Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қашаған Күржіманұлы

XIX ғасыр ақындары · 2 мин оқу

Қашаған Күржіманұлы (1841–1929) — Маңғыстау мен Атырау өңірінде танылған қазақ ақыны, жыршы. Ол қазіргі Түрікменстанның Дашоғыз уәлаятындағы Мырзабасы ауылында туған. Тегі Кіші жүздегі Байұлы бірлестігінің Адай руы. Әкесінен ерте жетім қалып, он бес-он алты жасында ағасы Сәрсенбайдың отбасымен Атырау жаққа көшіп келді. Он алты-он жеті жасынан ақын ретінде танылды. Маңғыстау, Хорезм, Еділ, Жайық, Жем, Сағыз бойын аралап, Ақтан, Мұрат, Бала Ораз, Қоспақ, Құрманғазы, Нұрым, Өмір, Ығылман сияқты ақын-күйшілермен кездесті.

1917 жылға дейін Қашағанның өлеңдері халық арасында тек ауызша тарады. Ақын өз шығармаларында надан, дүмше молдалар мен сараң байларды сынады («Есқали сұпыға айтқаны», «Оразалыға»), адамгершілік пен ізгілікті насихаттады («Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны»). Елдік пен ерлік тақырыбы «Ізім шайырмен айтысы», «Ізбасқа айтқаны» туындыларында көрінеді. «Атамекен», «Топан», «Адай тегі», «Әзірет Ғали» атты дастандарында ел шежіресін, тарихын, сондай-ақ Атырау өңірін басқан табиғи апатты жырлады. Ол халық тарихын және дін-шариғат қағидаларын терең білген. Қашаған «Қырымның қырық батыры» деп аталатын жырлар топтамасын өмір бойы айтып, оны Мұрын, Шәдіман, Жанжігіт, Мұса сияқты жыршыларға үйретті.

Ақынның кейбір толғаулары алғаш 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Оның шығармаларын өз аузынан жазып алғандар — оның немере інілері — Көшен Өсербаев және Шәдіман Үсембаев, жинаушы Темірғали Күнтуғанов. Мұрасын жинап, Ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорына тапсыруда Сәттіғұл Жанғабылұлы есімді ақынның еңбегі ерекше болды. Қашаған І. Жансүгіровтің «Көбік шашқан» поэмасының кейіпкерлерінің бірі. Шығармалары «Ақберен» (1972), «Бес ғасыр жырлайды» (1984), «Қашаған Күржіманұлы: Топан» (1991), «Жыр-дария» (1995), «Қайыртпай кеткен Қашаған» (2011) жинақтарында басылды. Оның өмірі мен шығармашылығын А. Жұбанов, Қ. Сыдиықұлы, Х. Сүйіншәлиев зерттеген.

Қашаған Күржіманұлы 1929 жылы қайтыс болып, Маңғыстау облысындағы Құлат ауылы маңындағы Қырықкезде жерленді. 1991 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы Маңғыстауда кең көлемде тойланды, бейітінің басына кесене тұрғызылды. 2009 жылы Ақтау қаласында оның мүсіні орнатылды. Каспий теңізінің солтүстігінен табылған ірі мұнай-газ кен орны ақынның құрметіне Қашаған деп аталды.

XIX ғасыр ақындары

Барлығы: 15 тұлға

Тағы оқыңыз