Төле би мен Данагүл
Төле би · 3 мин оқу
Таздар мен Сүлгетай елінің арасында біраз жылдан бері бітімі созылып келе жатқан жесір дауын шешіп аулына қайтып келе жатқан Төле би қасындағылармен Бөген өзенінен өте бергенде анадай жерде келе жатқан бір топ қыз, келіншектерді байқайды. Жақындай бергенде әлгі кыз, келіншектер аттарынан түсіп, олардың алдын кесіп өтпей ізет қылып тұрып қалады. Төле би оларға жақындап барады:
– Бәрекелді, өркендерің өссін, қай ауылдың балаларысыздар?
Қыздардың біреуі:
– Досай аулынанбыз, – деп жауап береді.
– Алдақашан өтіп кететін едіңдер, аттарыңнан түсіп бізді неге тостыңдар, бір шаруаларың бар ма еді?
– Шаруамыз жоқ, ата, – дейді әлгі қыз, – үлкен кісілер айтушы еді, кісінің алдын кесіп өтпе, оларға ізет қылып сәлем бер – деп, сіздердің жастарыңыз үлкен, араларыңызда касиетті қариялар бар шығар, жолын кеспейік, аттан түсіп сәлем берейік деп, сіздерді сыйлап тұрғанымыз ғой.
Қыз жауабына риза болған Төле би, енді қыздың аты-жөнін білгісі келеді.
– Рахмет, қызым, көп жаса, кімнің қызысың, атың кім?
– Алакөздің қызымын, атым – Данагүл.
– Бәрекелде, қызым, өркенің өссін! Атың даналы болса, ақылың саналы болар түбі, – дейді де, Төле би жүріп кетеді. Былай шыққан соң оған ой келеді, қасындағыларға:
– Аттың басын қыз аулына бұрыңдар. Алакөз кандай адам екен, білейік. Сөйтеді де, бәрі Төрткүлдің жазық даласымен жүріп отырып, бір ауылға жетеді. Шеткері бір үйден Алакөздің үйі қайсы деп сұрайды. Ақ қалпақты жас жігіт:
– Алакөз жәкемнің үйі анау түрған қараша үй, – деп сілтеп жібереді. Төле би бәрі сол үйге барып аттан түседі. Момақан ғана Алакөз байдың жылқышысы екен. Топ аттылыны көргенде сасқалақтап, қалбалақтап қалады. Көршісінен бір қой қарыз алып сояды, алдына барын жайып күтіп алады. Сол заматта «Алакөздің үйіне бір топ аттылы кеп түсті. ішінде атақты Төле би бар» деген сөзді естіп қара батырдың жылқылы байы Алакөздің үйіне барып, Тәкеңе сөлем береді.
– Ау, биеке, менің сегіз қанат ақ үйім тұрғанда жылкышымның қара лашығына түскеніңіз калай? Мен сіздерді шақырып келіп тұрмын. Тай соямын, қымыз сапырамын. Алакөздің үйінде жағдайларыңыз болмайды, көне жүріңіздер? – дейді. Сонда Төле би:
– Байеке, әуре болмаңыз. Сіздей байлардың үйіне түсіп жүрміз ғой. Бір жолы Алакөз сияқты кедейлердің де үйін көріп қойғанымыз теріс болмас, – деп оған көнбепті.
Ет пісіп, кісілердің алдына табақ тартылыпты. Төле бидің алдына бас қойылыпты. Би «биссимилла» деп бастың құйқасынан дәм ауыз тиіпті де:
– Алакөз інім, балаң бар ма?
– Балам жоқ, Данагүл деген қызым бар.
– Сол қызыңды бері шақыршы?
Ошақ басында самаурын қайнатып, шешесіне қолқабыс тигізіп жүрген Данагүл үйге енеді. Төле би бастың құйқасын қасқалап кеседі де, бір кұлағын, тіліп, таңдайын алып қызға береді де, мынадай тілек айтады:
– Шырағым, құлақ бергенім – бас ием бол дегенім. Тіл мен таңдай бергенім – іштегі құпиямды айттырмай тауып, шешіп отыратын шешен бол дегенім, – депті.
Қыз:
– Рахмет, ата, тілегіңіз қабыл болсын, – деп, шығып кетеді. Бата беріледі, дастарқан жиылады. Енді Төле би Алакөзге қарап:
– Сенімен құда болғым келіп отыр, бұған қалай қарайсың? – дейді. Жаппарқұлда жан бар ма, бүкіл елді аузына каратып жүрген Төле бидей кісі солай деп қолқа салып отырған соң. Алакөз мақұлдап ризашылығын білдіреді. Көп үзамай-ақ екі жақ тойын жасап, Данагүл Төле биге келін боп түседі. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» демекші, Данагүл өзінің ақылды, әдептілігімен бір ғана би атасына емес, бүкіл ауылға жағады. Атасы билікпен, ел қамымен жүргенде, Данагүл ауыл адамдарын, өзінің құрбы-құрдас, абысын-ажындарына ақылшы, бас-көз боп жүреді.