Мансұр мен Дәме айтысы (2-бөлім)
Мансұр Бегежанұлы, Дәме Тобақабылқызы · 2 мин оқу
Дәме:
Жүрмісің аман-есен, ақын, ар ма?!
Алдыма айып етпе шақырғанға.
Ақындық өнеріңе сенбей келсең,
Қасымнан алыста тұр, жақындама.
Жабыдай келте бақай, мойның қысқа,
Қарғысаң, жығыларсың ақыр жарға.
Теңізге кешу бермес келіп қалдың,
Шамала алды-артыңды, қапы қалма.
Екінші жауап айтып, білдір тағы:
Өзіңнің атың бар ма, затың бар ма?
Ойланбай бұл сөзіме жауап қайтар,
Болмаса, ақынмын деп тақылдама!
Мансұр:
Біз жүрміз аман-есен, өзің де ар ма?!
Сен теңіз болсаң, менің көзім жарда,
Жарды айттың, жарқабақты білмей жатып,
Дәме қыз, мұнан басқа сөзің бар ма?
Жарқыным, айып емес «Кел» дегенің,
Деген соң – өзің келсін, мен де келдім.
Келсем де, досты танып, дұшпан көріп,
Қасымнан алыста тұр, келме, – дедің.
Атымды затымменен білдірейін,
Келіспес бұған жауап бермегенім.
Болады асылым – Арғын, Шұбыртпалы,
Дәм айдап Сарыбелге биыл келдім.
Өз атым – ақын Мансұр һәм және де
Сөйлетер жақсылардың ермегі едім,
Ақынсып ат пен түйе сұрадым ба?
Сен өзің шақырған соң келген едім.
Дәме:
Шақырттым есіткен соң хабарыңды,
Қылмаймын дедің айып, аға, мұны.
Келсе де, көңіліңе, келмесе де,
Тағамын бірте-бірте саған мінді.
Болмасаң жабы, жарға қарар ма едің?
Мініңнің осылайша тағы бірі.
Аңдысып жардан ұшқан жапалақтай,
Жоғары көтермейсің қабағыңды.
Айқайшыл әңгі жігіт көрінесің,
Қырындап жақтырмаймын қарауыңды.
Қасыма келсең мейлің, келмесең де,
Менен сен ала алмайсың қалауыңды.
Үш өліп, үш қайтара тірілсең де,
Ашумен қусырарсың танауыңды.
Еліңнен жалғыз жүріп, шөлге келдің,
Байтақта жатқан аңқау елге келдің.
Желігіп, көңілің жаман тасқан екен,
Алдыңнан табылған соң көрмегенің.
Айтыста бетіме жан келмейді деп,
Бола ма құр көңілмен өрлегенің?
Болмаса болыс пен би аты шыққан,
Дедің бе бәрі надан өңгелерің?
Алмасаң ат пен түйе менсіндің бе
Шаруаның шапан, шекпен, теңгелерін.
Сен сияқты талайлар бізге келіп,
Аралап алатұғын теңгелерін.
Шақырдым айтайын деп осы сөзді,
Пәлендей жұмысым жоқ сенде менің.
Мансұр:
Дәме қыз, бәрекелді білгеніңе,
Қайылмын тауып айтқан міндеріңе.
Жаныңа жақыныңды жармастырып,
Әркімді жүргізіп пе ең ілгеріде?
Жапалақ болсам, саған бармас па едім,
Бағана көріп үйге кіргеніңде.
Қалыпсың сұңқарыңды тани алмай,
Жолдас боп жапалақпен түнде бірге.
Бар болса, жігіттігім болған шығар,
Орын жоқ бұған сенің күлмегіңе.
Дейсің бе: жеңе алмайсың, желігесің,
Көремін сенген болсаң тілдеріңе.
Елімнен жалғыз жүріп, биыл келдім,
Болыс пен Жетіруды биыл көрдім.
Жеткен соң халық жақсысын қадір тұтып,
Жақсыға бұл себептен үйір болдым.
Берейін сөздеріңе тегіс жауап,
Шешілсін көңілге алған түйіндерің.
Сөз парқын адырайып аңламайсың,
Білмейсің сыйлағанды, сиыр ма едің?
Дәме:
Ағатай, тілің артық, шешен екен,
Көңілің жүйрік сөзге көсем екен.
Сыр берме болмашыға, халайыққа,
Деп кетер: ел қыдырған есер екен.