Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бекарыс пен Шынберген айтысы (3-бөлім)

Бекарыс Шойбеков, Шынберген Сүлейменов · 2 мин оқу

Айтайын еліміздің марқасқасын,
Бекарыс тамырымды дәл басқасын.
Кешегі би мен шешен болған Сартай,
Астарға қоспап па еді Шалқасқасын.

Сөзіңде естіп тұрған байып бар ма,
Бұл Бекең ат қосты деп айыптар ма?
Сегіз қырлы, бір сырлы болып жатса,
Жігітке оған салар айып бар ма?!
Айтатын кезегімнің келді өлеңі,
Шынында маған жақтас ел көмегі.
Бақайымнан шығарып тастап жатса,
Қайта оның туысқан ел дегені.
Анда санда сағынып келген кезде,
Сол ма еді Шынбергеннің көрмегені.
Білемін көкпарға ат сен де ұстайсың,
Тақымына көк серке өңгерері.
Аударғың кеп отырса егер мені,
Бәйге ұстаған жетіп көр енді мені.

Қош келдің дейміз, Бәке, Түркістаннан,
Біздің жақта ас беру үрдіс қалған.
Айтыс сайын жеңесің жұрттың бәрін,
Аумайсың айтыстағы Шыңғысханнан.

Айтайын, Беке, саған сөзімді енді,
Менің де шарықтайтын кезім келді.
Әр сөзіңе жауап беріп отырғанымды,
Мінеки, қалың халық көзің көрді.
Енді менің қайнаған қазан құсап,
Қақпағымды лақтырар кезім келді.

Жеңіп кетіп жүресің кіл айтыста,
Бұл өзі сүре айтыс па, түре айтыс па?
Шыңғысхан дегеніме масаттанба,
Қандай жау тап келеді былай тұста.
Шыңғысханды да білесің ажал жеңген,
Жеңілмейтін шара жоқ бұл айтыста.

Бірің іні, біреуің ағасыңдар,
Бірің өктем, біреуің дарасыңдар.
Ал, Бәке, саған сауал қояйыншы,
Асқа кеп жатқан түгел Алашым бар.
Ақшатаудың басына бір бармадың,
Бармағанына сенесің, нанасыңдар.
Бір жерге би мен ханның асы болса,
Гүл шоқтарын қоюға барасыңдар.
Жақайым атам солардан кем бе еді,
Неге бармай осында қаласыңдар?
Арал жаққа барғанда үйдегілер,
Не көрдің десе не деп барасыңдар?

Бекарыс:

Шынберген, әр сөзімді бос етпейсің,
Ізет қып алдымды да кесе өтпейсің.
Барлық жердің бәйгесін жинайсың деп,
Дүние нені сонша шешед дейсің.
Сен менен аз таппайтын көрінесің,
Ол жағын неменеге өсектейсің?
Шөмішпен құйғандарды санамайсың,
Қасықпен жиғандардаы есептейсің.

Сен біздей ренжідің елге несін,
Бабама бармадың деп шерленесің.
Ақшатаудың басына қалай барам,
Өзің күтіп алуға келмегесін.
Жүрсін ағам барыпты Ақшатауға,
Оның жайын айтайын елге сосын.
Шынбергенді ол жерден көре алмапты,
Көлеңке іздеп кетті ме терлегесін.
Жүрсінге шай беруге жарамапты,
Бекарыс осы жағын термелесін.
Жарылқайды деймісің Бекарысты,
Жүрсінге бір шәйнек шай бермегесін?!

Бұл жерді дей алмаймын босқа тау ғой,
Біздікі сіздікінен басқа тау ғой.
Пойыздан бір директор күтіп алды,
Байқауымша ол кісі жақсы адам ғой.
Жат дегесін үйінде жата бердім,
Менен көрі үлкендеу ақсақал ғой.
Қасында кесенесі жоқ демесең,
Директордың үйі де Ақшатау ғой.

Шынберген:

Бекең сөзі кетіпті майдаланып,
Мен де қалдым біртүрлі ойға қалып.
Сені басқа жігіт деп есептеуші ем,
Нең бар ед Ақшатауға, шайға барып?
Мені ешкім көрген жоқ деп айтады,
Осы жағын ағайын, ойланалық.
Сен де отырсың қасымда Бекарыс-ау,
Тапқан табысымды есептеп, тойға барып.
Сол жерде арнау айтқан мен емес пе ем,
Келген құрметті қонақты жайлап алып.
Батасын алып келдім ағаш үйден,
Әбдіжәміл ағамды жайғап алып.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз