Түрік тайпалары және қазақ үйсіндері (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 4 мин оқу
Массагет екі ел бопты—Арсу, Сирақ,
Бір ел кеп және бірі жатса қирап.
Үшінші—Алаң атты бір ел бопты,
Бірі өрлеп, бірі және кетсе ылдилап.
Арсудан әсету, нуер, папуа болып,
Бұлар да жауынгер ел болған ширақ.
Тарихи мағлұматқа қарағанда,
Сирақтан шеркес елі дейді, шырақ.
Ұраны—заманында болған екен,
Елі үшін малы түгіл, жанын қимақ.
Қор болып соғыстарда не батырлар
Қан жұтып намысы үшін жанын қинап.
Жазуы Асан ата осылайша,
Ешкімді мақтамадым өзім сыйлап.
Алаңнан алты тайпа шыққан тарап,
Бір қызық, шежіреге тұрсаң қарап.
Кей жері түсініксіз боп шығады,
Бір елді қайталаса неше қабат.
Мешшарды фин әулеті деген едік,
Екінші қайталаймыз мұны ғажап.
Біле алмай не жазуды бұл жайында
Ақыл-ой ортаға алып отыр қамап.
Жазуға бұдан да ары бел байладым,
Болған соң өз әлімді мен шамалап.
Былай деп жазған екен Намлус Алы
Тарихшы болса керек, нәсілі—араб.
Түркі-финге жататын тайпаларды
Жазғанбыз жоғарыда әм саралап.
Айтылаған мешшар халқы екі елге де,
Бірдей деп ғұламалар берген жауап.
Сондықтан түрік нәсілі деп те айтамыз
Мекендеп туған жерін қалған жанап.
Алаңнан оғыз, хазар, османғазы,
Осылай үш тайпа елді қойсақ санап.
Балғар мен башқұр халқы әм мешшар-ды
Финдерден алған болсақ арашалап.
Айтылған алты тайпа боп шығады,
Бұлар да дүниені бір жаңалап.
Тұқымы османғазы Түркияда
Әр жерде дұшпанына қылған ғазап.
Батырлық, мансабында теңдесі жоқ,
Көп жерде күш көрсеткен бек қабағат.
Тарапты осылайша бұрын халық,
Тыңлаңыз, бұдан да ары құлақ салып.
Бұл сөздер түсінікті болса керек,
Білетін даналарға сөзді аңғарып.
Осы елге Томирис ханым патша бопты,
Бақ қонып, болса да әйел қыдыр дарып.
Ақылды, кемеңгерлік турасында
Тұрарлық болған екен ел таңғалып.
Патшасы парсы елінің Кейқысрау
Осы елді талқандауға соғыс салып.
Әртүрлі өнерменен айла жасап,
Амудың дариясын өткен жарып.
Бұл елге күшін жинап қарсы барды,
Жеткенде жаудың қолы ашып-арып.
Жеңіліп Кейқысрау қолға түскен,
Кеулі алаулаған сияқты жалын.
Өшірді тірікліктің есебінен
Кәлласын қылышпенен кесіп алып.
Бұл бастан бір ибарат жасау үшін
Қан толған бір ыдысқа салды апарып.
«Жасыңнан қанға құмар болып едің,
Іше бер, тойғаныңша, мейірің қанып!».
Осындай дәлелдері болған үшін
Шежіре деп айтамыз негізі анық.
Түрікпенмен және өзбек тайпалары,
Екеуі осылайша кетті аталып.
Құмық пен хайе елі екі тайпа,
Қыпшақты осыларға қосса апарып,
Бес тайпа Оғыз ханнан шықты тарап,
Жазыпты осылай деп ескі тарих.
Не болды бұдан кейін ақыр халі,
Мұны да шежіреден айқындадық.
Ғасырда он екінші хайе елі
Жоқ болды шежіреден шығып қалып.
Бұл елдер «ақаслар» деп атаныпты,
Деген сөз қазаққа әм жақындадық.
Жасаған бұдан соңғы қазақ халқы,
Бірі—өлсе, бірі—туып, көріп жарық.
Тарихта осылай ел туыстары,
Талай ер батырлықпен ту ұстады.
Уақтында жаудан қайтпас ерлер өтті,
Тас кескен сілтегенде қылыштары.
Бітпейтін, таусылмайтын арасында
Әрдайым болып тұрған ұрыстары.
Атадан балаға әм мирас қалып,
Қырқысып жоқ болғанша тыныспады.
Қырылып екі жағы жатса-дағы,
Рақым бір-біріне қылыспады.
Әлсізін күшті жағы жеді талап,
Әзалда бір болса да, туыстары.
Адамы, малы—олжа, құл ғып сатты,
Болса да қандай түрде жыныстары.
Жеңілген мал-мүліктен түгел безіп,
Тау-тасқа бой тасалап жылыстады.
Тыныстап аз ғана күн ес жинаса,
Бас қосып аға-іні туысқаны.
Қол жинап, бөтен елден көмек алып,
Қайталап жанжалдасу жұмыстары.
Басына қауіп төнсе, кетер тастап
Болмайды шын кеуілмен шығысқаны.
Ол кезде бейбіт дәуір өмір сүрмей
Бірінің-бірі сөзін ұғыспады.
Бір мысал келтірейік дәлел үшін
Бір кезде болған екен бұл іс-тағы.
Әуелі сөз бастайын ескі жайдан
Табылды деп ойлама бұл сөз қайдан.
Мүпсілде осылай деп жазған екен
Тарихшы болса керек «Шын»—Қытайдан.
Бір тайпа Қыпшақ атты ел болыпты
Әулеті Оғыз ханның кішкентайдан.
Дон менен Волга өзені арасында
Саратов сахарасында малын жайған.
Бұларды түрік әулеті—Хорезм шаһ
Қыпшаққа жорық жасап ашқан майдан.
Жеңіліп қыпшақ халқы зор майданда
Біле алмай не істерін болған қайран.
Арасы Хазар, Көк хан төрт ата екен,
Ағайын ажырасқан осындайдан.
Ауыпты молдаван мен бес арабқа
Кезінде соғыс қаупі зор ұлғайған.
Біразы бой тасалап Кавказ кеткен,
Тозыпты жақынынан болмай қайран.
Аттары шежіреден біржола өшті,
Ел еді бір кездері салған сайран.
Құралды босқындардан селжүк түркі
Ел болып екі тайпа Керей, Найман.
Кезінде Уақ хандық құрған екен,
Бұлар да талай жерге салған ойран.
Хандығын Орта Азия талқан етіп,
Парсы мен шауып алды Иранды әм.
Жаулап ап Герман, Грек және Рұмды
Осылай күштілігін елге жайған.