«Арғымақ баптап не керек»
Төле би · 1 мин оқу
Қазығұрт тауының баурайында өткен ас-тойдан Түркістанға қайтып келе жатқан Төле би, Есейхан би бастаған бір топ игі жақсылар жолда Қарабас өзенінің бойындағы сазда бие байлап отырған Досай би аулына ат басын бұрады. Аталас, ағайын би, болыстар бірер күн қона жатып, ел жағдайынан біраз әңгіменің басын қайырады. Ел арасындағы кикілжің жанжал, кейбір бозбалалардың жағымсыз мінездерін есіткенде Төле би былайша термелепті:
Арғымақ баптап не керек,
Жабы қуып жеткен соң,
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
Бес күн жалған өтеді,
Ажал қуып жеткен соң.
Бір төбенің басына тыға салып кеткен соң.
«Сөйле, Төле» дейсіздер,
Жастар бар ма тыңдайтын?
Бұрынғыдай жұрт кайда,
Айтатын оны біз қайда?..
Сол жолы Төле би өзінің Тұрсынбай, Құттыбай дейтін батыр жігіттеріне қарап былай депті дейді:
– Асып тусаң Керей бол,
Үш қазаққа мерей бол.
Уақ болсаң Шоға бол,
Даулы істе жорға бол.
Арғын-Қыпшақ болсаң Алтай бол.
Найман-Қоңырат болсаң Матай бол,
Байұлы болсаң Адай бол,
Үйсін болсаң Ботбай бол,
Бұл алтауы болмасаң,
Қалай болсаң солай бол?