Түрік тайпалары және қазақ үйсіндері (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Жазуға түрік нәсілі алдым қолға,
Жәрдем ет, Жаратушы, өзің оңла.
Патшасы патшалардың бір өзіңсің
Сала гөр, қате кетсем, тура жолға.
Барша әлем қолыңызда жанды-жансыз,
Күнбатыс әм күншығыс, оң мен сол да.
Бір зат жоқ әміріңе бағынбайтын
Хан менен ханзадалар, алтын орда.
Жараттың жоқтан жасап барша әлемді,
Адамзат хайуан, малды баққан қолда.
Әр заттың өзіне лайық нәсіп бердің
Мақұлық әм жәндік, тірі жанға.
Шашылған несібесін теріп жеп жүр,
Бірі ойдан, сахарадан, бірі қырда.
Лайық бағзыларын жазалайсың,
Батырып құтылмастай қалың сорға.
Келмейтін сенің күшің ешбір зат жоқ,
Жоқ болар, қаһарлансаң, одан зор да.
Нұхтан басталады тарих басы,
Адам мен алшақ жатыр екі арасы.
Мұрсалдан үш пайғамбар өтсе керек,
Төртінші пайғамбар дүр айналасы.
Нұхтың заманында тасқын болып,
Адамның ғарық болды әм баршасы.
Белгілі бір жағдайда себеп болып,
Жасаған жаратқанның бәһанасы.
Хам мен Сам және бірі Япыс атты
Болыпты бұл кісінің үш баласы.
Нәсілі Хам мен Самның толығымен
Мен жазған шежіреде бар сарасы.
Бұлардың қай елдер деп нәсілдері,
Біле алмай, боп жүрмесін ел таласы.
Жазылған қарасөзбен шежіренің
Сен соның бетін ашып, бір қарашы.
Япыстан екі тайпа болса керек,
Азия, Тұрания болса расы.
Кезінде Иран, Тұран деп атаған,
Жазылған кейбір елдің тәржімасы.
Алайда ғұламалар сұхбатында
Ашылған Азия, Тұран шекарасы.
Айтылған шежіреде бұлар да бар
Халқымен мекендеген жазирасы.
Қытайлар, жапон, түрік, корей мен
Үнділер, тунғұс, якут құбыласы.
Фин, аннам, ұғры, малай, камшадалы,
Төлеңгіт, бурят, намлус, ескумасы.
Ақыры Ғінібурі он жеті ата—
Осындай тарихшылар көзқарасы.
Әулеті Тұранзаман деп жазады
Иунанның саяхатшы ғұламасы.
Түріктен екі тайпа—скиф, түрік
Солай деп жазған екен ел данасы.
Түріктен татар, моңғол болса керек,
Деп жазған ағайынды бір тумасы.
Туыстық, туысқандық себебінен
Көп заман жақын болды екі арасы.
Жәнасы тарихшылар деп жазады
Түріктің финмен болған араласы.
Скифтен мешшар тарап шықса керек,
Келеді осылай боп сөз шамасы.
Әулеті испан, финнің самоедтен
Осылай Асан ата тәржімасы.
Бұларды түркі-фин деп атағаны
Бір жайдан болса керек қатынасы.
Айтылған бұл жайлардың растығын
Бекіткен тарихшылар һәм баршасы.
Білгенге осылайша болса керек,
Адамның не білмекші бейшарасы.
Түріктен тарағанның бұл бірісі,
Скиф деп аталады екіншісі.
Массагет, сармат атты екі тайпа
Иунанның деп жазады тарихшысы.
Сарматы Кавказ тауын мекендеген
Деседі жын мен пері жиындысы.
Дейді екен жын мен адам араласқан,
Ұқсаса әм адамзатқа реңі, түсі.
Жартысы адамзаттан деген халық
Жаһанкез саудагермен көрген кісі.
Жын, адам бір тұруы мүмкін емес,
Ғалымдар күмән еткен базбірісі.
Иунанның Нардут атты ғұламасы
Шығыпты саяхатқа боп жұмысы.
Кавказ бен Қара теңізді аралаған,
Бұл жайды келгендіктен тексергісі.
Сол сапар ғалым мұны ашқан екен
Сармат—массагеттің бір тумасы.
Дағыстан һәм Қасулан—екі тайпа
Ел болған деп жазады құрылысы.
Афинде көргендерін баян еткен,
Халқының болған кезде жиылысы.
Ел екен бөтендермен қатысы жоқ,
Жындарға ұқсас әм әр пормысы.
Сыйлапты үш мың алтын падишасы
Ғалымның ұнаған соң бұл жұмысы.
Ақыры Рұм патшасы Маркиянмен
Сарматтың кескілескен бопты ұрысы.
Қиямет, бітпес соғыс салдарынан
Болыпты сарматтардың жеңілісі.
Рұмға мал, адамын айдап кетіп,
Жоқ етті бір тайпа елді келіп қуушы.
Сәнаның төрт жүз сексен жылдарында
Қалмады шежіреде бір белгісі.