Шалқыма
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 16 жол
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Қорғасындай денеңді балқытайын.
Біржаннан алып қалған əнім еді,
Азырақ “Шалқымамды” шалқытайын.
Салайын “Шалқымамды” ырғақтатып,
Үкілі домбырамды бұлғақтатып.
Шығарған əнім еді Көкшетауда,
Оңаша Торшолақпен келе жатып.
Өлеңмен болдым таныс ой мен қырға,
Құлақ салып, халайық, əнімді тыңда.
Біреуге айдай алмас малды беріп,
Мол қылған əн-өлеңмен мені жырға.
Өлеңмен талай жерді тегістедім,
Қадір білмес адаммен келіспедім.
Атығай, Қарауыл мен Керей, Уақ,
Сен алма, мен бір тауық, жеміс тердім.