Бекарыс пен Шынберген айтысы (2-бөлім)
Бекарыс Шойбеков, Шынберген Сүлейменов · 2 мин оқу
Естуші ем біздің елді өскен ел деп,
Бұл асқа ағайын мен дос келер деп.
Жақайым атасына ас берді деп,
Алыстан, жақындардан хош келер деп.
Үш төрт жылдай айтыспай қалып едім,
Жүр едім енді қандай көшке ерем деп.
Жүкең де жерлес болып шығып жатыр,
Енді менің қорқатын ештеңем жоқ.
Бекарыс емес аты бек арыстан,
Бекарыспен кез болды-ау мен алысқан.
Келе сала салды ғой өзіңменен,
Үш төрт жыл келіп едім демалыстан.
Көңілімді кетіп жатсың жырға бөлеп,
Сөздеріңнен төгілген сыр да бөлек.
Міне, менің жерлесім шалқып отыр,
Қошеметін естісем нұрға бөлеп.
Арыстанмен айтыссам не тәйірі,
Халқым отыр көңілімді жырға бөлеп.
Иесі қасында тұрып айтақтаса,
Мысық та арыстанды тырнап өлед.
Сенімен қалай енді мақтанбайын,
Бекеңе қалай жырды ақтармайын.
Бабамызға ас беріп жатқан кезде,
Несіне шаттық кернеп шаттанбайын.
Кезегіңді ал енді Бекарысжан,
Бір сөйлесем деп отырмын тоқталмайын.
Шамалы айтып кезекті өзіме бер,
Байланыстан тыс жерде боп қалмайын.
Бекарыс:
Алдына шыққаннан соң әділ елдің,
Тарасын жалпақ жұртқа тәлімі ердің.
Жігіттерің келді де көмектесті,
Микрафон шықпайды деп мұң шағып едің.
Бұл жерді аптап ыстық қылды дейсің,
Себебін сұрамайсың не ғып оның?
Тар сарайға халықты қамадың кеп,
Сол жағына өзім де әбігермін.
Елдің бәрін бәйгеге қосатындай,
Қамау терін алдың-ау қалың елдің.
Әзілді түсінетін ағамсың ғой,
Демеймін сөзге ұтылар жамансың ғой.
Үш төрт жылдай айналып қайтып келген,
Ағамның тағдырына алаң сынды ой.
Қайтқан малда қайыр бар дейді қазақ,
Мал-палға қарағанда адамсың ғой.
Шынберген жұрт біледі беделіңді,
Сеземін әзіл сөзге шеберіңді.
Сыртыңнан естіп қалдым мына жұрттан,
Бәйгеге ат қосамын дегеніңді.
Бәйгеге ат қосқаның аз болғандай,
Айтысқа кеп көрсеттің өнеріңді.
Аламанға ат қосу айып емес,
Алла жазса аларсың керегіңді.
Алты алашқа атағың шыққан кезде,
Атыңмен жағаласып не көрінді?!
Сескенбен сенің салған атойыңнан,
Аулақпын ережеге жат ойыннан.
Еліңіз қолдан келсе көмек берер,
Тегіңіз болғаннан соң Жақайымнан.
Бірақ, аға, сен менен жығылып қап,
Жаза тартып жүрмегін ағайыннан.
Намысымды жықтың деп ағайындар,
Сүйреп тастап жүрмесін бақайыңнан.
Шынберген:
Сөзіңе назарымды аударамын,
Санамаймын достардың жауға бәрін.
Ағайын, ақындардың құдығынан
Толтырып алсын жырдың қауғаларын.
Жаңағы сөзіңізге берсем жауап,
Орнатпайын сөзімнің саудаларын.
Қайтқан мал дегеніңде шаруам жоқ,
Білемін қайта шапқан жау жаманын.
Келгенде аударысқа, ақтарысқа,
Жетем деп келген жоқпын көп табысқа.
Балам кетті Семейге жарыс үшін,
Ол бізден жырақ кетті қатты алысқа.
Өзім түсіп отырмын бұл айтысқа,
Ертең атым дайын тұр ат жарысқа.
Баяғы Жақайымдай асыл бабам,
Бойы да мен секілді боп па қысқа.
Жақайым қандай болды десеңіздер,
Мені көрсетіп жүріңдер мақтанышқа.