Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Балғынбек пен Мұхтар айтысы (5-бөлім)

Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов · 2 мин оқу

Мұхтар:

Балғынбектің көңілі жаз ғой әлі,
Өйткені бұл өмірдің аз баяны.
Балғынбек ағамның бір қасиеті,
Бір мақамды тез бастап, тез қояды.
Жетісудың мақамын тастай салып,
«Хайлайліммен» мінеки, көз бояды.
Сөзі өтпей жатқанда бұл ағалар,
Осындай мақамдарға көз қояды.
Аралда сасқандығың соншалықты,
Көмейіңе келді ме саз баяғы.
Момақан молдалығы жолда қалып,
Бақсы боп шыға келді бәз баяғы.
Біз жырмен көмкермейік қайтіп тойды,
Бірақ жыр қып өрейік тәртіпті ойды.
Менен гөрі Бекежанға Жүрсін ағаң,
Ұқсайды деп бұл Балғын шалқытты ойды.
Қол астында қызмет еткеннен соң,
Сенің бұлай дегенің артық болды.
Жүрсін аға, уәзірің аяр екен,
Сын сағатқа келгенде тайқып қалды.
Отыз жетінші жыл келсе ең бірінші,
Кімді аттыратынын айтып қойды.

Айтыстан көп болған соң теңгең үйген,
Баптап-баптап жіберед жеңгем үйден.
Тектілікті танығың келсе егер,
Аралға кеп күй менен термені үйрен.
Сен деген Жетісудың жігіті едің,
Жұмаға мінгендей ақ кенже жирен.
Қасыңдағы досыңды сатпауды сен,
Сартайларды өсірген төрден үйрен.
Ау, Бәке, адалдық пен мәрттікті сен,
Осындағы небір, небір ерден үйрен.
Атқа мініп, алтын тон жамылса да,
Атасын ұмытпайтын елден үйрен.

Бұл Арал ақ сертінен таймаған жер,
Желіге асау құлын байлаған жер.
Таңдай суын жұттырып талайлардың,
Нұртуғандар сан рет сайраған жер.
Білегіне жүрегі сай келгесін,
Батырлары қылышын қайраған жер.
Қонақтары төріне шығарғанда
Мұрны мен мұртын қатар майлаған жер.
Ал, енді Ақшатауға келер болсаң,
Ақша үйілген жер деп талайлар ойлаған жер.
Бірақта негізінде ол Ақшатау,
Өзінің құндылығын жоймаған жер.
Ақша менен алтыннан артық шығар,
Жақайымдай атамыз жайлаған жер.

Мен қара су боп кеттім, сен қалайсың?
Жақсы айтыс болып жатыр ел қалайтын.
Қалғанын қазыларға қалдырайық,
Ақындардың бәріне тең қарайтын.

Жорғадай су төгіліп жонымыздан,
Біраз шаң бұрқыраттық жонымыздан.
Қалғанын қазылар мен халық білер,
Көрерміз бағымыздан, сорымыздан.
Мықшыңдап біраз айтыс жасадық қой,
Білмеймін не шыққанын онымыздан.
Сахнадан тату боп тарасайық,
Қол соғып шуласын ел соңымыздан.
Айтыстың соңында бір қысайыншы,
Аюдың табанындай қолыңыздан.

Балғынбек:

Бізді шайқап жіберді ау, тапал Алшын,
Сүйінбайға дес бермес Қатағансың.
Мұхтаржан, екпініңді айттым мана,
Айтыста талайларды тапағансың.
Ақындар біз самсаған жұлдыздармыз,
Ал, Жүкең күн емес пе шапағы алтын.
Жүкеңді ататұғын дұшпан шықса,
Балғын оның жолына жата қалсын.
Жиенбаев ағам мен Жүрсін ағам,
«Мемлекеттік сыйлық» деген атақ алсын.
Бір-біріне оқ атпай Бекежандай,
Екеуі де сыйлықты қатар алсын.
Ағаңды балық қылдың, аю қылдың,
Ал, енді қоштасуға қайырылдың.
Дес бермес сендей мықты қарсыластан,
Менің де келмей отыр айырылғым.
Қоштассақ, қоштасайық көрерменмен,
Желкенін түсірейін қайығымның.
Бірлігі бөлінбесін деп тілеймін,
Іле, Сыр, Ертіс, Есіл, Жайығымның.
Мен де тұрып қағайын арқасынан,
Қол түгіл жол беруге лайық ұлдың.
Бағасын шапалақпен беріңіздер,
Той бастаған қос бірдей шайырыңның.

2012 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз