Мұхтар мен Айбек айтысы (3-бөлім)
Мұхтар Ниязов, Айбек Қалиев · 3 мин оқу
Алақұйын тіліңмен алас ұрмай,
Шай ішіп, демала тұр, ағашым жай.
Шашты айтсам алыптарды алға салып,
Айбек аға, бір айла табасың-ай.
Әлекең, Жүкеңдердің бәрін айттың,
Үлгіні осылардан алатындай.
Бұлар жүрген соқпақтар ауыр еді,
Шаш түгіл басың түсіп қалатындай.
Айбекті Мұхтарменен бөлме дейсің,
Жалағашым бәріне жанашырдай.
Елжіреп ет бауыры тұрады әркез,
Өйткені, Сыр Алаштың анасындай.
Алдындағы қос ақын мынау елге,
Көзінің ағы менен қарасындай.
Ағыбай мен Бұхарбай қандай болса,
Айбек пенен Мұхтар да дәл осындай.
Сөйлемес ем кеудемді теппей жүрек,
Мұхтар енді халыққа беттейді көп.
Мен өзім Табындардың жиенімін,
Кетейін бұл жағын да көпке әйгілеп.
Әкеміз Текелердің қызын алған,
Әулетім осылармен көктейді деп.
Табынның табындығы кетсе дағы,
Ешқашан тамырлығы кетпейді деп.
Құзғындай шұқыламай өлексені,
Басайын бабам жүрген өр өкшені.
Бұхарбайдың қос баласы би болыпты,
Қысылғанға тиетін көмек себі.
Алты алашқа әйгілісі – Алданазар,
Туралығы оның да бөлекше еді.
Бар адамның бәрінде бар дегенмен,
Көтібардың орыны ерекше еді.
Өзің жақта, Торғайда отыз жылдай,
Болыс болған еңбегін ел екшеді.
Яғни, көрдің бе аға, мен шындасам,
Бағындыра аламын демек сені.
Сол бабамның ерлігін бір қайталап,
Уысымда ұстауым керек сені.
Дірілдемей бақайым, башпайым да,
Бұл тойда толқымай сөз бастайын ба.
Ақтарсаң сен тарихи деректерді,
Мен де бүгін, ағасы, ашпайын ба.
Қоқандар қара бөгет салған кезде,
Су болмаған бұл жердің рас бойында.
Ақыры, Мысық билер ақылдасып,
Оларды жүгіндірді ақ сойылға.
Ер бабам ерен ерлік көрсетіпті,
Жалынды рух ойнап жас бойында.
Бұхарбайдай бұлқынып келіп едім,
Атамның шабайын деп ас тойында.
Қарабөгет секілді Қалиев тұр,
Ағайын, аспайын да, саспайын да.
Нағашымның қылышын бір көтеріп,
Тас-талқанын шығарып тастайын ба?!
Айбек:
Қандырып өлең жырға сарайды енді,
Ағаңыз енді саған қарай келді.
Қыр дуанды жайлаған бабаларым,
Сыр дуанды жапсарлас, жанай қонды.
Қиын қыстау кезінде Торғайлықтар,
Осынау Сыр бойына талай келді.
Арып-ашып жеткенде бауырласқа,
Сырдың жомарт елінен арай көрді.
Мұхтар болса тас-талқанын шығарам деп,
Көздеріне қан толып қарай берді.
Қонағын құдайындай күткен мынау,
Алты алаш жомарт елге санай келді.
Сарыжелекті қызғанған Әлімдердей,
«Шевролетті» қызғанып қарай берді.
Ақсақалдай асығыс іс жасасаң,
Жанқожаң мен болайын жарайды енді.
Елге келген қонаққа есерленіп,
Қылыш ап жүгіргенің қалай болды?
Елімнің өткен әркез қорғаны боп,
Баһадүр, ер Бұхарбай заңғарың ед.
Бұхарбайдың қылышы өзің айтқан,
Бабамыздың көзіндей ардағым ед.
Бағалап сол қылыштың асылдығын,
Кезінде орыстар да аңғарып ед.
Хатқа жазып қалдырып тарихқа,
Кезінде ғалымдары таңғалып ед.
Мұхтаржан, кесем десең, міне басым,
Бойымызда қасықтай қан қалып ед.
Батырға серік болған наркескеннің,
Қасында басымыздың салмағы жоқ.
Айтып-айтпай немене Бұхарбайдың,
Қылышы кескен бастың арманы жоқ.
Жалағаш жұрт болса да бүгін көрген,
Аз ғана бөлісейін сырымды елмен.
Он таңбалы Табында Теке жұрты,
Кіші жүздің ішінде тұғырлы елден.
Адамшадан туатын Құдайсүгір,
Кемеңгер адам екен ғұмыр көрген.
Одан туған Естекбай бабамыз да,
Адал күш еңбегімен күнін көрген.
Естекбай қамшыменен бір-ақ ұрып,
Құлатады екен жанды қырын келген.
Қарулы қара күштің иесі екен,
Түйені алатұғын жұлып жерден.
Біраз жыл шикіөкпеге зар боп жүріп,
Бұхараға баруды ырым көрген.
Алладан мінәжаты қабыл болып,
Он ұлға татитұғын бір ұл берген.
Нағашысы айтулы Бәйтен батыр,