Ыбырайдың термесі
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 33 жол
Ыбырай ақын сөйлесін,
Қайғысыз-мұңсыз жан болмас,
Ай жарығы таң болмас,
Қарасу жайнап көл болмас,
Айыр өркеш нар болмас.
Ата-ана сөзі балаға,
Қанша ұрысса да ар болмас.
Түрі бірдей болса да,
Желең мен шапан пар болмас.
Көлденең тапқан жолдасың,
Жанын қияр жар болмас.
Боз қырау қалың қар болмас,
Тəтті желке жал болмас.
Қара нар жатып қартайса,
Күні өткен сөз пұл болмас.
Біткен істе мін болса,
Күлбадам ұста дым болмас.
Жаман мен жақсы бір болмас,
Жақсы құста сын болмас.
Тəтті желке жал болмас,
Өзіңнен тумай ұл болмас.
Аспанда құс боп ұшса да,
Дүние, малсыз күн болмас.
Адал жолдан адасқан
Ұрының сөзі шын болмас.
Бірлік қонған ауылда,
Шуылдаған үн болмас.
Адал жолдан адасқан,
Ұрының сөзі шын болмас.
Ақын Ыбырай атандым,
65 жасқа таяндым,
Басқармаға келгенде,
Үндемей кету жөн болмас.