Асан қайғы туралы аңыз (І нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Әбден әурелікке түсіп жатқан елі жоғалған ханы келген соң үлкен той қылып, тамашаға кіріседі. Бірақ осы қуаныштың үстінде Асанға тағы бір көңілсіздік пайда болады. Оның әйелі үйіне келісімен мылқау болып және құлағы да естімей қалады. Тәуіп, бақсы-балгерлер жаза алмайды.
Бір күні Асан әйелін ертіп базарға барады. Қасына ертіп, базарды аралап жүргенде бір жерде ерлі-зайыпты екі әйел, екі еркектің сөйлесіп тұрған сөзіне құлақ қойса, бір әйел тұрып:
—Дүниеде біз төртеуміздей жаны дос, тату замандас болар ма екен? Біздің осы тату достығымыз баламыздан балаға қалып, мәңгілік үзілмес,—депті. Басқа анау үшеуі де мұны құптап, қарқылдап күліседі. Сол кезде Асанның мылқау келіншегі жымиып күледі. Онан шығып және базарды аралап жүрсе, бір жерде біреу етік саудалап тұр екен. Ол етікті қымбатсынып:
—Өте қымбат сұрадың, осы етігің он жыл киюге шыдай ма? Егер он жыл киіс жараса, сұрағаныңды беріп алайын,— депті. Мылқау келіншек бұл сөзге де езу тартып күледі.
Асан әйелін ертіп үйіне келіп, уәзірлерін шақырып алып, мәжіліс сарайына әйелді де алғызып былай дейді әйеліне:
—Сен осы үйге келгелі мылқау болып қалдың, бір түрлі кеселге жолыққан шығар деп жүр едім. Олай емес, сен жорта істеп жүр екенсің. Егер кеселің қиын болса, бүгін базарда достықтарын дәріптеген екі әйелдің сөзіне және етік сауда қылған адамның сөзіне күлдің. Егер саңыраулығың рас болса, сөзді қалай естідің? Шын сырыңды айт, болмаса қазір өлімге бұйырамын,—деп қорқытады. Уәзірлері де:
—Айтыңыз,—деп өтінеді. Әйел қорыққанынан сөзге кіріседі, ол былай дейді:
—Менің кеселім жоқ, жорта етіп жүргенім анық. Өйткені біздің перінің заңында перінің қызы ықтиярымен адамзатқа тисе, сол күнінен бастап қырық күнге дейін сөйлемейді. Егер сөйлесе, бір түрлі бақытсыздыққа кездеседі. Сол тәртіпті сақтап сөйлемегеніме бүгін отыз тоғыз күн болып еді. Ертең шыдағанда, арғы күні өзім де сөйлейтін едім. Оған қарамадың. Енді сөзсіз бір бақытсыздыққа кездесеміз. Бірақ анау кісілердің сөздеріне күлгенімді айтайын.
Анау достықтарын дәріптеп тұрған екі ер, екі әйел төртеуі бірімен-бірі ойнас. Достықтары адал жүрекпен емес, адам жақсымен. Бұлардың осы жұмыстары әшкереленіп, жақында бірін-бірі өлтіреді. Ал анау етік сауда қылып тұрған жігіттің он күндік қана өмірі бар. Соны білмей опасыз дүниеге алданып тұрғанына күліп едім,—дейді. Сөйтіп, қыздың жасырып жүрген ұшатын аты бар екен. Соны мініп, «қой, қош аман бол!» деп ұшады да кетеді.
Асан осы қайғыға ұшыраған соң әрі-бері ойланып барлық мал-мүлкін, тәж, тақтын, ел-жұртын тастап, бір желмаяға мініп, әйелін іздеп дүниені кезуге шығады. Сөйтіп, Асанның дүниені кезіп аралауына осы себеп болған екен. Және Асанға «қайғы» деген ат осыдан кейін пайда болыпты дейді аңыз.