Бекарыс пен Шынберген айтысы (1-бөлім)
Бекарыс Шойбеков, Шынберген Сүлейменов · 2 мин оқу
Бекарыс:
Ерлері елді аузына қарата алған,
Тапқанын жақсылыққа жарата алған.
Ассалаумағалейкүм, ас берген ел,
Ақшатауға аттанып алатаңнан.
Зарығып осы айтысқа жеттіңдер ме?
Адамдай алты айдан соң жалақы алған.
Топқа түсіп отырмын тәуекел деп,
Мәпелеген ұлың ем балапаннан.
Қызығыңды бөлісіп көбейткелі,
Жолға түстім киелі Қаратаудан.
Арқамды бір қоздырып қайтайын деп,
Аралдың жұрты соқққан алақаннан.
Шынберген, аманбысың иық керген,
Ішіне қанша сөзді түйіп келген.
Әр ауылда айтады өлеңіңді,
Беделің көрініп тұр биіктерден.
Ақшатауға үй тігіп бүгін ғана,
Қауышып қайтыпсың ғой сүйікті елмен.
Атасының асынан қалмайын деп,
Аса қымбат тойларын қиып келген.
Сөйлесе жарасады шайыр нақты,
Қызықтан Құдай бізді айырмапты.
Аса құнды асаба болғандықтан,
Жұрт сен жайлы көп нәрсе пайымдапты.
Мен келмей қала ма деп қам жемепті,
Сен келмей қала ма деп уайымдапты.
Ал, енді Шынбергенге сөз берейін,
Ақыры Аралға кеп қайырлапты.
Атасының тойына көрейікші,
Қанша қап аталы сөз дайындапты?!
Шынберген:
Бұл Бекең кезек берді мақтап болып,
Мен отырмын бір ойды таппақ болып.
Мына залды көрермен ысытыпты,
Қанша жерден халқымыз қаптап келіп.
Кіммен айтысып отырғанымды біле алмадым,
Халық отыр қайта қайта тап тап беріп.
Шапан шешіп, Бекарыс сен келіпсің,
Мына жердің ыстығын аптап көріп.
Мен де шешініп, екеуміз отырайық,
Ақұдайдың елінде аппақ болып.
Бұл асты жылдап күткем, айлап күткем.
Маған ыстық көрінер бұл аймақ тіптен.
Атасы абыз, анасы аңыз болған,
Амандасып алайын әйбат жұртпен.
Қазаннан құт, малынан сүт кетпеген,
Теңізден де үмітін жайлап күткен.
Осы Аралда туылған бір ұлың ем,
Құмында жалаң аяқ ойнап кеткен.
Осы жерде достасып балалықпен,
Осы жерде қоштастым бойдақтықпен.
Елдің қамын ойлаған ер аман ба?
Халық қамын ойлаған қайраттықпен.
Балықшы қауымдарым, армысыңдар,
Ақ айдынның бетінен ойнақ күткен.
Көлдегі сазанның да құйрығынан,
Ауыртпай шанышқымен жайлап түрткен.
Мал баққан маңғаздарым, армысыңдар,
Еміреніп езуінен қаймақ сүрткен.
Өрісіне қозы, лақ, тайлақ біткен,
Қымыран, қымыз ішкен шайнап құртпен.
Мұғалімдер, армысың, жаңа оқу,
Жылының құлпын ашқан тайпақ кілтпен.
Қонақтар, армысыңдар, елге келген,
Құрметіне сай боп бұл жайнап күткен.
Атамның ұрпақтары, армысыңдар,
Басына Ақшатаудың байрақ тіккен.
Бәке, бүгін шаттыққа бой ұрыңдар,
Күлкің бар, қалжыңың бар, ойының бар.
Не айтсаң да көтерем, бүгін енді,
Әзіліңді көтерер той ұлың бар.
Он ақынның ішінде жалғыз түйір,
Жақайым болсам қандай айыбым бар.
Құшақтаймын десеңдер қойыным бар,
Пышақтаймын десеңдер мойыным бар.
Ауыздықпен алысып мен кетейін,
Кеп жатса қолдарыңнан қайырыңдар.