Кете Жүсіп пен Қалыш айтысы
Кете Жүсіп, Қалыш Мұхамедиярова · 3 мин оқу
Кете Жүсіп:
Өтіпті ертеде бір қария адам,
Ақылдың шын жолына ұрған қадам.
Баруға бір шаһарға етті талап:
«Бітсін, – деп, – көңілімдегі бар мүддеғам».
Тоғайда ақбоз үйге келіп түсті,
«Қонақ боп кетейін, – деп, – ішіп тағам».
Төрінде толықсыған отыр бір қыз,
Формасы қараңғы үйге қойғандай шам!
Ажары ақ бетінің – айдай болып,
Назбенен отырады неше баһам.
Астына атлас, қамқа төсек салып,
Төгеді дастарханға түрлі тағам.
Қарт тұрды қызметіне тамаша айлап,
Қонағын бұл формамен болды жайлап.
Назбенен неше түрлі қасын қағып,
Отырды қаршығаша көзі жайнап.
Баяғы балалығы еске түсіп,
Қазандай қарттың іші кетті қайнап.
Ішінен судай тынып, байғұс, қария,
Бармағын балаларша отыр шайнап...
«Қараққа қадір білер – сөз айтуға,
Кәрілік қойдың, – дейді, – қолды байлап».
Мұны айтып жатады қарт төсегіне,
Өткен күн тура келмей есебіне.
«Мен енді бұл сұлуды оятайын,
Қалсам да ғайбат сөздің өсегіне.
Кідірсе, ақ киіктей – серіппес аяқ,
Оқ тиер ұмытылмас меселіме».
Осы оймен ошал қызға салды қолын,
Бұрынғы ойына алып жүрген жолын.
Ақ жүзін алақанмен сипағанда,
Қыз жатты іргесінен беріп орын.
Айт, ата, көңіліңдегі жұмысыңды,-
Деп сұлу қайнатады шалдың сорын.
Мүддесін ойындағы қамданды қарт,
Ұстауға ғашық құсты жайып торын.
Үстіне ақ төсінің қолын салып,
Жауабын қайтарды қарт осы форым:
Мен өзі заманымда сұңқар едім,
Бәйге алған бақас жерден тұлпар едім.
Айдыннан толықсыған аққуды іліп,
Құстарды көзге түскен құртар едім.
Тұрғанда сол дәуірім бастан кетпей,
Досымның ашылғанын қымтар едім.
Көрген соң орынымды аңсап кетіп,
Қайтадан бір көруге іңкәр едім.
Қыз жатты қарт сөзіне жауап таппай,
Кідіріп жан–жағына айналақтай.
Бет бұрып, қарт мойнына салды қолын,
Ойнаған құба дөңде құлыншақтай.
Айтылмыш қарт сөзіне ол қыз тоқтап,
Тыңдады мұңын бір түн кірпік қақпай.
Бозарып ақша беті, сұрғылт тартты –
Басынан миуасы ұшқан бақтай.
Қалышжан! Ақылды ма, бұл қыз қалай?
Өнерді өрге жүзген көрдің талай!
Жарым ес ақылсыз ба, неткен сұлу,
Қарт сөзін қабылдаған базынадай?...
Және де өзіменен қатар да емес,
Ойнауға жарасарлық жасы қолай.
Қыз көңілін көп ойланып шеше алмадым:
«Иә дұрыс, ия надұрыс» деуге былай.
Сонан соң «ашылсын» деп сізге жаздым,
Көңілімде кетпесін деп жылай-жылай.
Қармақшы, 1921 жыл.
Қалыш:
Жүсеке, қайтарылды Қалыштан хат,
Жабықпай, болсын енді көңіліңіз шат.
Шайырдың шынжыр қатар нәсілісіз,
Сипаттап айтуынша сыртқы азамат.
Және де есі бүтін ер атың бар,
Мүшкілді минутында етуге аңсат.
Болыпты көңіліңізге бұл іс қиын,
Көп ойлап шарланыпты әбден миың.
Білгір боп бізден бұрын бірнеше жыл,
Кемеңгер емес пе едің көрген жиын?
Аша алмай аз нәрсенің шекарасын,
Қартайып қалғаның ба, Жүсіп биім?
Мен білсем, сол шалыңның сөзі жалған,
Үйіне жолы түсіп қыздың барған.
Ойында «оятсам» деп ойлап жатып,
Қартыңды құдай ұрып, ұйықтап қалған.
Түс көріп түнде жатып осылайша,
Сұлудан сөйтіп сорлың құр пәр алған.
Аңдасаң, ағаңның ол болар түсі,
Айтқаны – түсіндегі көрген ісі.
«Сыйлады» сөйтіп сұлу мені, – депті,
Аузына бейшараның жетпей күші.
Шынымен көңілін берсе, қыз жарымес,
Бір шалға опырайып түскен тісі.
Осылай білгенімді жаздым хатқа,
Жолдамын, Жүсіп аға, сіздің атқа.
Мен оны «ақылды қыз» дей алмаймын,
Әрі қарт қосса көңілін, әрі жатқа.
Мүбадамені «теріс айтты» десең,
Салып көр, сараптағы азаматқа.
Қалыштан қарындасың қайтты жауап,
Шұбалтып көп созбайын сөзді ұзаққа.
Кете Жүсіп:
Сақталып сандығымда сансыз ұдай,
Қалышжан, келіп еді айтылынбай.
«Жойылсын қалың мал» деп заң шыққан соң,
Өмірді өткендегі жаздым сынай.
Әйелдер право алды декретпен,
Таңында Октябрьдің алтын шырай.
Әркімдер теңдік алып, теңін тапты,
Енді жоқ нәпсі құмар бұрынғыдай!
Қармақшы, 1921 жыл.