Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сейдәлі мен Алтын айтысы (2-бөлім)

Сейдәлі Жұмабекұлы, Алтын · 2 мин оқу

Сейдәлі:
Айтамын айт дегеннен, қыз-ау, Алтын,
Лебің бал, аузың шекер, жүзің жарқын.
Көргеніміз, көріскеніміз болады да,
Аман ба ата-енең, елі-халқың?
Бұл тойға мен қыдырып келіп едім,
Алтын қыз, байқадың ба сөздің парқын?
Берсейші бағанағы байталымды,
Жоғалтпай жауаппенен сөздің артын!

Алтын:
Жолаушы, айтар сөзің біле алмайсың,
Жала етіп, дәнемені таба алмайсың,
Өзімнің қолда туған байталым ол,
Біздерден куә өткізбей, ала алмайсың.

Сейдәлі:
Е, бәсе, айтар сөзім таба алмаймын,
Шала етіп, дәнемені жаба алмаймын.
Байталды «Сенікі» деп айттың өзің,
Уәдеңнен ант ішсең де, тана алмайсың.

Алтын:
Барады көшіп аулым Қаражарға,
Сонарлап құсым салдың қалың қарға.
Аласың байталыңды айғыр берсең,
Алашқа шашып жүрген малым бар ма?

Сейдәлі:
Барады көшіп аулым Қаражарға,
Сонарлап құсың салдың қалың қарға.
Байталды бір бересің, бір аласың,
Сөзіңде сен сайтанның наным бар ма?
Бар еді бір айғырым кер қара жал,
Ала ғой, аяйтұғын жаным бар ма?

Алтын:
Жолаушы, байталымды бердім саған,
Инедей айыбы жоқ нансаң маған.
Біреудің о-дағы бір аманаты,
Иесіне тапсырайық есен-аман.

Сейдәлі:
Бір байтал сенен қалап алғаннан соң,
Бір айғыр өз қолыңда қалғаннан соң,
Байталың айғыр түгіл майып болар,
«Тусын» деп, арғымаққа салғаннан соң.

Алтын:
Жолаушы, өз айғырың өзіңізге,
Байталым тұра қойсын өзімізде.
Аяғын тұмандатып, еліктірген,
Сенбедік мынау айтқан сөзіңізге.

Сейдәлі:
Е, бәсе, өз айғырым өзімізге,
Байталың тұра қойсын өзіңізде.
Түсуге төзер едім тезіңізге,
Байқаймын, бәтуә жоқ сөзіңізде.

Алтын:
Қожа елі қой айдадым базарына,
Жаманның жақсы күмән ажарына.
Отырған орынымнан садаға кет,
Алмаспын сен қазақты назарыма!

Сейдәлі:
Байқадым әу дегеннен әуеніңді,
Білмейтін жан екенсің өлеңіңді.
Ыршыма, саған менің әуесім жоқ
Әр сөзім кессе-дағы көмейіңді.

Алтын:
Әуеден қатар ұшқан қаз болмасын,
Құданың қысы кетіп, жаз болмасын.
Қазақтың түсі бозғылт көрінеді,
Құдай-ау, осы адам таз болмасын!

Сейдәлі:
Дұрыс-ақ, қатар ұшқан қаз болады,
Жігіттің хас мырзасы таз болады.
Таңданып, таздың несін айыптадың,
Таз көрсе, қыз көңілі жаз болады!
Үйіңде әкең де таз, шешең де таз,
Байғұс-ау, неменеге боласың мәз?
Күйеуің атастырған кәрі Жәкең,
Отыңның басы толған өрен де таз.
Алтын отырып қалады, Сейдәлі өлеңін жалғап:
Алтын қыз, білмедің бе айтарымды?
Бұл тойдан айтып өлең қайтарымды.
Бағана «Жеңілмеймін» деп едің ғой,
Шаба бер тарбаңдатып байталыңды!

Қыз осымен тоқталып қалған соң, қасындағы жеңгесі өлеңді қоя береді:
Айтамын айт дегеннен арма, қайным,
Тассаң да, төгілерсің, толма, қайным.
Құрбыңды көп ішінде сонша ұялттың,
Кегіңнің біткен жері сол ма, қайным?

Сейдәлі:
Ар қандай, ақыл қандай, намыс қандай,
Жүйріктің бірі озады жарысқанда-ай!
«Алтынды жұрт жеңбеген жеңді» деген,
Шашылған әрбір елге дабыс қандай?
Басыма менің киген төбетейім,
Өлең айтсам келеді елекейім.
Тапқанша алты бала әйгілі боп,
Жүр ме едің айтып өлең, жеңгетайым?..

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз