Жаудан қайтарылған түйе дауы
Төле би · 1 мин оқу
Жоңғарлармен ақтық айқасқа түскен кырық жігіт ауылға жеңіспен оралады. Екі-үш жыл қолында болған төрт түлік малды шұрқыратып айдап келеді. «Жаудан кайтқан мал олжа» деп халық малды бөлісіп алады. Ауылдың жалбыр шапаны, кен етікті, жалғыз есекті кедейі көп малдың ішінен өз түйесін тани кетеді. Бірақ түйені иемденген кісі оны кедейге бере қоймайды.
Кедей Төле биге келіп, түйесінің белгілерін айтады. Оған байлардың жүгін артып, Самарқандқа екі-үш барып қайтқанын да тілге тиек етеді. «Әр сапарымда есекке мініп жетелеп жүрген түйем еді» деп те калады. Би түйені иемденіп жүрген адамға түйені жетектеп кел дейді. Ол түйені тайраңдатып қуып келеді. «Неге жетелеп келмедің» – деген сұрақ қойылған кезде түйенің жетекке жүрмейтінін айтады. Осы уәжден кейін би кедейге – түйені сен жетегіңе алып көрші, – дейді.
Кедей есегіне мініп, түйе бұйдасын қолына алады. Сөйтіп ол жалғыз аяқ жолға түсісімен атан түйе артынан бүлкілдеп ере жөнеледі.
– Түйе осы жігіттікі, – дейді Төле би калың жұртқа қарап.