Бекарыс пен Шынберген айтысы (5-бөлім)
Бекарыс Шойбеков, Шынберген Сүлейменов · 2 мин оқу
Бабамнан мұра болған есіл өнер,
Көсіліп қызыл тілім шешіле көр.
Атасына ас берген осындағы,
Жалпақ елдің мерейін өсіре гөр.
Азды-кем, алдарыңда айтыс қылдық,
Артығы болса, халқым, кешіре гөр.
Жаратқан, Жақайымның бар жұртына
Тасыса таусылмайтын несібе бер.
Шынберген:
Ташкентте жатыр бабам, ел білгенге.
Бармадың деп сын айттың Шынбергенге.
Сенің басынан келгенің дұрыс болды,
Ол жағын ойланбасам мен мүлде де.
Бабам байқұс сол жақта қайтыс болған,
Түркістанды азат етем деп жүргенде.
Осы ма Бекеңнің бір тыңдағаны,
Аздық етпес әрине жырлағаны.
Сен тұрған жерді қорғап, сонда жатса,
Сен бармасаң ол жерге кім барады?
Жан едім айтыс десе елеңдескен,
Жігітсің меніменен өнерде өскен.
Жігітсің құймақұлақ, иманы пәк,
Асыл сөз, сұлу мақам кемелдескен.
Жылдық асын жинаған құмырсқадай,
Бойыңа өнер, білім шебер көшкен.
Жаралған жаның оттан, жағың шоқтан,
Жартасты да жыр деген жебең тескен.
Өнердің төл перзенті өзің едің,
Туғанда кіндігіңді өлең кескен.
Теңізде туып, тірліктің ашқам түндігін,
Жақайымдарым, мол болсын, ауыз бірлігің.
Жүрсең де жайлап әлемнің алты құрлығын,
Біріңді бірің танитын келді күн бүгін.
Ауызын ашса Ақұдай сөзін алғандар,
Жақайымдарда үлкен дағы бір арман бар.
Бірігіп жүріп, бөлінбей бірақ ешкімнен,
Тату болайық теңізде туған тарландар.
Бір туған дейді тәйірі,
Әлім мен Шөмен көңілдер сөзбен байыды.
Алты ата Әлім Шөменге әркез сүйеніш,
Жеті ата Жетіру, он екі ата Байұлы.
Ұл менен қызың мәрт сұлу болды, марқайдың,
Еңкейгендерге еңкейдім, шалқайғандарға шалқайдым.
Себебі біздер ұрпағы едік Жылқаман,
Жылқыайдар, Толыбай,
Жетес би менен Сартайдың.
Түп тамырымыз тереңге кеткен тұңғиық,
Нұртуған бабам санама кеткен жыр құйып.
Болар елдің баласындай батыр деп,
Туған да елім, туған да жерім,
Мәртебең сенің тым биік.
Ел менен елдің арасын ұстап егессіз,
Біз деген жатты бауырына басқан белеспіз.
Жандары жайсаң, Жақайым деген халықпыз,
Ешкімнен артық, ешкімнен кем де емеспіз.
Еңбегін елдің ақтайды,
Біреуге болса бақ қайғы.
Ақын деген осылай,
Елінің қамын жоқтайды.
Әкім деген, ағайын,
Ел сенімін ақтайды.
Біздің елдің әдеті,
Сырттан келген қонағын
Сарымайдай сақтайды.
Арасында айттым әзілді,
Айып етпе, Бекарыс,
Қытығына тимесең
Құмырсқа да шақпайды.
Қалмайық өнер көшінен,
Мол болсын дедің несібең.
Жақайым деген әрқашан,
Жұрекке жаттар есім ең.
Тарыдай тасысын деп жатыр,
Бақ пенен ырыс, несібең.
Өзіңе кезек берейін,
Арнауды қойып осымен.
Бекарыс:
Сүйегі жігіт едің асыл, дара,
Болмайық мына жұртқа масыл бала.
Арнауды да айттың ғой, толғауды да,
Жететұғын бірнеше ғасырға да.
Айтыстан үш төрт жылдай алшақ кетіп,
Ішің толып қалыпты ау есіл бала.
Мен саған жат емеспін, өлкелеспін,
Ара жігін ашарсың ерте кештің.
Жарты сағат отырып ел алдында,
Ел жұртқа сізбен бірге еркелестім.
Бәйгеге ат қостым деп айттың жаңа,
Ол әрине ісі емес кеңкелестің.
Атыңның шашасына шаң жұқпасын,
Қызғанып өзегімді өртемеспін.
Өзіңнің тағдырыңды қазы шешер,
Атыңның озуына қарсы емеспін.
2012 жыл.