Жарқынбек пен Балғынбек айтысы (3-бөлім)
Жарқынбек Наушабеков, Балғынбек Имашев · 2 мин оқу
Қашан да биік тұрар ақын ары,
Өйткені ел мерейін асырады.
Оңтүстікте қаншама тарлан өткен,
Куә боп сайын далам жатыр әні.
Мәделі, Шортанбай мен Майлықожа,
Қай кезде дей аласыз тоқырады.
Меккенің сапарында қайтыс болған,
Құлыншақ еді ақынның оты бары.
Нартайға ұстаз болған «Тау құдірет»,
Орынбайдан талайлар қақырады.
Нұрлыбекті ерекше құрметтепті,
Қаратау алқабының атырабы.
Молда мұса, Қазанғап, шайыр Шәді,
Ақындардың ішінде аты нары.
Ергөбекті сыйлапты қазағыма,
Ордалы оңтүстіктің Отырары.
Жат жерде өзі қалып, жыры жеткен,
Бұйырды Назарбекке топырағы.
Тәшкен барып көз жұмған Көпбай атам,
Алақұйын етуші еді сахнаны.
Айтыстағы бар шалды қырып біткен,
Тәушеннен кім айласын асырады?
Айтыс деп қосқан шақта халқым басын,
Балғынбек, таға бердің Жарқынға сын.
Қаншама қабыландардың атын айттым,
Жырларым солар жайлы жарқылдасын.
Күндемей Жарқынбектің жалтыр басын,
Жырлағын осылардың алтын басын.
Балғынбек:
Қылығы болмаса да бізге ұнайтын,
Жанып тұр мұрттылардың жұлдызы айқын.
Бес жыл бойы Үкіметті босатпады,
Кәдімгі мүлік құсап жылжымайтын.
Мусиніңнің тірлігі біткенменен,
«Усигіңнің» түрі бар мызғымайтын.
Алатау түкті жайлау жазиралы,
Қаратау құтты қойнау қазыналы.
«Қаратаудың басынан көш келед» деп,
Басталушы еді қазақтың халық әні.
Күнгей мен теріскейдің қатпарынан,
Мыңжылдықтың тарихы танылады.
Созақты күй, Шаянды ән тербесе,
Ақ жүрек ақжармадай жарылады.
Тұғырлы Түркістан мен Отырардан,
Ғылымның шамшырағы жағылады.
Үш жүздің басын қосқан Ордабасым,
Бірлігімнің шайқалмас шаңырағы.
Жетісай мен Шардара шалқып жатыр,
Көрген адам шын аңсап сағынады.
Қаратау құт деп білген бүкіл қазақ,
Сарыағашқа шипа іздеп сабылады.
Түлкібас, Төлебиде мәуе ағаштан,
Тізіліп тұр жемістің алуаны.
Осылардың бәріне бас боп тұрған,
Шымкентімнің анық қой бағы бары.
Даламды емес адамды жырла десең,
Балғынбек тілден қалай жаңылады.
Шымкенттен екенін ұмытпаймыз,
Қазақтың Қажымұқандай балуаны.
Шымкенттен шыққанын ұмытпаймыз,
Қазақтың Шәмші сынды саңлағы.
Шәмшінің сазы екенін ұмытпаймыз,
Қазақстан елінің әнұраны.
Сондықтан да Шымкентті жамандаған,
Әр адам ақиқаттан жаңылады.
Әлдекімдер Шымкентті «южан» десе,
Жүрегім шым-шым етіп ауырады.
Бекболат Тілеухандай ағамыздың,
Бір сөзі бар тым терең мағыналы.
Шымкент пен оралманды кім даттаса,
Сол қазақтың жауы боп табылады.
Көрсе де қиындықты небір басың,
Жарқынбек ұзақ болсын өмір жасың.
Астанаға аман сау мен жетейін,
Бұл жақта сен аман бол Ленин басым.
Ленинге теңедің деп өкпелеме,
Хан Кененің басы емес сенің басың!
Жарқынбек:
Десек те айшықты әзіл айтысты ашар,
Артықтау кетіп жаттың әр тұста сәл.
Қайта-қайта басымды айта бердің,
Тақырып таппаған соң тартыс жасар.
Басты айтпай орнымыздан тұрайық та,
Ыңғайымыз болса да айтыс жасар.
Қазақтың Жарқынбегін Ленин деген,
Аман бол айтыстағы «Маркс сақал».
Маркс сақал дегенге өкпелеме,
Шәкәрім бола алмайды тәмпіш сақал!
2012 жыл.