Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әбусина туралы аңыздар (3-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

—Алғашқысы Құранды оқымаған кісі, ал кейінгі оны оқыған адам,—депті сонда дәрігер.

* * *

—Тамақсаулықтан ішім ауырған кезде берген әуелгі дәріңіз қышқылтым ғана еді. Кейінгі бергеніңіз ащылау болып кетті ғой,—депті бір сырқат тәбибке.

—Ішіңіз кейінірек бұрынғысынан ащылау болып кетіпті,—депті сонда күлімдеп шипагер.

* * *

—Әуелі жеті жерімнен шиқан шықты, одан соң оларға тоғызы қосылды. Сөйтіп көбейе бергені сонша, ақырында жараларымның санынан жаңылып қалдым. Қатты уайымнан жүріп жазылып кеттім. Неден жазылғанын білмеймін.

—Жараларыңның санынан жаңылғаның ем болған екен, —депті сонда дәрігер.

* * *

Әбуәлі шипагерге бір шаруа жеті-сегізге келгенше тілі шықпай қалған баласын алып келеді. Дәрігер баланы алдына алып, оның денесін түгел сипап, сылап шығады. Сол кезде бала даусын шығарып, сықылықтап күліп қоя береді, сөйлей бастайды. Кәпелімде қуанышқа қойны симай қалған әке балаға қалайша тіл біткенін сұрайды.

—Бала нәресте кезінде қатты шошып, тілі байланып қалған екен. Менің алдыма келгеніне қатты қуанып, ол бірден тілге келді. Есіңізде болсын: қорқыныштың емі—қуаныш.

* * *

Бір күні түнде шипагердің үйіне атты, түйелі екі адам келеді. Олар көлігін есік алдындағы қазыққа байлап, өздері керуен сарайға барып жатады. Ертеңгісін ерте тұрған Әбуәлі ибн Сина жолаушылардың түйесі мен аты жайылсын деп босатып жібергісі келеді. Аттың қазықбау шалынған шылбырын тез шешеді, түйенің бидасына келгенде әбден машақаттанады. Шеше алмайды. Со кезде оның қасына екі жолаушының бірі кеп қалады. Сәлем-сауқаттықтан кейін шипагер оған түйе иесі ақылынан қатты адасқан адам екенін айтады.

—Тақсыр, оныңыз рас, бірақ о кісінің өзін көрмей жатып кеселін қалай біле қойдыңыз?—деп сұрайды аң-таң қалған жолаушы.

—Есалаң байлаған жіпті ақылды адам шеше алмайды,— депті сонда Авицена.

* * *

Бір күні түнде кемеңгер дәрігер керуен сарайға келіп, ұйқыда жатқан адамдарды аралап көреді. Аяқ-қолын жан-жаққа жіберіп, емін-еркін жатқан қонағын көргенде ол: «Мынау күллі кеселін ұзақ жолына тастап келген екен» дегенді айтады. Оның қасында бүк түсіп жатқан кісіні көре сала: «Мынау қайғы-қасіретке шерменде болып қалған бейшара» депті. Осы пайымдаулардан кейін қасында еріп жүрген шәкірті ұстазынан бәрін қалай білгенін сұрайды.

—Көп жүрген адамға ауру ілесе алмайды, ондайлар сондықтан қаннен-қаперсіз ұйықтайды, ал шерменде алқынған өкпесін, мазасыз жанын басу үшін бүк түсіп жатады,—дейді тәуіп.

* * *

Дәулетті бір кісінің баласы ауырып қалады. Ұзақ жүріп ауру баланың ауылына келеді тәуіп. Сөйтсе бала өліп қалған екен. Жас кеткен баланың әкесі перзентінің өлімі неден болғанын білгісі келеді. Ол үшін баланың ішін жарып көру керектігін айтады дәрігер. Өлген баланың әкесі оған келісе қояды.

Дәрігер баланы жағаларына жалбыз өскен арықтың жағасына апарып, оның ішін жарады, бүйрегіне қатқан қабыршақты алып, жалбыз үстіне лақтырып жібереді. Бәленің неден болғанын білген оташы қолын жуу үшін арыққа таяп келеді де, әлгінде лақтырып жіберген нәрсесін қарайды. Жалбыз үстіне түскен қатқақ тез еріп кеткенін көріп, ол таң-тамаша қалады. Со күні жалбыздың бүйрек кеселіне ем екенін білген екен.

* * *

Бір күні ұзақ жолда келе жатқан дәрігер кең жазира жерде жер жыртып, мақта егіп жүрген диқанмен дидарласып, әңгімелесіп қалады.

—Сіздің қағаз бетін өрнектеп жүрген қауырсын қаламыңыздан менің жерді таспадай тіліп жүрген жерағашым артық,—дейді диқан мақтанышпен.

—Менің қаламым кестелеген кез-кез кітап сенің күллі жеріңді жауып тастайды,—деп қалады айтысқа шыққан дәрігер.

—Сіздің қалыңдығы кез-кез кітабыңыздың қағазы менің жеті қат жерімнің ақ мақтасынан иленіп басылған,—дейді бұдан соң диқан.

—Сенікі дұрыс,—депті сонда ғұлама жеңілгенін мойындап,—сенің жерағашың өз жерін өмірбақи жырта береді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз