Балғынбек пен Мұхтар айтысы (4-бөлім)
Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов · 2 мин оқу
Домбыра алып келген соң қолға бүгін,
Көрінсін топ алдында жорғалығым.
Жақайымның тойы ғой бүгінгі той,
Көрдің ғой Балғын аға, зор қадірін.
Шектінің шежіресін шерте берсең,
Ұрпаққа тәлім болар ол да бүгін.
Сахнада негізі керек емес,
Балықтығым, немесе молдалығым.
Жақайым Қыз Жібекпен мақтанады,
Сұлулық символы ғой ол мағлұм.
Бірақ та Төлегенге қосылмаған,
Тағдырдың бастан кешіп сор дәуірін.
Мен болсам Төлегеннің інісімін,
Қызғыш құстай білетін көл қадірін.
Бәріміз Жетірудың баласымыз,
Жабысқан болмаса да жан бауырым.
Ал, ағайын, бұл сонда не боп кетті,
Құда бала болдым ба сонда бүгін?
Жақайым құдаларын құрметтейді,
Балғынбектен сыйлымын онда бүгін.
Сәйгүліктей сауырым қызғанда анық,
Жөн болар бір қамалды бұзған барып.
Бұл Бәкеңді Аралға алдырамын деп,
Біз қаншама бұл жақтан звандадық.
Барған сайын ағайын байқадың ба,
Ызаланып қарайды ызбарланып.
Бет-ауызың Бекежаннан аумайды екен,
Оны халық та аңдады, біз де аңдадық.
Төлегеннің тағдыры еске түссе,
Бұзылар көңілді күй, ізгі ән қалып.
Өгіздей қып өкіртіп өрге айдаған,
Өш алғым кеп тұрады сізден барып.
Балғынбек:
Жарылыс боп зәрені ұшырғанда,
Бар бәлені жабады мұсылманға.
Қатысым жоқ Бекежанға Үйсін едім,
Өш алам деп сен менен құшырланба?
Мүміндерге дос Аллам,
Қылма мені осалдан,
Елге келген қонақтан,
Масқара ғой өш алған.
Заман туып кетті ме,
Шаш ал десе, бас алған?
Бекежан деп Балғынды
Бұл Мұхтардың есі ауған.
Мен Бекежан емеспін,
Басты ауыртпай, пошел вон!
Өш алам деп шақырсаң егер мені,
Осы жерге Балғынбек келер ме еді?
Ашып қара көзіңді, Бекежанға
Жүрсін қатты ұқсайды менен көрі.
Теріңе сыймай тырсылдап,
Өш алам деп ырсылдап,
Бекежанға ұқсайтын
Жүкең отыр қылшылдап.
Балғынбекте шаруаң не,
Атқыш болсаң Жүрсінді ат!
Шектілердің қыздарын
Құдашам деп сыздадың.
Атып тастап Жүкеңді,
Тойдың шырқын бұзбағын.
Жүкең кетсе көрерміз,
Шекеміздің қызғанын.
Жүкең кетсе дәуренің тәмам бала,
Көрсетпейді «Хабар» да, «Еларна» да.
Нәжімәддин келгелі әкім болып,
Жылда айтыс жасайтын Арал ғана.
Қосылғанда сөзге әуен,
Айтыс дейтін өзге әлем.
Мақтамаймын әкімді,
Көрмеген соң көзбенен.
Жақсы әкім дегенді
Естіп жүрмін өзгеден.
Ренжітпеймін Сыр елін,
Бермейсіздер білемін,
Астанаға әйтпесе
Керек ед бір Нәжімәддин!
Айналайын атыңнан, Ақұдайым,
Жерді теуіп шабытты шақырайын.
Тезек теріп кетпесін менен кейін,
Кезек беріп Мұхтарды бақылайын.
Айналайын Жақайым,
Дәм тұзыңды татайын.
«Хайлайлімге» салғанда,
Қалай тыныш жатайын.
Сартылдасын саусағым,
Былқылдасын бақайым.
Жыраулардың үйінің
Полын тарсылдатайын.
Жалағаштың Мұхтары,
Сыр елінің сырттаны.
Ұстаймын деп тұтқаны,
Еш ақыннан ықпады.
Дұрыс болды Аралда
Балғынбекпен шыққаны.
Мұхтар сынды дүлеймен,
Сырдан шыққан сүлеймен,
Сенен басқа ақынның
Шыдамайды «духтары».