Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аңшының әні

Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 60 жол

Бір қызық ит жүгіртіп, аң ауласа,
Мінген ат шабуылмен танауласа.
Кигенің іші қызыл орман түлкі,
Құлпыртып жез сабаумен сабауласа.

Болғанда биең жарау, атың қату,
Жігітке ылайық па қарап жату,
Серілік, жастықта ерлік бойға қонып,
Аңшылық бір қызық іс дуылдату.

Қызыл жел көңіліңді қыздырмалап,
Тұрмай ма тағатыңды бұздырмалап.
Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы
Үшеуі ер жігітке құйрық, қанат.

Тақтай бет, салыңқы төс, қамыс құлақ,
Бөп-бөлек ойынды еті жатса құлап.
Қимастай бір досыңнан сұрап алып,
Кежімдеп кереуетте жатсаң сұлап.

Бүркітің сонда тұрса саңқ-саңқ етіп,
Күтіліп саятшымен бабы жетіп.
Қанды көз, қайқы тұмсық қарауытып,
Ұмтылып көрінгенге тап-тап етіп.

Қарғылы тұрса тазың, құмай анық,
Керіліп бір сілкінсе бұраң қағып.
Таңертең аңға шығар мезгілінде,
Еркелеп келсе жетіп сылаң қағып.

Сол күні келе қалса аң құмарың,
Көңілің соғып тұрса, ынтызарың.
Бүгілтіп жылқыдағы жарау атты,
Əкелсең төгілдіріп жібек жалын.

Серік боп аңға шықса құсты біреу,
Еріне алтын балдақ қылып тіреу.
Жігіттің бес күн жарым ғұмырында,
Уа, шіркін, қиял жеткен бұл бір тілеу.

Таулардан қашса түлкі бұлдыр қағып,
Соңынан қуса тазы сылдыр қағып.
Кейінгі дабылшының айқайымен
Қайқақтап қыран ұшса бұлтты жарып.

Алғанда бірі бастан, бірі таңнан,
Құтылмас қашқан түлкі құс қыраннан.
Жігіттер, бес күн жарым өміріңде
Мұншама қызық өтпес бұл жалғаннан.

Сол күні түлкі қуып, тауды айналып,
Қарайып, күн кеш болса көз байланып.
Түлкіні қанжығаға байлап алсаң,
Қонуға қызды ауылға ыңғайланып.

Желіккен сол көңілмен қайтқанда елге,
Мінген ат қырауыртып батса терге.
Өлеңші домбырашың қасыңда боп,
Кез болсақ қоналқаға, бұраң белге.

Самауыр ақ шəйнекпен тұрса қайнап,
Отырса бір сұлу қыз көзі жайнап.
Сол күні қыз əкесі үйде жоқ боп,
Отырсақ əзілдесіп күліп, ойнап.

Шешесі желөкпелеу жастау келсе,
Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе.
Бір жігіт жакуімен түлкі сойып,
Əзілмен қалжың сөзін бастай берсе.

Сол жігіт бастай берсе əзіл сөзін,
Толқысаң төртеу болып екі көзің.
Тиісер қиыстырып сөз таба алмай,
Ұнатып қыз отырса істің тезін.

Үкілі Ыбырай өлеңдері

Барлық 62 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері