Аманжол мен Әсем айтысы (3-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Әсем Ережеқызы · 3 мин оқу
Әсем:
Жан емес Жүрсін ағам киік қуған,
Ол Сіз ғой бізді көріп күйіп тұрған.
Алашты айтысымен қауыштырып,
Халқына өнегелі күй ұқтырған.
Жеп қоймас Әсем қызды тәтті екен деп,
Күтпейді ел ондай қылық сүйікті ұлдан.
Қобыланды ұрпағы ғой Жүрсін ағам,
Тұлғасы пенделіктен биік тұрған.
Байлығы ән менен күй, жыр елімнің,
Еліме арналады тілегім мың.
Алтайда түк жоқ деген бұл ағама,
Қажырын көрсетейін білегімнің.
Мастанбай Машкьевичтар нағылады,
Ақ адал болмаған соң ұлы елімнің.
Сенімін үмітімен ақтамады,
Ел сенген Елбасыдай тірегімнің.
Ойрандап кетсе-дағы опасыздар,
Туған жер төріндесің жүрегімнің.
Шыңғыстау, Өр Алтаймен үнін тыңда,
Түлеген тұғырынан түлегіңнің.
Байлығын Храпунов жеп кеткенмен,
Ай-күні аспанында тұр елімнің.
Ол рас, кер бестіні тағаладың,
Тау-тасын туған жердің араладым.
Сіңіріп өсиетін өткенінің,
Қасиетін топырағының бағаладым.
Алаштың астанасы ару Семей,
Әлихан, Сәкен жүрген дара бағым.
Ахмет, Міржақып пен Сұлтанмахмұт,
Оятқан қараңғы елдің саналарын.
Сол жерде Әуезовтей ұл толғатқан,
Құрсағы құтты, алып аналарым.
Оқытып Шәкәрімнің «Ар ілімін»,
Баптаған байыпты ғып балаларын.
Ұрпақты ізгілікке жетелеген,
Дәрия жүрегі кең даналарым.
Ұлтына қай кезде де жоқшы болған,
Вахабит емес менің ағаларым.
Алысқа мен кетпеспін адал болсаң,
Ізгілік нәрі боп тамар болсаң.
Мен Сізден қашып, аға, қайда барам,
Жаныма жақсы іспен жағар болсаң.
Мағжандай маңғаз туған ақын дер ем,
Жұлдыздан «жүзік, алқа» тағар болсаң.
Қайтер ең, осы қазір дәл қасыңа,
Еліктей ерке басып барар болсам.
Алдында мына келген ағайынның,
Осындай жомарттыққа бара болсаң.
Әсемдей қыз көңілін қалдырмассыз,
Сал-сері шыныменен ағам болсаң.
Аманжол:
Моншақтап тер басқанда алқымымды,
Жүйріктей қосушы едім қарқынымды.
Айым, күнім орнында дейсің Әсем,
Арқада әнге басып жарқын үнді.
Айың, күнің орнында болғанменен,
Сыпырып кеткен жоқ па алтыныңды.
Ұрының арты қуыс нанды ұрлаған,
Алаяққа жол берген балдыр заман.
Жеріңді сатып-сатып ұры күйеу,
Ұшақпен ұшып кетті-ау, ...
Қазақстанға ап келіп соттау керек,
Ондай күйеу көп бізде алдырмаған.
Алтай мен Жетісуды ата-бабам,
Храпунов жесін деп қалдырмаған.
Әсем қыз, көке қанат сермедіңіз,
Халқымды тәтті әуенмен тербедіңіз.
Е, бәсе, қашамын деп қайқаңдамай,
Жөн болар жетегіме ергеніңіз.
Ежелден қыз алысып, қыз беріскен,
Құдандалы еді ғой елдеріміз.
Қарқаралы, Шыңғыстау қатар тұрған,
Іргелес емес пе еді жерлеріміз.
Құнанбай Ұлжанды кеп әкеткенде,
Қосылып кетпеп пе еді жеңдеріміз.
Ол аздай Алшынбайдың Ділдәсін ап,
...құда түсіп келгеніңіз.
Мойыныма алқа тақ деп қояды,
Аз ба еді Тобықтыға бергеніміз.
Қашаннан қыз алдында сөзім берік,
Әншейін отырғам жоқ көзірленіп.
Тоқтамыстың қызымен айтысқанда,
Асқақтап кетуші едім сезімге еріп.
Майысып Айнұр сұлу сұрағанда,
Жолымды кетуші едім өзім беріп.
Одан зиян көрмейсің Әсем қалқа,
Қасыма келер болсаң өзің желіп.
Сыңғырлап алтын, күміс шығып қалар,
Қалтамды ақтарып көр өзің келіп.
Әсем:
Арлан боп аттанғанда алып белден,
Сыйыңыз сол ма маған алып келген.
Қыз берсе Қарқаралы Шыңғыстауға,
Тектісін Тобықтының танып берген.
Алуды білген кезде Құнанбайлар,
Қарымта қайтарар жол тауып келген.
Мешіт сап Қарқаралы қаласына,
Оның да жақсылығын халық көрген.
Үй салып Меккеге де қазақ үшін,
Атағы алты алашқа дәріптелген.
Тәуелсіз егеменді ұрпақты аңсап,
Елінің санасына жарық берген.
Құдамыз Аманжолдай біртүрлі екен,
Тобықты көп алды деп қауіптенген.
Құнанбай атам менің ірі екен ғой,
Нән мешіт қайынжұртқа салып берген.