Мансұр мен Дәме айтысы (8-бөлім)
Мансұр Бегежанұлы, Дәме Тобақабылқызы · 2 мин оқу
Ал, аға, сенен сырды жасырмаймын,
Орынсыз ептеп айтып, асырмаймын.
Аңласаң, әңгімеме назар салып,
Ақ балдақ тасқа шабар асылдаймын.
Ағатай, қадіріме жетсең танып,
Гауһардың жанған шырақ тасындаймын.
Сабырсыз, салмақсыз деп кемітсең де,
Түбінде озбай сенен басылмаймын.
Маңызы әңгімеңнің шамалы екен,
Бір атым маңызындай насыбайдың.
Ал, ағай, айыбыңды аңламайсың,
Айтты деп ашуланып қалмағайсың.
Болғанмен тілің желді, ернің епті,
Киерлік қабір жазы нар болмайсың.
Көшкенде кереге артып, кемпір мінер
Қисық төс бақырауық қылағайсың.
Кедейді кім нанады бай дегенмен,
Жиылған пұл, айдар малға сай дегенмен.
Шолпанның жұлдыз аты жасырынбас
Жалтырап жаңа туса, Ай дегенмен.
Кемітпе қызырсыз деп Қызылқұмды,
Жерің ғой биыл сенің пайда көрген.
Ал, аға, өрге жүздің өнеріңмен
Шығады түрлі кеңес көмейіңнен.
Казақтан асып келген азамат деп,
Біздің ел құрмет етті-ау, келгеніңнен.
Көзіңе тарыдай нәп көрінбеді,
Канша ішіп, біздің жерден жегеніңмен.
Жер жетпес қадіріңе шөлдер артық,
Болыстың құрметіне муапық деп,
Жай бердік бәріміз де төбемізден.
Ойлаймын бір қиялда жүрісіңді
Халқынан шыққан ба деп безерінен.
Басында қадіріңе халқың жетсе,
Тентіреп, не ғып келдің өз еліңнен?
Түбінде, қанша айтқанмен, шөлде мін жоқ,
Жалғыз-ақ аққан бұлақ, көлдерім жоқ,
Қарақалпақ сараң деп кемітесің,
Ішіне шақырса да, келгенім жоқ.
Шалқақтап, бағынбаған байға қарап,
Бәлені сен шығардың елдегі жоқ.
Тастай бер салмақты сөз, тапсаң егер,
Кісіні Құдай алсын, сасса егер.
Бейнет деп бір құдықты кемітпесең,
Сөздерің – айтқаныңның бәрі бекер.
Ағатай, ілімнен бар талабыңыз,
Бар дейді жазған қағаз-қаламыңыз.
Ел ішкен бұлаққа тең таза құдық,
Бар болса, әр нәрседен хабарыңыз.
Мұныңды өтірік деп айта алмаймыз,
Қаттырақ сол себептен табаныңыз.
Жан болса, жалаң аяқ, кебіс киген,
Ыстыққа біздің қылған амалымыз.
Біздің жұрт ат мінеді арғымақтан,
Құйысқан, күміс жүген жарқыратқан.
Мереке күнде жиын бәйге қосқан,
Байтақты тамашалы халқым жатқан.
Елінің еркегінен қатыны – би,
Кіргені қараңғылық кепеден үй.
Болған соң еркегінен даражалы,
Әйелі ізет тұтып, қылмайды сый.
Қай баққа, қай дәулетке әйелің мас,
Бар болса, жұдырықтай басыңда ми.
Саған сөз айтып болмас қонбаған соң,
Келіп жүр Сырдан кедей оңбаған соң,
Барлығы сыпайыдай сылдырайды,
Жалғыз-ақ жалаң аяқ болмаған соң.
Ағатай, сынадың ба сырымды алып?
Білдің бе мінезім мен мінімді анық?
Қиялмен жоқ нәрсені табамын деп,
Қинады қиял сенің миыңды алып,
Ешкі, қой, есек, сірә, аттан озбас.
Қосылып марал болмас сиыр барып.
Білмейсің басыңа мін болған жерді,
Біздің шөл көңіліңнің толған жері.
Көрген соң Сырдан жәбір түрлі-түрлі
Қаңғырып, басың мұнда сордан келді.
Арыстан, аю болдым дейсің шөлде
Жартас көп құр әшейін тұрған тегі.
Еліңде қарсақпысың, түлкімісің
Абайла, қалдың жұрттың күлкісіне.
Бұл айтқан сөзің сірә, жалған емес,
Дабысың жайылып тұр жұрт ішіне.