Балғынбек пен Мұхтар айтысы (3-бөлім)
Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов · 2 мин оқу
Балғынбек:
Жарамас ер жігітке мал таппаса,
Мал таппай жан-жағына жалтақтаса.
«Аралға бұрын неге келмедің» деп,
Мұхтарға жараспайды жортақтаса.
Жаратқанның жазуы солай шығар,
Ағаң бұрын Аралдан дәм татпаса.
Жүрсіннің өзі де алғаш келіп тұр ғой,
Қайтеді мен секілді жол тартпаса.
Мұхтарға кеп көрсетуім міндетті емес,
Арал деп көзімнен жас моншақтаса.
«Жақсылықтың болмас деп ерте кеші»,
Тойыңа келіп тұрмын ортақтаса.
Әй бала, кім қандала, кім камбала?
Жаның барда жауап бер жылдам ғана.
Үлкендеу бір балықты таппадың ба?
Жігіт ем Жетісуда туған дара.
Қонақты аспен де атпай, таспен де атпай,
Шанышқымен ұрдың ғой, ұрғанда да!
А бүгін жар болмаса, Құдай маған,
Мына отырған Мұхтарда сыңай жаман.
Ешқашан бұл інімнен күтпеп едім,
Теңеуді айтады деп, бұлай жаман.
«Каналда қалып қойған камбала» деп,
Тап таза көңілімді лайлаған.
Аралға ән айтам деп келгенімде,
Каналдан қайтамын деп кім ойлаған?!
Жатқанда Астанадан алысқа кеп,
Әрине тырысамыз намысқа көп.
Қайдағы камбаланы қайдан айттың,
Тым болмаса десейші Толсталоп.
Я болмаса Балғынды Бекіре де,
Уылдырық шашатын ағысқа кеп.
Қармаққа машина іліп қойдық дейсің,
Мен бейне қызығардай табысқа көп.
Жалпы мен Жетісудың жайыны едім,
Байқаймын сенде ондай қамыс та жоқ.
Сондықтан Балғынбекті бүгін бала,
Қармаққа түсіретін шанс та жоқ.
Тіліңді тіліп түсер ұстара қып,
Отырсың мен жүзетін тұста не ғып?
Екі жүзді балыққа теңеп қойып,
Сен маған болып шықтың дұшпан анық.
Мен де сені балыққа теңер едім,
Болмайды бірақ сендей қысқа балық.
Каналыңа қамалып не қылайын,
Одан да түскен жақсы душқа барып.
Сен қайта жазда туған бұзаудайсың,
Жайылатын ауылдан тысқа барып.
Бұзауды жайын құсап жұта салмай,
Бордақылап жемеймін қыста не ғып?
Көз тоятын көлемің болғанда егер,
Фарш қып шайнар едім ұстап алып.
Сен менің жұмырыма жұқ болмайсың,
Балаларға бермесем түшпара қып.
Мұхтар:
Айналдым Балғынбектей есіл ерден,
Бұл есіл ер болмаса көсілер ме ем?
Қандай балық болсам да, Сырдың ұлы,
Қай кезден ақ осы елдің төсін емгем.
Қысқа балық болмайды деп мен секілді,
Балғын аға, сахнада шешілер ме ең.
Андай балық, мындай балық теңім ед деп,
Көңілің арылмады қос үрейден.
Қандай балық болсақ та жарты сағатта,
«Капченный» боп кетерміз ау осы жерден.
Есінеген аюдай үңгірдегі,
Дауысың залға сыймай күмбірледі.
Балдарға түшпара ғып берем дей ме,
Жеңіл ас деп ойлай ма бұл бір мені.
Бала менен шағаға қор қылғанша,
Асасаң өзің асап тындыр мені.
Бірақ та ұмытпассың Алланы да,
Жүргесін бес уақыт жалбарына.
Балғынбектей ақынға жем болам деп,
Ағайын, шыққан жоқпын алдарыңа.
Біреудің баласында нең бар сенің,
Маған әбден көңіліңнің қалғаны ма?
Ашығып, ас таңдамай жей берсе егер,
Сақалыңды орып бер балдарыңа.