Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Біржан мен Сараның айтысы (5-бөлім)

Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 159 жол

Сонда Біржанның айтқан жауабы:
Жарайды, жаным, Сара, осы сөзің,
Тас түлек тұрымтайдай екі көзің,
Сөз айтар қандай адам деген кезде,
Алдымнан құдай айдап келді кезің.
Бір асқанға, бір тосқан бар-ақ деген,
Талайдың қисық деуші ем құрған тезін.
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың,
Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін.

Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның,
Жапалақ иемденер басқан ізін.
Қор болдың бір қортыққа, Сара қалқам,
Армансыз қылар кімнің үйі-түзін.
Дені сау адам емес Тастанбегің,
Жүр екен тастай алмай о да қызын.
Біліп ем, Сара, сенің сыңарыңды,
Баса алмай армандамын құмарымды,
Ақ үйден айғай салып шыққан кезде-ақ,
Білгенмін сөзге қайрат қыларыңды.
Сұмдықпен бит ішіне қан құясың,
Білмейсің неден зар боп жыларыңды
Майысқан сегіз қырлы жүйрік-ақсың,
Қай жерден болжамайсың тынарыңды.
Шақыртып күйеуіңді осында алдырт,
Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды.
Тез алдырт күйеуіңді, Сара саңлақ,
Көрейін еркегіңді тиген таңдап,
Ырас жаны ашыса Тұрысбектің
Белгісі білінеді келсе сонда-ақ.
Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,
Өнері өзің теңдес сегіз қырлы,
Шеберден мін алатын мініскермін,
Ер шығар тоты құстай неше түрлі.
«Жақсыны көрмек үшін» деген, Сара,
Өзің түгіл ел қамын жеген, Сара,
Мырзаңды ит Жиенқұл шапшаң шақырт,
Ұялып бөгелесің неге, Сара?

Хажеке-ау, мынау қалай ақырады,

Жиенқұл тез келсін деп шақырады.
Көруге асылыңды әпкеліңдер,
Аулыңда ол келгенше отырады.
Арғынға жол бермеген есіл тілім,
Күн өтпей, қор боп ұшқан қызыл гүлім,
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем,
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың
Ақыры қайғы болды енді мұным.
Алтайдың сандағымен сөйлесем де
Жоқ екен жүйрік иттей өлсем құным,
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім,
Өздерің Жиенқұлды көріп едің,
Құдайдан қорықпай шыдап беріп едің,
Отырған «Найман шалдың» аруағына,
Бәріңе қыз да болсам серік едім.
Біржанға көрсетіңдер Жиенқұлды,
Бар жұртқа оның сыры аян болды,
Ұяттан кісі өлмейді, сағы сынар,
Қайтейін құдай қосып ием болды.
Итіңді келмесе де келтір байлап,
Өлмесін зығырданым күнде қайнап,
Ағалар нәсіліңе дұрыс болса,
Құдайға тапсырамын «Қаптағайлап»,
Хажеке-ау, көріп келдің хақтың үйін,
Мен түгіл ботаңа да зорлық қиын.
Жиенқұл ерім болып тұрар ма екен,
Күнінде таңда – махшар болса жиын.
Көзімді аш, көңілімді ала қылмай,
Кетсең де өкпеледім бала қылмай,

