Жарқынбек пен Балғынбек айтысы (1-бөлім)
Жарқынбек Наушабеков, Балғынбек Имашев · 3 мин оқу
Жарқынбек:
Оңтүстігім, ордалым,
Әлемге мәшһүр есімі.
Көмкерілген бау бақша,
Алланың берген несібі.
Жарқын күнге жеткізген,
Азаматтардың шешімі.
Осы елден өтіпті
Жібек жолындай көші ірі.
Ақ алмастай жарқылдар,
Қонақжай, дархан халқым бар,
Ақ тілекпен келгенге
Айқара ашық есігі.
Тектілік көріп еліңнен,
Береке көріп жеріңнен,
Мекендеп қапты далаңды
Қазақтың қанша дос ұлы.
Оңтүстігім, армысың,
Төрт көзің түгел бармысың,
Туысқандық пен татулық,
Достықтың болған бесігі.
Бұл өлкені ежелден,
Мекендеп еді нар бабам.
Оңтүстігім, шырайлым,
Сақтардан қалған сардалам.
Сақтардан кейін айталық,
Бірлестік құрып тайпалық,
Қаңлылар өмір сүргенін
Танимыз тастан, таңбадан.
Одан кейін ғаламат,
Түркілер құрған қағанат,
Бір ғасыр өмір сүріпті,
Білмейтін оны бар ма адам?
Түркештер билік құрғанда,
Көз тігіп әлем бұл маңға,
Исфиджап пен Фарабқа
Ағылып еді бар ғалам.
Қарлұқтар өмір сүргенде,
Қытайлар басып кіргенде,
Жерімді жатқа алдырмай
Алдаспанын қамдаған.
Қарахандардың дәуірі,
Дәуірдің болып тәуірі,
Мемлекеттік дін етіп,
Ислам дінін қолдаған.
Солардан қалған мәдениет,
Әлемге ашқан жол маған.
Жерімді жаудан қорғаған,
Жәнібек, Керей нар бабам.
Қазақтың туын тігуге
Созақтың төрін таңдаған.
Бастауы болған мұраттың,
Жердегі түрі жұмақтың,
Оңтүстік деген қазаққа
Берілген сыйлық Алладан.
Балғынбек, жүрген жансың бата қонып,
Келеміз екеуміз де қатар өріп.
Шымкентке жаңалық боп кеп тұрсың,
Оңтүстіктің тойына сапа болып.
Шымкент талай-талай шақырса да,
Шалқайып жатушы едің сақа болып.
Талай-талай айтысқа шақырып ем,
Қонақ бол деген едім жата қонып.
Баяғыда бұл елге бір келіп ең,
Желкілдеп кекіліңіз бота болып.
Содан кейін бес жылдай келмей кеттің,
Жоқ әлде жүр ме едіңіз қапа болып?
Сол бес жылда жүн шығып бетіңізге,
Самырсындай кетіпті сақал өніп.
Сексен жылдық облысқа құрдас құсап,
Селкілдеп кеп қалдың ба, ата болып?!
Балғынбек:
Жарқынбек, сенің атаң боп отырмын,
Тарихты тізбелемей тек отырмын.
Бұл сақалым Мұхаммед пайғамбардың,
Тастап кеткен сүннеті деп отырмын.
Ламашәріп дін заңын жаңаша қып,
Сол заңнан күнде таяқ жеп отырмын.
Басқа жерде қысылып, қымтырылып,
Онша-мұнша келмейді көп отырғым.
Ал, оңтүстік дінімнің діңгегі ғой,
Көңілім алаңдамай бек отырмын.
Бір сыйласа Шымкент сыйлайды деп,
Сақалымды сапситып кеп отырмын.
Айналған тың қаладан Нұр қалаға,
Астана алтын алқа бұл далаға.
Есілімнен шыққаннан есім кетіп,
Шын қуандым жеткенде Шым қалаға.
Себебі, Оңтүстігім құтты мекен,
Киелі құндақ болған кіл данаға.
Құлыншақ, Майлықожа, Мәделілер,
Құлжадай ойнақтаған шыңда ғана.
Нәзір Төреқұлов пен Сұлтанбектер,
Сталинмен санасқан тұлға дара.
Кешегі Өзбекәлі ағамыздың,
Бағасын біліп жүрміз мұнда ғана.
Әдебиетте Әлімқұлов, Сүлейменов,
Ие болған алыптар дүр бағаға.
Көпбай, Тәушен, Әселхан ақындардың,
Әр шумағы татиды бір қараға.
Ғашықтарды тербеткен әніменен,
Шәмші ағамның қайығы тұр жағада.
Асқаровтан кейінгі Асқар әкім,
Шымкентті айналдырған гүл қалаға.
Торқалы тойларыңа тілек айтып,
Балғынбек балпаң басып кірді араңа.
Жаужүрек мың баладай болмасам да,
Құшағыңды аш ақ жүрек бір балаңа.
Келмей, келмей, келген соң зарықтырып,
Көрерменді алмайық жалықтырып.
Өлеңімді әзілмен әдіптейін,
Тойға келген қайтсыншы халық күліп.
Балғынбекті ата қылдың, сақа қылдың,
Шымкентке келгенімді тарих қылып.
Директор болыпсың ғой Мәдениетке,
Айтайын бұл хабарды анық қылып.
Қозы қарын байланып қалыпты ғой,
Әйтпесе, жігіт едің арық тұрық.
Сахнаға шыққаннан жалтыр басың,
Жанарымды барады қарықтырып.
Иек түгіл төбеңе түк бітірмей,
Құдай сені қойыпты ау ғәріп қылып.
Жарқынбекке жақсылық жасайыншы,
Тілектес екенімді таныттырып.
Мен саған жүрегімді жұлып берем,
Демесімді отырсың анық біліп.
Бірақ та сақалымды қырып берем,
Басыңа киіп алсаң парик қылып.