Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бекарыс пен Шынберген айтысы (4-бөлім)

Бекарыс Шойбеков, Шынберген Сүлейменов · 2 мин оқу

Біздің ел қалай енді арман емес,
Қонағын жайсыз күтіп алған емес.
Қандай қонақ еліме келген кезде,
Ықыласына кімнің көңілі толған емес.
Шынында жаңа шыққан сегіз ақын,
Олардың ешқайсысы да барған емес.

Бір-бірін өлеңменен баптап жатыр,
Дәстүрін қазағымның сақтап жатыр.
Біреуі батырымыз, би болды деп,
Өз әлінше соларды жақтап жатыр.
Тағы бірі шығып ап ортамызға,
Ақшатауға бармай-ақ мақтап жатыр.

Ой түйесің, ағайын, одан қалай,
Жүргенді жақсы көрем оңайламай.
Көргенді айту керек ақын деген,
Халықты өйтіп, бүйтіп көп алдамай.

Айтпасқа болмас бұл күні,
Түспесін енді жыр құны.
Ақшатаудың ыстық-ау,
Жантағы менен жыңғылы.
Атамыздан тараған,
Жаманақұлы Шыңғыстан
Жақайым деген бабамыз
Көрсеткен көпке үлгіні.
Сол атамнан тараған,
Ағыс, Көгіс, Ақбура,
Тоқбура деген төрт ұлдың
Кесілген дейді кіндігі.
Сырлыбай ханды кім білмес,
Қай ханнан кем дер кім мұны?
Байымбетқұл мен Жылқыайдар,
Жылқаман менен Толыбай,
Жауына сұққан сүңгіні.
Тайжан, Құрым, Байсалбай,
Билердің болған білгірі.
Үш жүз түгел таниды,
Жетес бидей тілдіні.
Мың баланы ерткен кешегі
Сартай биден қалған ғой,
Аңырақайдың да қырғыны.
Болған жағдай бұл дағы,
Аңыз деп жүр-ау бұл күні.
Рамберді мен Қосыбай,
Кім білмес мұндай пірліні.
Аллаға болған құлдығы.
Нұрмағамбет, Нұртуған,
Жаңаберген, Еспембет,
Елімнің болған дүлдүлі.
Айтпақшы Қыз Жібек апамның
Осы жерден естілген
Шолпысының да сыңғыры.
Әбдіжәміл атаммен танылған,
Тарлан теңіздің тірлігі.
Құлақта қалған әуенмен,
Кешегі Бекұзақ ақынның
Домбырасының күмбірі.
Оңталап ақын шығарған,
Талай елге құндыны.
Бүгін де жүр жыраулар,
Берік ағам Жүсіпов,

Демеу менен Айбекпен
Түрілген жырдың түндігі.
Елмұра менен Набаттар
Бола білген Сыр гүлі.
Бұл жердің ән боп шалқиды
Баласының да былдыры!

Бекарыс:

Тарқаттың туған елдің шежіресін,
Шынберген, тағу қиын сөзіңе сын.
Арнауын тыңдай берсем бұл ағамның,
Абызбен сөйлескендей сезінесің.

Біздерге болсын сенің оң қабағың,
Барлығы бірдей емес жолдаманың.
Алдыңкүні келіп ем, Тәшкен жақтан,
Сол жайында кішкене толғанамын.
Жақайым бабаң сонда жатқан жоқ па ед,
Құдайдың тірлігіне бар ма амалың?
Сен маған Ақшатауға бармадың деп,
Бекарысты бекерге қорламағын.
Барлығың бер жағынан қайтып келдің,
Басынан келіп тұрған мен ғанамын!

Болмасын бірін-бірі талағандай,
Шынберген ілтипатпен қарағандай.
Нұртуған, Нұрмағамбет секілденіп,
Байыпты сөйлеп отырсың бабалардай.
Қара сөздің қаймағын қалқып алған,
Әбдіжәміл ағам бар қара нардай.
Бұл елдің қаймақтарын тере берсем,
Сірә, кімнің жүрегі дауалардай.
Айтбай Көшербаев ағаңыз бар,
Қандай ауыр іске де жарағандай.
Қазақтың жақсысы мен жайсаңының
Жартысы Жақайымнан тарағандай.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз