Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әбусина туралы аңыздар (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Әбусина болмашы нәрсені сезгіш, аңғарғыш кісі болған екен. Бір күні жұбайы оның текеметінің астына бір парақ қағазды жайып салып қойыпты. Сол күні төсегіне жеткен ұлы тәбиб жұбайына: «Бүгін төсегіміз қалыңдап қалған секілді ғой»,—депті. Келесі күні зайыбы текемет астындағы қағаздың үстіне тағы бір парақ қағазды жайып қойыпты. «Бүгін текеметтің ортасы дөңес боп кетіпті ғой»,—депті ғалым бұл жолы.

* * *

Бұхара шаһарынан қуғындалған Әбусина сол маңайдағы бір қыстаққа қоныстаныпты. Ұлы дәрігердің өз ортасына келгеніне қуанған халық оған тұс-тұстан келе бастайды. Басы ауырып, балтыры сыздағандар өте көбейіп кеткен соң дәрігер елге: «Әркім білегіне жіп байлап, бір ұшын маған ұстатып қойсын»,—деп жар салады. Ел оның айтқанын істейді. Сөйтіп жүргенде бір қу дәрігердің «әулиелігін» сынағысы келеді. Ол бес күн бұрын жеті бала тапқан мысықтың мойнына жіп тағады да, оны қойнына тығып, жіптің бір ұшын жеңінен шығарып тәуіпке келеді.

—Данышпаным, жіпті ұстап кеселімді айтып бере қойшы,—дейді қу. Әбусина жіптің ұшын ұстап тұрып:

—Мысығыңыз бұдан бес күн бұрын жеті бала тапқан екен. Содан бері сүт ішпепті. Бишараларға сүт беріңіз,—депті.

Ортағасырлық кемеңгердің тамыр ұстау арқылы кеселді тез де, оңай табатыны жайындағы ғажаптығы күні бүгін де қастерленеді.

* * *

Күндердің күнінде біреу дәрігерге деліқұлы боп қалған ер азамат баласын алып келеді. Тәуіп сырқаттың тамырын ұстап, жігітке:

—Бұхараның мешіттерін, махаллаларын атап шық!— дейді. Жігіт білгенін атап береді. Бұдан соң тамыршы ауруға:

—Өзің білетін жігіттер мен қыздардың есімін және олардың қайда тұратынын айтып шық!—деген талабын қояды. Жігіт бәрін айтып:

—Жаңа мешіттің жанындағы үйде тұратын..,—дей бергенде дәрігер:

—Болды енді, таптым,—депті.

—Данышпаным, баламның тамыры не деді?—деп сұрайды әке.

—Балаңыздың кеселі—жаңа мешіт түбіндегі үйдің қызына деген ғашықтық кеселі. Ендігі қамын өзіңіз біліңіз.

* * *

Бір күні ұзынды-қысқалы екі адам ұлы шипагерге алыстан келіпті. Әлгі екеудің ұзынының қолында маралшыбық таяғы, ал бәкенесінің қолында тобылғы сапты қамшысы бар екен. Қамшылы адам сүзекке душар болғанын, ал марал шыбықты адам қолына түскен қотырды емдей алмай жүргенін айтып, бәледен айығу жолын сұрайды.

Ауруларға көз жазбай қарап тұрған шипагер:

—Екеуің қолдарыңдағы қаруларыңды алмасыңдар,— дейді. Екеуі солай істейді. Бірақ мұнысы не деген деп ұзынды-қысқалылар аңырайып тұрып қалады.

—Екеуіңнің дәрілерің қолдарыңда жүр екен,—дейді сонда Әбусина,—бірақ ауысып жүр екен. Енді екеуің де жазыласың.

—Шипаңыздың мәнісін белмедік, тақсыр!—дейді ұзын бойлысы.

—Тобылғы шырышы—қотырға, марал шыбық түбірінің қайнатылған суы—сүзекке дауа. Мен сендерге өз қолдарыңда жүрген дәріні ауыстырып беріп тұрмын,—депті сонда бұхаралық ақылгөй.

* * *

Біреу екі аяғы бірдей семіп қалған баласын тәуіпке алып келіпті. Дәрігер аурудың тамырын ұстап, аяғын сипап көреді де, текшеде тұрған құтысын алады. Құтыны екі аяқтың ортасына қойып, қақпағын ашып жібереді. Сол кезде екі шаян екі жаққа ытып шығып, аурудың екі тізесіне тікендей шаншыла кетеді. Дәл сол сәтте бала «ойбай!» деп аяғын жиып алады.

—Балама мың да бір ем дарымап еді, құдіреттім!—деп әке жағасын ұстайды.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз