Қасқакөл дауы
Төле би · 2 мин оқу
Төле би мен Әйтеке би Ормамбет биге Қасқа көл дауы жайлы хат жазады. Ормамбет екеуіне хатпен жауап қайырады. Халық жиналып бір олай, бір былай сөйлесіп, ақырында үй тігіп сөйлесуге келіседі: Қасқа көл жағасында жиырма үй тігіледі. Ормамбет келіп Төле мен Әйтекеге сәлемдеседі. Сонда Төле:
– Ей, Ормамбет! Мен әлі тірімін, өлгем жоқ. Бұдан бұрын неше сәлем айтсам да келген жоқсың, ер кетер, жер жетер. Ей, Ормамбет, сен бізден кіші боласың, сен ілгері барасың, біз кейін келеміз, сен жас едің, көңілдегіңді аларсың! – дейді.
Әйтеке де Төленің сөзін қостап:
– Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін. Бай болып пайдаң тимесе, батыр болып найзаң тимесе, жұрттан ала бөтен үйің күйсін, – деген. Бізге кейінгілер осыны айта ма деп қорқамын, – дейді. Сонда Ормамбет:
– Екі би, айтқан сөзің жарасады, еншіге әркімдер-ақ таласады, бұл Қасқа көл орта жүздің көлі еді, айтқандарың қиянатқа жанасады. Қанағатсыз билерді қабан деген, қамшылатқан жүйрікті шабан деген, біреудің ақысына зорлық қылса, акыретте мұндай істер жаман деген, – дейді.
Төле би айтады:
– Ей, Ормамбет, сен бізге Қасқа көлді бер. Қасқа көл рас саған жақынырақ. Бардан пайда, жоқтан задал деген, не берсе қайырын тілеп көріңіз. Үш жүздің ортасында Қасқа көл бар, әр жерде су ішетін басқа көл бар, үш бөліп енші қылып алысайық, жер жетер, көңіліңді ұстама тар.
Үшеуі олай сөйлесіп, былай сөйлесіп келісе алмайды. Ормамбет екі биге ырық бермеген соң, Төле қатты сөздер айтады. Дау бітпей, Ормамбет еліне қайтады. Үйіне келген соң даудың мән-жайын бастан-аяқ сөйлейді. Сонда Ормамбет бидің анасы:
– Балам, карт билерді бекер ренжіткен екенсің, әліде болса, тілімді алсаң, Қасқа көлді бөліп бер, – дейді. Анасы айтып қоймаған соң Ормамбет көнеді. Үй тігіп, тоғыз бие сойып, Төле мен Әйтекені шақырады. Сонда Төле би:
– Билер жақсы болса, білім иесі батыр даты, жаман болса сал бөкселі қатын даты. Әйел жақсы болса, елдің басшысы емес пе?! Бұрынғылар осылай демес пе? Қасқа көлді алам деп келіп едім, Ормамбет бермеген соң өліп едім. Жетпіс жасқа келгенде сөзім жерде калып, мәңгіде тірілмейтін өлік едім, жеңгей! Мені тірілттіңіз, енді балаңызға бата берейін, – дейді. Сөйтіп, билер Қасқа көлді ынтымақпен бөлісіп, ел ризаласып тарқапты.