Ринат пен Аалы айтысы (8-бөлім)
Ринат Зайытов, Аалы Тұтқышев · 2 мин оқу
Келгенде екеуіміз керіскелі,
Айып емес ақындардың тебіскені.
Ол рас сауда жасап қазақ әйел,
Өз елінде қылар күн көріс тегі.
Өзге түгіл менің де шешем сатқан,
Жаңағы өзің айтқан семішкені.
Біздің елде әрқашан міне осылай,
Келеді бостандықтың жеңістері.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Жасап жатыр жиырма жылдық анық той.
Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы міне, танып қой.
Қазақ осы алтын, мұнай қазатын,
Қазақ осы биікке қол созатын.
Қазақ осы, қай бәйгеге салсаң да,
Оқ бойымен дара келіп озатын.
Қазақ осы дара келіп озатын,
Қазақ осы, өзі батыр, өзі ақын.
Қазақ осы қатпар-қатпар тарихын,
Қағаз емес тасқа басып жазатын.
Қазақ осы, бір Аллаға сенетін,
Қонағына қолда барын төгетін.
Қырғызға да «қазақ жоқ» деп сөйлеген,
Астанада төрден орын беретін.
Қазақ осы, Абай, Мұхтар, Шәкәрім,
Еш ұмытпаған ұлылықтың қаһарын.
Бар әлемге мәшһүр қылып атағын,
Болашаққа жасап жатыр сапарын.
Қазақ осы, Кенесары, Абылай,
Ер Қабанбай, Бөгенбай мен Ағыбай.
Қазақ осы таудай болып алатын,
Қанша шашып тастасаң да тарыдай.
Қазақ осы Дінмұхаммед Қонаев,
Бір-ақ істің арнасында болайық.
Қыран құс тұр көк аспанның астында,
Қуаныштың омырауын соғайық.
Қазақ осы, Сексен алты, Желтоқсан,
Бостандықтың темір торын серпе ашқан.
Құлағымды саған кесіп берейін,
Бұл қазақтан артық туған ел тапсаң.
Қазақ десе бал төгілер тілімнен шын,
Сөйледік ел құлағы түрілгенсін.
Аалы, қолыңды бер, қоштасайық,
Ринат енді саған сырын берсін.
Мен жақсылық тілеймін қырғыздарға,
Жамандық енді сенен қырын болсын.
Бейбітшілік мәңгі кеп Бішкегіңе,
Ынтымақ ұлтыңызға ырым болсын.
Тоқтардай батыр тауып жеңгелерің,
Ғарышқа да тігілер туың болсын.
Қырғыздың көшін оңға бастайтындай,
Құдайым Нұрсұлтандай бір ұл берсін.
Келешекте Құдайым Қырғызстанға
Қазақстанның бүгінгі күнін берсін!
Аалы:
Әлбетте, сенің жақсы екен,
Аалыға айтқан мақсатың.
Сақталып қалсын қазақта
Ринат деген жақсы атың.
Егер де елің күрессе
Бүліктер қайта атпасын.
Қазақтың күнін берсін дейді қырғызға
Әлбетте жолдарын ашсын да
Жаман жол ешкім баспасын.
Қырғыздан келе жатқан сұр бұлт
Лезде мұнда келе жатады,
Одан Құдай сақтасын.
Айналып өтсін сіздерден,
Ашығын мен айтпасам
Халқыма құнды сөзімді.
Енді менің айтарым,
Еліме міне, қайтамын.
Өздеріңе келгенде
Өкпелегендер тағы бар.
«Мен төкпемін мінсіз» деп,
Төкпелегендер тағы бар.
Менің айналайын, бауырым,
Ашық сөз айтсам қабыл ал.
Білгің келсе шынығып,
Қырғыздың талай төріне барып ал,
Ілгеріде қырғыз деп айтқан,
Қазақта тағы көп айтқан,
Білесің бе,нені айтқан?
«Ауылы жақын күшіктің
Құйрығы қайқы» деп айтқан.
Енді ашық болар а, бәлкім,
Осындай деп сені айтсам.
Енді басқаға сөзді бұрайын,
Мен қырғыздан келген баламын.
Әлбетте, қазақ бір туған,
Одан мен қалай танамын.
Жаным да бірге сенімен,
Сенің жаныңда шығып қарадым.
Рұқсат енді берсеңдер,
Құдай Тағалам бұйырса мен
Бішкекті көздей барамын.
Қазақтар мындай екен деп,
Жаңалықтардан саламын.
Содан қасында жырлап жатамын,
Асанәлідей ағаның.
Бекежанды көрдім деп,
Бұйырса қырғызға айта барамын!
2011 жыл.