін сайлатты.
Бізге де қылмайды демеңіз,
Қарахандай хан ием,
Әлібидей би ием,
Сізге де қылар осыны!—дейді.
Әлібидей би екен,
Қақырғаны қақсиды,
Түкіргені түксиді:
—Қырық үйлі Таманы
Қырып тастамасқа немене,
Жүр, атқа мінейік, жүр!—дейді.
Қарахан деген хан айтты:
—Қырық нөкерінің қырық кісілік күші бар, бір өзінің қырық сан ерлік күші бар. Оған біздің әліміз келмейді ғой!— дейді.—Нәрік меніменен дос еді, Әліби қоятұғын емес. Елін хабарландырсын, не малына, не жалғыз баласына кәдік қылар. Үріксін, аусын, елін, жерін тапсын!—деп бір хабар берді дейді.
Қырық үйлі Тама күн-түн қатып, үрке бастады. Шораны оята алмады. Шора өзі бір ұйықтағанда, жиырма күн ұйықтайды екен, жан оятып ала алмайды екен.
—Мұны қайтеміз?—деп сасып қалғанда, қырық бала айтты дейді:
—Қырық қашыр қазына мен қымызды тастап кете беріңдер,—дейді.
Ел үркіп кетті. Қырық бала қасында қалды. Бір заманда өзінің оянатұғын мезгілі жетіп, Шора оянды. Ел-жұрт жоқ, тып-типыл. Қырық қашыр қазынасымен қасында, қырық бала басында.