Аманжол мен Әсем айтысы (2-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Әсем Ережеқызы · 2 мин оқу
Ақандай әуелетіп ән салғанда,
Біржанды көргендей жұрт тамсанар ма.
Үкілі бөрік киіп алшаң бассаң,
Сәкендей жарасады сән саған да.
Алтайдың ақмаралын қуамын деп,
Қиындық жан-жағыңнан қоршағанда.
Малтығып көбік қарға өкпең өшіп,
Тып-тыныш өміріңді аңсағанда.
Бекер-ақ мына қызға ілестім деп,
Сан соғып, өкінерсіз шаршағанда.
Соңымнан сіз жеткенде сүйретіліп,
Алдыңнан аңшы ағалар қарсы алғанда.
Терісі бұл арланның жақсы екен деп,
Олжа ғып атып алар қансонарда.
Аманжол:
Астанам ардақ тұттым бақ мекен деп,
Азаттықтың мекені шат мекен деп.
Әсемжан, саған қарап жұртым отыр,
Шіркінді қандай ана тапты екен деп.
Жүрсін аға қасына тығылмақсың,
Аманжолдың азуы қатты екен деп.
Апыр-ай, Жүкең көкем қайтер екен,
Жанына тығылғанда ақбөкен кеп.
Ол кісі шұбар жонды жолбарыс қой,
Жұтып қойып жүрмесін тәтті екен деп.
Шабыттың арқасында шалқаралы,
Сайрасам қызыл тілден бал тамады.
Баянтауға қашып сен бара алмассың,
Болмаса ар жағында Қарқаралы.
Себебі, Машкьевич сатып алған,
Ділдәсі көп болған соң қалтадағы.
Әкесінің малындай жұмсап жатыр,
Қазба байлықтарымды картадағы.
Еріккен олигарх ұстап алар,
Ойланып көрсең қайтед, қалқа, тағы.
Тарихта Біржан салдың аты қалған,
Шоқанның мәңгілікке хаты қалған.
Киелі Көкшетаудың жер шұрайын,
Кулагин деген әкім сатып алған.
Солтүстіктің егінін, қоймаларын,
Терещенко, Лужковтар тартып алған.
Мәскеулік алтын қалпақ Лужков мырза,
Жыл сайын бидайын кеп артып алған.
Көкшетауға барғанмен орындалмас,
Әсем қыз, кеудеңдегі асыл арман.
Өр Алтай, Қарт Шыңғыстау арлы мекен,
Табиғат көрік берген жалды мекен.
Қара Ертіс бойлай аққан сулы мекен,
Қара орман, қарағайлы, талды мекен.
Төрт түлігі тел өрген малды мекен,
Атомнан зардап көрген зарлы мекен.
Көктемде ауыл халқын састыратын,
Сай-саласын қар басар қарлы мекен.
Храпунов сатып-сатып қашып кеткен,
Сен баратын дұрыс жер қалды мекен?!
Тұяғын кер төбелдің тағаладым,
Арасын талай жердің араладым.
Алтайға алты аттап баратын қыз,
Мән беріп әр сөзіңді сараладым.
Ағалар атып алар дегеніңді,
Асығыстау айтты-ау деп шамаладым.
Ойланбай ата салар, жарып салар,
Вахабит емес шығар ағаларың?!
Алтайға бара қалсам жақындағы,
Отыр ма маған да оғың атылғалы.
Атады деген сөзді айтпа, Әсем,
Аз ба еді ақындардың атылғаны?!
Рухты көк түріктің тұқымдары,
Қасқырша атылмап па еді ғасырдағы.
Хан Кенені кескілеп өлтіргенмен,
Қырғыздың хан туған жоқ қатындары.
Қарақшының қолынан кесілмеп пе ед,
Ғазиз бас Махамбеттей батырдағы.
Азаттықтың жолында мерт бомап па ед,
Қазақтың рухы мен ақылдары.
Тәуелсіздік алғанда қазақ елі,
Қазақтың атылмасын ақындары.
Сұлатқан құрбы-құрдас қатарыңды,
Құлатқан алтын өркеш атаныңды.
Жайратып НКВД жалғыз оқпен,
Құдыққа тастамап па ед Шәкәрімді.
Марғасқа Мәдиді атып өлтіргенде,
Кебін ғып жаппап па едің шапаныңды.
Алаштың арыстарын атпап па еді,
Сиретіп ақ бөкендей қатарыңды.
Сағынып азаттыққа жеткен қазақ,
Енді ешкім бөгемесін сапарыңды.
Көзінде жас ұрпақтың от болса екен,
Рухани қазынасы тоқ болса екен.
Бүгінгі ақ орданың маңайында,
Рухты арлан қазақ көп болса екен,
Храпунов секілді қашып кетер,
Екіжүзді шенеунік жоқ болса екен.