Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сейдәлі мен Алтын айтысы (1-бөлім)

Сейдәлі Жұмабекұлы, Алтын · 2 мин оқу

Сейдәлі:
Мен бір жүйрік шабылған,
Шапсам, оздым тобымнан.
Мерекелі жиында
Асылдан шапан жамылған.
Құдайдың, берген жел сөзі,
Өз жанымнан табылған.
Руымды сұрасаң,
Руым менің, Қаражон,
Мен – Сейдәлі ақынмын,
Шыққан жүйрік Табыннан.
Алтын қыз бар ма бұл үйде,
Орын алсын жанымнан.
«Айтысамын» деп келдім,
Айтқан сөзден жаңылман.

Алтын:
Жолаушы, сөйле оңталып,
Қанатың қудай қомданып.
Арманда қалған кісідей,
Дауысың қалай шығады,
Көп ішінде зарланып?
Тікедей тік жөнелмей,
Абайлап сөйле барланып.
Бұл сөзім мақұл емес пе,
Қарашы өзің ойланып?
Атыңның жалы жатыңқы,
Қабағың жаман қатыңқы,
Жол болсын! Сенен сұрайын,
Келесің қайдан сайланып?

Сейдәлі:
Мен сөйлейін, балалар,
Ақылға жетік даналар.
Құлақ салып тыңдаңыз,
Жиылған көп ағалар!
Жол қыдырған мен жоқшы,
Бұл тойда қандай хабар бар?
Менен бір байтал жоғалды,
Төрт аяғы ала аяқ,
Тобығының ағы бар,
Қаламменен жазғандай,
Жүзінде сұлу меңі бар.
Құлағының артынан,
Жаңа да ойық ені бар.
Азырақ зерлеп қарасаң,
Танауының шегі бар.
Менің сондай жоғым бар,
Той қыдырған тойшылар,
Жоқшының сөзін ұғыңдар.

Алтын:
Жолаушы, сөйле сөз келді,
Аузыңда сөзің бар болса.
Сөйлер жерің кез келді,
Пірлерің бүгін жар болса.
Менде бір байтал бар еді,
Бұрнағы жылы күз келді.
Жаз жіберіп тепсеңге,
Қыс аламын бағымға.
Қайдан алдың жоғыңды,
Қолыңда туған малың ба?
Сүйіншіге не айттың?
Берер жерің барында.
Ала алмайсың сонда да,
Жығылыс таппай, жалынбай!..

Сейдәлі:
Менің атым – Сейдәлі,
Малға жарлы, тілге бай.
Келер жерін кең қылсын,
Тілекті берді бір Құдай!
Біреудің малы жатар ма?
Іздеген жоғым табылды-ай!
Алып едім тамырдан,
Денем сүйген малымды.
Сүйіншіге жоқ еді,
Қалаулы нәрсе қайымды.
Сүйіншіге берейін,
Бір жабағы тайымды.
Жабағы тай жеміңе,
Бер қолыма малымды!
Ерегессем алармын,
Сірә дә саған жалынбай!
Тәуекелің сай тұрса,
Айтысып көр тайынбай!

Алтын:
Меніменен айтыссаң,
Ауызың қалар жабылмай.
Мен – арғымақ баласы,
Әлі қызбан, шабылмай.
Айтысып көр, қарағым,
Тәубеңізден жаңылмай!

Сейдәлі:
Айтысамын дегенге
Келмесін, шырақ, намысың.
Шу дегеннен байқадым,
Жақсы екен аяқ алысың.
Әлгі айтқан сөзіңде
«Арғымақпын» деп мақтандың,
Арғымақ та болсаң, байталсың,
Қара көрінім жер шабысың,
Естіп келдім мен сені,
Құлағыма тиген соң,
Алтын деген дабысың.
Алтын қыздың алдында,
Шығарайын деп келдім,
Аяғымның шалысын!

«Іздеп келген адам екен ғой», – деп, бір кесе шайды қолына алып, амандасқалы далаға шығып, мына өлеңді айтады.

Алтын:
Астымда алып мінген сұр қарагер,
Ағады сұр қарадан сорғалап тер.
Көріспек, қол алыспақ міндет дейді,
Жолаушым, көрісейік, қолыңды бер!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз