Жазғытұрым
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 84 жол
Наурыз келді, қар кетті,
Кеңшілік келді, тар кетті.
Қара жерге жайылып,
Бетіменен мал кетті.
Сұрша бұлтты жамылып,
Көкше мұзды тебініп,
Талма-қазан зарыққан,
Жылқышы баққан таң кетті.
Байларға қосқан аз малын,
Өзді-өзіне меңгертті.
Балалар, бақ малынды,
Ұмытпа адал еңбекті.
Қалың бұлтты қақ жарып,
Күн көрсетті шуақты,
Алты ай жатқан ақ күртік,
Қимады жатқан тұрақты.
Сол жақтан шыққан суық жел,
Ақ күртіктің арасын
Дем салғандай үшкіріп,
Үңгірлеп ішін құлатты.
Шын келгенін білген соң,
Денесіне суық жел
Ызғарланып кірген соң,
Қар да бекіп тұрмапты.
Жердің жүзі саз болып,
Сазы жоқ жер аз болып,
Сай-сайдан жылжып су ақты
Жол-жолын тауып бұрмаштап,
Биіктен ақса құлаштап,
Демін алып кідірмей,
Көзі ілініп мүдірмей
Қаншама күндер түн қатты.
Тіке тартып кете алмай,
Жалпақ жерде ылбырап,
Биіктен ақса сылдырап,
Терең жерде тұнжырап,
Тұрымтайдай құлдырап,
Ақылға салсаң, халайық,
Жалтаң-жұлтаң бұлт еткен,
Көрсеткен аз күн бұлғақты.
Бастап жүрген басшы жоқ,
Бұраңдап жүріп бұлтыңдап,
Құятын барып жөн тапты.
Кұстар келді шуылдап,
Қанаттары зуылдап,
Білгенімше айтайын
Бас-басына буындап.
Көк мойын «Таған» құс алды,
Көрдік міне нысанды,
Жалаңаш жалпы шуылдап,
Бала-шаға қотанда
Алты ай қыс көрген қысанды,
Жасыл шұбар жүні бар,
Бұлбұлдайын үні бар,
Қара торғай деген құс,
Оның да атын біліп ал.
Қоңыр қаз келді қаңқылдап,
Қауырсыны жалпылдап,
Сұқсыр мен көгал жаңа да,
Көгалдың даусы барқырап,
Көл қорыған қызғыш құс,
Бауыр жүні жалтылдап.
Жер жүзі тойды ыңқылдап,
Буланып беті дымқылдап
Ителгі келді сыбанып,
Сұлу қаздай назданып,
Көмейден даусы сыңқылдап.
Сегіз найза қолыңда,
Тұяқтың ұшы жылтылдап.
Екі көзі мөлдіреп,
Шабыттанып сымпылдап.
Ызғарын төгіп суық жүз,
Аузынан жалын бұрқылдап.
Жұмыртқа іздеп балалар,
Өзекті, шілік көлдерді,
Ізденіп жүріп аралар.
Балалықпен байқамай,
Аяғын шөгір жаралар.
Бұдан басқа мың түрлі
Ғажаптары жəне бар.
Ойлап тұрсаң бұл кезді,
Қиялға қиял жамалар,
Құбылысты мың түрлі
Қай ақын түгел шамалар.