Мұхтар мен Айбек айтысы (5-бөлім)
Мұхтар Ниязов, Айбек Қалиев · 2 мин оқу
Кең жайылып тұрғанда керегеміз,
Қозады ағайын жұрт делебеңіз.
Ауылына әкеп сабады деп кінәлама,
Жол танымас жан ба едік, немене біз?
Қостанай, Торғай жаққа барған кезде,
Кеңитіні шамалы керегеміз.
Өздерің дәл осылай соғасыңдар,
Біз қайбір қонақ болып еленеміз.
Қонақты қуып жүріп тістелейтін,
Өздеріңнен үйренген «өнегеміз»!
Бірақ одан бас жарылып, бет іспейді,
Демеңіздер, ақылың жетіспейді.
Арғымақтар шыққасын аламанға,
Бір-бірін не тебеді, не тістейді.
Кезінде Наурызбай мен Бұхарбай да,
Бір бірімен қырылған оқыс дейді.
Ақыры Хан Кене кеп араласып,
Алысқанмен алысқа кетіспейді.
Сондықтан да, ағасы, айып етпе,
Ініңіз қимылдаса оқыс мейлі.
Айтыстың соң жағында татуласам,
«Ер азамат шекіспей, бекіспейді».
Айбек:
Алқаңда сөз сөйлесем арқаланып,
Болмайды жұртым арқа-жарқа не қып?
Кешегі Кеңестің кер заманында,
Тарихым бұтарланды, балталанып.
Талай ердің есімі ұшып жатты,
Шежіре Бәйтеректен жаңқаланып.
Ол кезде Бұхарбайдың атын айтсаң,
Ешкім еркелетпеуші ед, арқа қағып.
Сейітнәби мен Төлеген қаймықпастан,
Елдің жүгін көтерді арқаға анық.
Орнатып батыр баба құлпытасын,
Танытты тектілік пен жалпы ағалық.
Камал мен Тыныштықбай кітап жазып,
Бөленген алғысына ортақ анық.
Жүз сексен жасын тойлап берген екен,
Баймақанов, Далдабаев, Шауқаманов.
Сіздердей ел тұрғанда өшпек емес,
Ағайын, Бұхарбайдай шалқар алып.
Бабасының атағын аспандатқан,
Жалағаштың төрінен тарқама құт!
Сен едің Сыр бойының зеңбірегі,
Зеңбірек екеніңді ел біледі.
Түсініп, тәубеңе де кеп жатырсың,
Байқаймын, осы Мұхтар жөн біледі.
Інілердің ішінде ірісісің,
Саған деген көңілім мөлдір еді.
Тектінің Бұхарбайдай жиенісің,
Бектігің бесенеден белгілі еді.
Алашқа ортақ туған бір ұл едің,
Сен десе ел жүрегі елжіреді.
Мұхтаржан, осыменен тоқталайық,
Әңгіме қып айтамыз енді нені?
Қонақ болып еліңе келіп қалдық,
Бауырымсың деп жүрген жол біледі.
Біздің Торғай айтысқа сен келгенде,
Меккеге қадамыңды оң қып еді.
Қажылыққа жолдама беріп саған,
Сен десе көңілдерін кең қып еді.
Мәрттігі сарттығынан басым тұрған,
Жігіттің біреуі едің кең жүрегі.
Арғы жағын айтқызбай түсінерсің,
Ауыздың қайда екенін қол біледі.
Мұхтар:
Ауыздың қайда екенін қол біледі,
Ауылдың қайда екенін жол біледі.
Менен несін сұрайсың, оның жайын,
Қасымызда отырған ол біледі.
Айекең не айтса да отты айтады,
Қалайша зеңбіректен оқ қайтады?
Жалағаш мырзалықтан жаңылған жоқ,
Демеңіз Мұхтар інің қатты айтады.
Бұл жерге жаяу Мұса боп келген адам,
Шорманның Мұстафасы боп қайтады!
Халыққа айтып жатсың толымды ақыл,
Тұрсақ енді тұрайық оның да ақыл.
Мұхтар сенен аямас ештеңені,
Бірақ менің қай айтқаным болып жатыр.
Жүкең деген жездең ғой өзіңіздің,
Барлығы сол кісінің жолында тұр.
Ғалым ағам Арғынның мықтысы еді,
Бас қазы болатұғын порымда тұр.
Желідегі жүйріктің барлығы да,
Жездең менен ағаңның қолында тұр.
2012 жыл.