Шабындыққа таласқан екі жігітті татуластыруы
Төле би · 1 мин оқу
Іргелес отырған Жанту және Жантас аулының екі жігіті шабындыққа таласып қалады. Ақырында бірін-бірі көрмеуге серт берісіп, екеуі ат кекілін кеседі. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірақ екеуі татуласпай қояды. Әкелері мен аталарының ақыл-кеңесіне мойынсұнбайды. Осыны естіген би араздасқан жігіттерді шақыртады. Төленің үйіне екі жақтан келген екі жігіт аттарын бір қазыққа байлап үйге кіреді. Тізе бүгіп, биге қол беріседі: Би ләм-мим демей, екі жігітпен сыртқа шықса, екеуінің аттары бірін-бірі қасысып тұр дейді.
– Япырмай, мына екеуінің татуын қарашы? – дейді Төле қасынып тұрған аттарды көріп. – Кекілдері де келісті екен.
Бидің осы сөзінен екі жігіт қол алысып, татуласады.
– Жолдарың болсын! – дейді оларға Төле би.