Мансұр мен Дәме айтысы (4-бөлім)
Мансұр Бегежанұлы, Дәме Тобақабылқызы · 2 мин оқу
Дәме қыз, бұл сөзіңнің шын ба бәрі?
Жұрт отыр сенен сөзді тыңдағалы.
Теп-тегіс малға, сірә, жұрт бола ма?
Аз емес айта берсең құмда жарлы.
Халқыма, тентекпісің, тіл тигізбе,
Бар бізде тоқсан тоғыз машайығы –
Сұлтанның Қаратауда Сырдан арғы.
Сол таудан шыққан байлық қайнап тасып,
Дарияға ағып құяр жылғалары.
Дарияның басы дұрыс Хантәңірден
Аяғы өн қорыққа су барады.
Осының бәрі де бар елдерімде,
Сөзіме я болмаса сенбедің бе?
Қайнаған бұлақтайын дариям бар.
Құмыңды Сыр бойына теңедің бе?
Күн ыстық, көлеңкесіз, көктемі аз,
Сыйы жоқ Кербаланың шөл жерінде.
Ат мініп, асын ішіп жүргеннен соң,
Айыбыңды айта алмадым сендердің де.
Белдестің маймылдай-ақ айуанменен,
Көрерсің жемтігіңді шеңгелімде.
Асу сөз айтылмағы әлі алдыңда.
Айта бер, көзің жетсе, жеңбегіңе.
Кеміттің кедейсің деп, келмей жатып,
Баймын деп мақтандым ба сен көрімге?
Дәме:
Ал, аға, мен сөйлеймін шыныменен,
Білерсің сұрай берсең, сырымды елден.
Көрінген бойыңдағы мініңді айтпай,
Тоқталып тартылады тілім неден?
Аша алмай айыбыңды отыр едім,
Мейман деп, қадір тұтып күніменен.
«Сараң», – деп, – қарақалпақ – бір сөз айттың
Дабысыңды өшіре ғой үніңменен.
Қазақ пен қарақалпақ бастан егіз,
Аралас қашаннан-ақ жатқан елміз.
Жері жаз, суы тұнық болғанменен,
Қоныссыз қор болады шалқар теңіз.
Егіліп түрлі жеміс миуаланса,
Тамаша теңізден де қазған керіз.
Тамаша құмда болмай, кімде болар,–
Асы көп, ақшасы мол, аты семіз.
Аламыз көмір сатып көк теңгені,
Кәсібі еліміздің көптен бергі.
Кигізіп жазыларды нарға артады,
Самарқан, Бұхар барып төгер жері.
Бір нардың қырық теңгеден жүгін сатып,
Дызақтан ұн алады шеттен бергі.
Осының бәрі де шын, жалғаны жоқ,
Бекері бар ма ішінде – аңғар тым көп.
Талпынып, тіл байлаймын дегеніңмен
Тоқталып, сірә, қорқып қаларым жоқ.
Барасың үндемесем едірейіп,
Жігітсің түсі жұқа, салмағың жоқ.
Біздегі болыс-би мен байға келдің,
Бірі емес, бәрінен де пайда көрдің.
Селтеңдеп, семіздікті көтере алмай:
«Ішемін шекер салып шайға», – дедің.
«Арғымақ ат, түйеден нар болмаса,
Көңілім жоқ тайлақ пенен тайда», – дедің?
Қайырлы елің менен жерің болса,
Тентіреп, жалғыз өзің қайдан келдің?
Сырыңның көлі сасық, шөбі жасық,
Жарлылар жалаң аяқ түсі қашып,
Таң атса, өгізіне жүгін артып,
Далаға шұбырады асып-сасып.
Көк шөптен маса шығып күн батарда,
Зарланып дыбыс қылар заһар шашып.
Жыртығын киізінің шөппен қымтап,
Жан адам шыға алмайды есік ашып.
Тезектен ортасына түтін салып,
Жатады жер бауырлап, бетін басып.
Шабады жаздай тоған, күздей арық,
Шақырып, бірін-бірі іздеп алып.
Қастасса, бір-біріне нақақ жала
Жабады жіпке тізіп бәле-пасық.
Әлі бар мақтансаң да осы еліңде,
Көрерсің аман болса, күзге барып.
Өң түгіл, мұндай жұмыс түсте де жоқ,
Жұртыңды теңгересің бізге не қып?
Ісініп, сөз саласың таңдайыңа,
Болмаса, дауға қылған далбайың ба?
Ері арық, Сырдың семіз қатындары,
Соры көп еркегінің маңдайында.
Балыққа суда жүзген қармақ салып,
Үңіліп отырады жар бойында.
Жаулығы мен көйлегін күнде жуып,
Әйелі жуытпайды шаң бойына.
Еліңнің қылған ісін жаңылыпсың,
Ал, ағай, айта берем, ал ойыңа.