Мансұр мен Дәме айтысы (3-бөлім)
Мансұр Бегежанұлы, Дәме Тобақабылқызы · 2 мин оқу
Мен сенің білмедім бе міндеріңді,
Абайлап, тартып сөйле тілдеріңді.
Шығады жалындай боп сыртқа сөзің,
Көрсетіп қояйын ба бір көрімді?
Өсекке ептейлі екен тіл мен жағың,
Қойнымнан ұстап едің түнде кімді?
Өзіңе жақсылықты жөн көрмедің,
Болмаса өнеріңе сенген бе едің?
Басыңды қанша мақтап көтергенмен,
Сөзінің бәлесі көп жерден келдің.
Арпаны ат жейтұғын тамақ етіп,
Сырдағы қырма кедей елден келдің.
Тиеді тікенектей тілің ащы,
Есіңнен кетпейді екен шеңгелдерің.
Елімнің дәулетіне көтеріліп,
Байғұс-ау, лайық па желденгенің?
Ақылың анық кәміл жігіт болсаң,
Адам мен айуанды теңер ме едің?
Мансұр:
Дәме қыз, жаңа білдің шешенімді,
Бойыма таппай, тақтың неше мінді?
Сегіз ай болды шөлге мен келгелі,
Жұрт біліп, неге айтпайды есерімді?
Сен жетік айтар сөзге ақын-ақсың,
Сөзімді жалған деме, нақ расым.
Елді елден, жерді жерден кемітесің,
Балалық мінезің бар, ақымақсың.
Айта бер өз мінімді шамалаймын,
Сонда да жауабыңды тамамдаймын.
Беремін дұрыс сөзге дұрыс жауап,
Айтсаң да бұрыс, тоқтап, қала алмаймын.
Түбінде қыз емессің сен білімді.
Оманның ұзын аққан дариясы –
Жай қылған әулиелер жер бұрынғы.
Қарасаң, он саусағың теп-тегіс пе?
Қайда жоқ азды-көпті елдің міні?
Көтеріп өзіңді-өзің мақтаған соң,
Сырыңды ағаң сенің енді білді.
Жеріме елімменен тілің тиді,
Бұған бер енді менің теңлігімді.
Дәме:
Ағатай, басыңнан мін таппадым ба,
«Менен мін таба алмас», – деп, мақтандың ба?
Болдым деп, шөлге келіп: жалғыз қара,
Жүр ме едің жан келмес деп қапталыма.
Байғұс-ау, елің қожа, төре ме еді,
Дегенің: «Тілің тиді» – сасқаның ба?
Бар дейді мың бейнетке бір рақат,
Жеріңді мақтаймысың жұртқа мына?
Сырыңның қараңғы көр кепелері,
Жалаңаш жазды күні шекпен киіп,
Қураған кедейіңнің шекелері.
Жеріңнің беті шимай атыз-арық,
Жүрмейсің жолды тауып, төте жерді.
Сөзімнің өтірігі болса ішінде
Сынаушы, деші, кәне, бекер еді.
Айтпассың сен жамандап түбі құмды,
Айтарсың кеміткенде – құдығымды.
Кедейің шиқылдатып ала жаздай
Жүргенін мақтаймысың, шығырыңды.
Тұзақ қып, қырғауылға қылын жұлып,
Құйрықсыз қор қыласың тұғырыңды.
Сенімсіз бір-біріне болды халқың,
Көбейтіп қатындарша сыбырыңды.
Жүреді кей кедейің кесірленіп,
Желбегей жеңі болмас сұғынулы.
Көтере көк тарыға киім киіп,
Тапқанын саудагерге тығынулы.
Ал, Мансұр, сол кедейдің сен де бірі,
Айтпасам болмайды ғой қылығыңды.
Мансұр:
Дәме қыз, айтылмаған сырың бар ма?
Тастап айт, өтірікті шының бар ма?
Бәрі рас, айтқаныңның жалғаны жоқ,
Ойланшы тағы тағар мінің бар ма?
Қарақалпақ – сараң ел, қайыры жоқ.
Мырза деп, бекер сөзбен сұлуланба.
Баласы біз қазақтың Сыр бойында,
Жатамыз жайлап-қыстап қыр бойында.
Сырдағы тамашаның бірі де жоқ,
Қырдағы мақтанасың құр қойыңа.
Бейнетсіз рақат жоқ қайда барсаң,
Арамдық – тек рақат жайда қалсаң.
Көмірге көк теңгені алар ма едің,
Күз болса, қимылдамай жайға қалсаң.
Түн қатып, түсің қашып Самарқанға
Түйені айтар едің, айдамасаң.