Сыртынан өлеңменен шақырайын,
Біржанға өзімді-өзім таба қылмай.
Сәлем де Жиенқұлға, келсін жатпай,
Келуге шошынады неден батпай,
Әркімнің қолда бары өзіне алтын,
Біржанға бір тырнағын тұрмын сатпай.
Көрінсін Біржан салға ай сықылды,
Ақ құйрық көңіл ашар шай сықылды.
Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,
Арғынға баламаймын тай сықылды.
Тез келіп амандассын Біржан салға,
Көрінсін айбаттанып Арғын шалға,
«Әркім теке қояды өз ылағын»,
Әйтеуір мені сатып алды малға.
Бермесін дұшпаныма намысымды,
Біледі, Арғын – Найман дабысымды,
Бар болса шыбын жаны, шапшаң жетсін,
Ел таныр арғымақтай шабысымды.
Қылмасын дос Жиекем сөзге сынық,
Шарбаттай ағып жатқан сөзім тұнық,
Қамалдан тартынбайтын қайран басым,
Көлге кеп қойып кетсін көзді жұмып,
Асылым құдай берген өз бағыма,
Теңелмес жеті Біржан тырнағына,
Найманда ұлы дария саяткерім,
Балық боп ілінгенмін қармағына.
Бағының зор екенін көрсін Арғын,
Сықылды салтанатым батыр Тарғын.
Көрмеп пе Біржан ондай болам десе,
Сескенбей шапшаң жетсін біздің балғын.
Бесіннен қалмай жетсін жаны болса,

Бөгелмей жете көрсін әлі болса,
Елден қайыр сұраған кедей Біржан,
Алмай ма, мендей қызды малы болса.
Көрінсін саясатпен менің серім,
Сол еді құдай қосқан барар жерім,
Кедейге қонақасы тай әкелсін,
Талабы Тәттімбеттей асыл серім.

Сонда Біржан сөйлейді:
Көрейін, кісі жібер, күйеуіңе,
Көнбейді жаман болса сүйенуге,
Күйеуің қандай екен, көзім көрсін,
Адамның таласасың біреуіне.
Жасырмай көрсет көзге келтіріп-ақ,
Сөзбенен жүдеттің ғой өлтіріп-ақ,
Ұялмай осы топқа көріне ме?
Өнерсіз жігері жоқ жетпегір-ақ.

Сараның айтқан сөзі:
Хажеке-ау, кісі жібер балаңызға,
Әзәзіл болды Біржан арамызға,
Сыртынан мақтасам да керек болды,
Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба?
Өзіңнің құла жорғаң барсын оған,
Жиекем «Бижан» ерін салсын оған.
Біржанды бір қаққаннан қалдырмас ем,
Құдайым мені жар ғып қосты соған.
Хажеке-ау, алдыртыңыз қонақ кетпей,
Біржан тұр көремін деп сөзге бітпей,
Ажал да кісі таңдап алады екен,
Сол итті, неге қойған алып кетпей.

Қонжиып мінер құла жорға барса,
Келе алмас сол шіркінің қорғаласа,
Рас, бізді масқара қылар сонда,
Қорс етіп бармаймын деп үйде қалса.
Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ,
Ер бияз елсіз тауға шыққандай-ақ.
Жиенқұл күжірейіп келер ме екен,
Он мата арқасына тыққандай-ақ.
Бар еді ұлы-қызың, хажы аға,
Қалдым ғой Біржан деген беймазаға,
Өзіңнің болып тұрған заманыңда,
Дені сау кез болмадым бір тазаға.
Арғынды бір дөңгелек деп едіңіз,
Мен түгіл Найман қамын жеп едіңіз.
Меке мен зиярат қылып Байтулланы,
Бақытыма аман-есен кеп едіңіз.
Көрмейсіз неге менің көз жасымды...
Сол жерде Біржан тоқтап, сөз басылды.
Жиылған «Қаптағайдың» жақсылары,
Басқаға айырып бер өз басымды.
Алдырып не қылады оны Біржан,
Көруге ынтық емес соны Біржан,
Арғыннан асып кеткен бай болмайды,
Жеткенмен Жиенқұлға қолы Біржан.

Сонда Біржанның айтқаны:
Шырағым, Сара, сендей тумас бала,
Шежіре туармысың мұндай дана.
Обалың Есімбек пен Түрысбекке,
Жігітің жөндеу екен, ей бишара.
Ел-жұртың қорықса керек көз жасыңнан,

Біржан сал Қожағұлұлы өлеңдері

Барлық 83 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері