Балғынбек пен Мұхтар айтысы (1-бөлім)
Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов · 2 мин оқу
Балғынбек:
Аралды Арал десем кім білмеді,
Алшаңдап топырағында кім жүрмеді?
Атасына ас берген арда жұртқа,
Мен келдім құрметімді білдіргелі.
Астанада жатыр ем, Жүрсін Ерман
Қоймастан осы айтысқа «жүр, жүрледі».
Қоймаған соң, қайтейін, келіп тұрмын,
Әперетін шығар деп бір жүлдені.
«Лондоннан» бастайыншы әңгімемді,
Қызуы суып әлі үлгірмеді.
Илья Ильин – Жақайым деп естіп ем,
Бұл сөзді айтқаным жоқ күлдіргелі.
Екі мәрте олимпиада чемпионы:
«Сырды туып, Сырда өскен ұлмын» деді.
Жеңісінің себебін сұрағанда,
«Қазы жеп, қымыз ішіп жүрмін» деді.
Қазақша «Құдай қаласа, Бразилиядан,
Үшінші алтын алғалы тұрмын» деді.
«Құдай қаласа» дегенге ішім жылып,
Қуантты орыс ұлдың тіл білгені.
Ағайын, соның бәрі сенің арқаң,
Топырағың құм емес, жырдың кені.
Қасиетіңнен айналдым, орысты да,
Құдайшыл қып өсірген Сырдың жері.
Астарың қабыл болсын, ал, Жақайым,
Намысы наркескендей нар Жақайым.
Ішім толып қалыпты айтыс болмай,
Ендеше қызыл тілді сарнатайын.
Болғанда жағым – садақ, тіл – адырна,
Жырымды жебе қылып жамбы атайын.
Атасына ас берсе ат шаптырып,
Ағайын, одан асқан бар ма тойың?
Алыспақ керек пе, әлде атыспақ па?
Мұхтаржан, оны саған таңдатайын.
Атыссаң оқтарымды заулатайын,
Алыссаң қызыл құмға аунатайын.
Аралға тұңғыш рет келіп тұрмын,
Сондықтан ұзағырақ толғатайын.
Ұрпағы қара ормандай Жақайымға,
Қара өлеңнен ескерткіш орнатайын.
Ежелден өлең сөзге атам құмар,
«Сыр елі – жыр елі» деп мақал қылар.
Сахнаға Жүрсін, Мұхтар, Балғынбек боп,
Сап етіп шыға келді сақалдылар.
Әйтеуір Сыр елінің әдеті жоқ,
Сақалдыны «террорист» атандырар.
Армысың, Мұхтар бала, Сырда туып,
Жетісудың сарынын мақам қылар.
Құдайдың құдіретін көрмейсің бе,
Біреуді ұзын, біреуді тапал қылар.
Шынашақтай Мұхтардың шамасы бар,
Балғынбектің костюмін шапан қылар.
Өзі нар болмаса да бұл Мұхтардың,
Сөзі бар екпінінен атан құлар.
Тойларың құтты болсын, Аралдықтар,
Әуелі сұрайтыным амандық хал.
Сырдан бесеу алдырып, қырдан бесеу,
Жұптап жатқан қазыда адалдық бар.
Қызылорда мен Қазақстан құрамасы
Айтысты деп айтып жүр тәмам жұрттар.
Жаманақтың асында той бастауға,
Жарап қапты кешегі жаман Мұхтар.
Нұрдәулетпен шықпағаным жақсы болды,
Ол бала екпінінде шабандық бар.
Ержеңіспен шықпағаным жақсы болды,
Баланың өлеңінде балаңдық бар.
Шынбергенмен шықпағаным жақсы болды,
Ол жігітте әншілік мамандық бар.
Қайратпен шықпағаным тіпті дұрыс,
Жершілдік жасайды ғой адамға ықпал.
Қазыларға рахмет шын жүректен,
Бір молда тауып берді маған жұптар.
Халықты зәмзәм жырға қандыршы бір,
Қажыға барып келген халал Мұхтар.
Мұхтар:
Менің де бар қарқыным бір байқалад,
Ағамның көкірегінен сыр байқалад.
«Бір молда тауып берді» деп отырсың,
Мұныңды ағайын жұрт тыңдай қалад.
Сол молда шығармасын жаназаңды,
Күн сайын бере бермес мұндай талап.
Өзіңнің мақамыңмен айтысайын,
Қашан да удың бетін у қайтарад.