«Би баласы мақтанса...»
Нұрым Шыршығұлұлы · 26 жол
Би баласы мақтанса,
Парадан шапан кидім дер.
Бай баласы мақтанса,
Жылқыдан жорға міндім дер.
Палуан жігіт мақтанса,
Өзінен зорға жолығар.
Шешен жігіт мақтанса,
Алқалаған шаршыда
Алаңдатар бір ділмар.
Шалқар теңіз мақтанса,
Астынан тартар құрдым бар.
Бай баласы мақтанса,
Жиюлы жатқан қоры бар.
Жарлы жігіт мақтанса,
Маңдайының соры бар.
Қызыл түлкі мақтанса,
Жеті атасы аң алған
Құба арланға жолығар.
Сыбыр-сыбыр сырғалар,
Сырласқаның бұ қалар.
Сырлы аяқтан ас ішкен
Құрбы-құрдас бұ қалар.
Ат арыса - бір тулақ,
Ажары сынып, зат қалған.
Өзекті жанға – бір өлім,
Гулей бастан аттанған.