Біржан мен Сараның айтысы (6-бөлім)
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 80 жол
Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан.
Кемітер қай жеріңді дұшпан шіркін,
Адамзат озар емес бір басыңнан.
Жіберме Жиенқұлға шақыруды,
Өнерсіз үйде білер аһ ұруды,
Қайнайды зығырданым көргеннен соң,
Алдырма бекер мұнда кәпіріңді.
Білесің, Арғын – Найман тегіс затын,
Алашқа шығып еді Біржан атым.
Кісіге сен сықылды малын шашпай,
Қазақ та қылады екен итті қатын.
Дұшпаның жамандайды не деп сені,
Белгіге жарар саған берсем нені,
Бір басты адам болмас, сен өнерлі,
Айбатың әлемге аян ай бедерлі.
Садаға тырнағыңнан кетсін, Сара,
Сан жүйрік көріп едім мен не дүрді,
Сонда Біржан сөз айтты біздің жаққа,
Ұмытпан, Сара, сені әр уақытта,
Қайырған сөзбен жетіп есіл шіркін,
Көрермін қайта айналып қайсы уақытта?
Есімбек боққа сатпа асылыңды,
Сыйлай көр, қыз да болса, нәсіліңді,
Ұқбасаң, Арғын жоқты айтты дерсің,
Есеке-ау, құлағыңа ал осынымды.
Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа,
Өлеңге жан көрмедім мұнан ұста.
Аты ұрғашы демесең қарындасың,
Адамның артығы екен осы тұста.
Шынымен бапты күнде дұға салса,
Ілеспес ақын түгіл ұшқан құс та.
Обал тұрған орнында жауап та бар,
Жиенқұл тең емес қой бұл байғұсқа.
Закунде зорлық болмас жанды адамға,
Жақсыны қор қып болмас бір наданға,
Және де аят пенен хадис те бар,
Жылатып берме деген еш адамға.
Хажы барған «Қаптағайдың» арыстаны,
Жалғыз сіз осы күнде данышпаны,
Өзіңе құдай беріп тұрған кезде,
Дұшпанның топ етеді алысқаны.
Көрмеп пе Сарадай қыз теңін тапса,
Ішінен өнер қысар аузын ашса.
Қор болып Жиенқұлға жібергенше,
Қытайша он есе артық басын шапса,
Тұрысбек, Есімбектен, сау тұр Маман,
Таянды қайтар уақытым енді маған.
Айналып ендігі жыл бір келермін,
Тысқары топырақтан болсам аман.
Сараны Жиенқұлға бере көрме,
Қызы түгіл ер құнына келер шамаң.
Бар болса сүйегіңде ойларсыңдар,
«Өлі тілін тірі алмас» деген заман.
Байлаулы бала құстай Сара сорлы,
Жоқ екен осы күнде мұнан жаман.
Алқисса, Сараның күйеуінен ұялып, Біржанға көрсе
те алмай, Жиенқұлды, жамиғы Найман тоқтады, қыз әм
тоқтадым – деді. Намыс жақсыларым Жиенқұлдан айы
рар ма деп, болмаса айтар сөзім басқа еді,– деді.
Енді Сараның өзінің айтқан сөзі:
Сал Біржан, жүріп кетті амандасып,
Екі күн арпалыстым табандасып.
Шіркінге қимағаннан жорға бердім,
Басында сөйлессем де жамандасып.
«Хош, Біржан, сау бол,– дедім сағым – керім,
Арда күрең жігітсің әлім-берім.
Қашан өзің өлгенше есіл көзел,
Күнде той, күнде жиын жүрген жерің.
Жүре бер, ақын Біржан, бізді сұрай,
Тысқары топырақтан қылса құдай,
Аптығып Арғынсынып сандырама,
Көзіңе қыз көрінсе мұнан былай.
Жолықтым атағыңа құмар едім,
Болмаса келместей ғып сығар едім.
Сыйладым сағың жерде қалмасын деп,
Аттатпай адымыңды қияр едім.
Боп қалды бір көргенім көз таныстай,
Сен-дағы жол бермедің, бір қалыспай.
Есекем керек болса бере қалмас,
Кісідей қарапайым бір салыспай».