Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жарқынбек пен Балғынбек айтысы (2-бөлім)

Жарқынбек Наушабеков, Балғынбек Имашев · 3 мин оқу

Жақсы ғой, мәдениет үйі көптігі,
Жарқынбек жарып қапты би боп міне.
Директор болғаннан соң түсінікті,
Өзіңе көрсетілер сый көптігі.
Бұл бетіңмен кетерсің өсе берсең,
Мәдениет саласын билеп түбі.
Басшы адамдар көрнекті болу керек,
Өзіңе осы бастан үйрет мұны.
Балғынбектің сақалын қаптап алсаң,
Шашыңның білінбейді сиректігі.
Мәдениет емес пе парик кисе,
Мәдениет үйінің директоры.

Жарқынбек:

Айтыста талайларды арқандаған.
Жігіт ем, шаппа шаптан жалтармаған.
Басына парик киген директор деп,
Балғынбек не деп отыр балпаңдаған.
Ал өзінің, ағайын, түрі мынау,
Айналса айналасын талқандаған.
Суммоға түсетұғын жапон құсап,
Жүрісіңе болайын талтаңдаған.
Құлағаны, тұрғанын білмек түгіл,
Қырық күн қырын таппай қомпаңдаған.
Балпаңдаған, ағайын, Балғынбекті,
Адам емес ат сүйреп тарта алмаған.
Дегенменен жақсы ғой семіргенің,
Арық адам болғанша қалтаңдаған.
Бұтынан бұзау өтсе былқ етпейтін,
Аулыңа келіп қапты аңқау балаң.
Құнан қошқар секілді қой соңында
Құйрығын көтере алмай салпаңдаған.

Балғынбек мына сөзің қиын соқты,
Тастадың ду күлдіріп дүйім көпті.
Қисық сөйлеп отырсың қырсықтанып,
Аралап көрген жансың қиыр шетті.
Сақалыңыз парикке жарамайды,
Амалдап жасамасаң киім щетка.

Оңтүстік, мына маған ақ бесік ед,
Айқайлап аламанға ат қосып ед.
Құрдасыма айтар көп қалжыңдарым,
Балғынбек айтыстағы нақ досым ед.
Үмметіне сай бол деп сүннетіме,
Қалдырған пайғамбарым жақсы өсиет.
Ал, бұл болса сақалын саудаға сап,
Байқасам сақал құнын қатты өсіред.
Мен де өзіңдей бірімін қыршаңқының,
Оңдырып айтпаймын ғой әсте тілек.
Сақалыңды көрген соң еске түсті,
Айтатын отыр бүгін нақ сәті кеп.
Менің атам өмірден өтер кезде,
Сақалы сенікіндей қатты өсіп ед!

Балғынбек:

Жарқынбек жігіт едің аққу свет,
Отырсың айғыр құсап көп кісінеп.
Менің қойған сақалым сіздің жақта,
Киімнің тазалайтын щеткасы ма ед?
Марқұм болған атаңды айтқан кезде,
Көз алдыма кеп қалды ескі сурет.
Менің де әкем өмірден өтерінде,
Шаштары сенікіндей көп түсіп ед.

Несіне Жарқынбектен сескенейін,
Несіне құрдасыма дес берейін.
Сақалдан щетка жасап алам дейді,
Ол жағын бір түртіп ап ескерейін.
Көп іздеп тал бойымнан мін таба алмай,
Семіз деп тиісесіңдер кешке дейін.
Мен секілді балпаңдап жүрер едің,
Шешеңнің төсін емсең беске дейін.

Жаңағы сөзің сенің астамшылық,
Жатыр ғой небір пәле достан шығып.
Балғынбекке ілесіп шабар болсаң
Сауырыңа шабытты бас қамшы қып.
Мәдениет басшысы болсаң егер,
Ұлтыңның өнеріне қоссаңшы үміт.
Ауылдарда клубтар қаңырап тұр,
Араққұмар боп кетті жастар сынып.
Кей жерде кітапхана атымен жоқ,
Сәуле түспей үзілді рас қанша үміт.
Директор болсаң соны түзесеңші,
«Жол картасы» секілді жоспар сызып.
Ал, сен болсаң басыңды күйттеп жүрсің,
Әңгімең жоқ айтатын шаштан шығып.
Халықтың саған қарап көзі жетер,
Балықтың жатқандығы бастан шіріп.

Жарқынбек:

Ойыңыз тағы қызық тастатылып,
Директор мен бас болды-ау бас тақырып.
Мәдениеттің жағдайы мүшкіл дейсің,
Бос сөздерді қайтесің бос сапырып.
Талай-талай мәдениет ошақтары,
Тоз тоз болып кетті ғой босқа тұрып.
Елордада жүрсің ғой айтқыш болсаң,
Мұнда келіп отырсың бас қатырып.
Мен емес саған келер сөздің бәрі,
Балықтар жатса егер бастан шіріп.
Жаңалықтың көкесі сізде екен ғой,
Астанадан іздесей асқан сынық.
Мәдениетке жанашыр, иман жүзді,
Тұлпарлар тұр аяқтан ақсатылып.
Бекболат, Жүрсін ағам жұмыссыз жүр,
Шындықты айтқаннан соң қатты ашынып.
Сақалдыны сылап, сипап, шетке ысырып,
Барады мұрттыларың басқа шығып.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз